• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Маусым, 2021

«Ұлық Ұлыс» залы ашылды

401 рет
көрсетілді

Тарихтың тереңіне үңілген сайын әрбір тас бетінде қалған таңбалар егемендіктің қандай ұлы ұғым екенін айшықтайды. Осынау ұлан-байтақ жерді аманаттап кеткен бабаларымыз соғысып қана қоймай, мәдениетімізді де биік мінбеге көтеріп кетті. Осы ретте Ұлттық музейде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Ұлық Ұлыс» залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

«Ел Президенті Қ.Тоқаев­тың арнайы Жарлығымен Алтын Орданың мерейтойын барша дү­йім жұрт болып атап өттік. Біз та­рихымызды, мәдениетімізді дә­ріп­теуде Алтын Ор­даның негізін қалаған Жошы ханның саяси қайраткер ретін­де­гі мемлекеттік идеологиясының маңызды тарихи өзектілігін ұмытпауымыз керек. Бүгінде Ұлық Ұлыс жерінің басым бөлігі қазіргі Қазақстан аумағына мирасқа қалды. Ұлттық музей қызметкерлерімен бірге қасиетті Ұлытау өңіріне барып, үлкен ғылыми еңбектерді да­йындап, назарларыңызға ұсынып отырмыз», деді Ұлттық музей директоры А.Мұхамедиұлы.

Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбайұлы музейдегі экспозициялар, осындай тарихи залдардың ашылуы жас ұрпақты патриоттық және Отанға деген сүйіспеншілік рухта тәрбиелеудегі орасан зор рөліне тоқталды.

«Қазақтың ұлы ақыны М.Жұ­ма­баев «Көп түрік енші алысып тарасқанда, қазақта қараша­­ңы­рақ қалған жоқ па?» – деп, ер тү­­ріктің бір мұрагері ре­тін­де қа­­зақты санайды. Алтын Орда – қа­зіргі бүкіл Орталық Азия мемле­кет­­терінің қарашаңырағы», деді Ө.Озғанбайұлы.

Сондай-ақ Парламент Мәжі­лісінің депутаты, Берік Әбді­ға­лиұлы «Ұлық Ұлыс» залы Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ал­­тын Орданың 750 жыл­дық ме­рей­­тойын атап өту бастамасымен ашылғанын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қ.То­қаев­тың Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту бастамасымен осы залдың ашылуы өтіп жатыр. Қазақстанның ортағасырлық тарихында Алтын Орда (Жошы Ұлысы, Ұлық Ұлыс) тарихы ма­ңызды орын алды. «Ұлық Ұлыс» (Ал­тын Орда) тарихы ұлттық та­ри­хымызбен тікелей байланысты. Қазақ хандары Алтын Орда деп аталған Еуразиялық держава­­ны құрған Жошы ханның тікелей ұрпақтары саналады. Бүгінгі «Ұлық Ұлыс» залының ашылуы құтты болсын. Әрі қарай да ғылыми еңбектерді жалғастырып, төл тарихымызды ұлықтай бере­йік», деді Б.Әбдіғалиұлы.

Ашылу салтанатынан кейін жиналған қауымға зал бойынша экскурсия жүргізілді. Залдың экспозициясында мемлекеттің қалыптасуы, өркендеп дамуы, сая­си тарихы көрсетіліп, шетел мұрағаттарынан табылған хан­дардың ресми жазбаларының көшірмелері, мемлекеттің рәмізі болып табылатын «Ұлық Ұлыс» туының қайта жаңғыртылған нұсқасы (Еуропалық теңіз карта­ларындағы мәліметтерге сүйеніп) көрмеге қойылды.

Сонымен бірге «Ұлық Ұлыс» хандарының елшілерге, саудагер-көпестерге берген негізгі сенім құжаттары болып табылған пай­зылардың көшірмесі, Жошы ұр­пақтарының шежіресі (Сол қа­нат) қалың көрермен назарына ұсынылды.

Атап айтсақ, Ұлттық музей қо­рынан Ұлық Ұлыс кезеңінің мәдениетін, тұрмыс-тіршілігімен таныстыратын алтынордалық қалалардан табылған архео­ло­гиялық артефактілер, нумизма­ти­калық топтамалар, діни-мінә­жаттық ғимарат макеті және т.б. жәдігерлер қойылған.

«Ұлық Ұлыс» залы бойынша жүргізілген экскурсия көрермен көңілінен шығып, көпшілік құнды деректермен таныса алды.

Айта кетейік, «Ұлық Ұлыс» залы Алтын Орда мемлекеті мен Қазақ хандығының тіке­лей сабақ­тастығын көрсету, мем­лекеттердің өзара байланысы мен тарихын насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылды.