• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2010

ШЕН МЕН ШЕКПЕН НЕМЕСЕ АТАҚТЫ АРДАН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАҒАНДАР НЕ ДЕЙДІ ДЕГЕНГЕ КЕЛСЕК

1244 рет
көрсетілді

Осы бір жәйтті қағаз бетіне тү­сірмес бұрын көп ойландым. Екі ой­лылық мені біразға дейін маза­лап жүрді. Олай болатынының да өз себебі бар. Шындықты айтсаң, ол кәдімгі ащы болып шығады. Бұл ащылықтың дәмін, шыны керек, қасыңдағы таныс адамдарың қатты сезінуі мүмкін. Оқиғаның негізгі желісі солармен тікелей байланысты болғандықтан, кейде таяқтың бір ұшы соларға барып тиеді-ау деп ойлайсың. Тағы бір жағынан досың болмаса да, танысың болғаны үшін солардың істеген қылықтарына қарап ұяласың. Сонымен, қоғамдағы осындай келеңсіз жәйттерді жұртшылыққа жылтырағанның бәрі алтын емес қағидаты ретінде тағы да бір рет ескерте кетейін деген мақсатпен, қолыма қалам алдым... 2010 жылды батыстың күнтізбесі бойынша қарсы алғанымызға көп бола қоймаған уақыт еді. Жыл сайынғы осындай кезде, жаңа жыл өте салы­сымен бір дос қызымның туған күнін тойлау кә­дім­­гі дәстүрге айналған болатын. Оның туған күні қаңтардың 5-і. Міне, жыл сайынғы осы дәстүр құрбымның тағы да дастарқан жаюына түрткі болды. Енді қысқаша құрбым туралы айта кетейін. Доспыз дегенімізбен, екеуміз құрдас емеспіз. Ол менен төрт жас үлкен, кезінде бір аулада ойнап, бірге өскен болатынбыз. Таныстығымыз содан бас­талған. Кейін, ол оқуға кетіп, оны тәмамдағаннан кейін Астанаға қайтып оралып, өз кәсібі бойынша жұмысқа орналасты.  Біздің үйіміз басқа жаққа көшіп, бір-бірімізді біраз уақыт жоғалтып та алған едік. Алайда, көп ұзамай ХХІ ғасырдағы жаңа ақпараттық байланыс құралы – Интернет арқылы бір-бірімізді қайтадан тауып алған болатынбыз. Мінеки, сол бұрынғы достығымыздың қайта жал­ғас­қанына үш жылдың жүзі болып қалды. Осы жерде айта кететін бір жәйт, құрбым нәзік жанды болғанына қарамастан, әскери оқуға түскен еді. Содан бүгінде осы салада жұмыс атқарады, яғни ішкі істер қызметкері. Сөйтіп, туған күннің дайындығы басталды. Қайда, қалай өткіземін деген сұрақтың да шешімі табылды. Бағасы онша қымбат болмаса да, ауаны жақсы бір дәмханада өткізетін болды. Дос-жаран, құрбы-құрдас, қызметтестері дегендердің бәрі болмаса да көпшілігі туған күніне шақырылды. Қа­телеспесем, бас-аяғы оншақты адам. Туған күнге шақырылғандардың бәрі толық келді-ау дегенді білдірген болар, туған күн иесі дастарқанға жақын­дау керектігін ымдап білдірді. Сөйтіп, үстел басын­да танымайтын жастар бір-бірімен танысты, біл­мей­тіндер білісті. Қарап отырсам, дос дегеннің көбі­сі өзінің әріптестері, қызметтестері екен. Ең жақын құрбысы– мен, тағы екі нәзік жанды әріптесінен басқасының бәрі ер азаматтар болды. Осылайша сіз-біз дегендей таныс-білістік, ырду-дырду күлкі, “жүрекжарды” құттықтаулар дастарқан басын айналып шықты. Жастардың басқосуы деген қызық қой. Дастар­қанға жайғасып, біраз ғана уақыт өткеннен кейін ирелеңдеп билеуге асығады. Үстел басында жалғыз мен қалдым. Сол күні аздап мазасызданғандықтан болар, ондай көңіл көтеруге зауқым соқпады. Құр­бымның көңілін аулап, қазір сәл ғана отырамын да, үйге қайтамын деп ойлап отырған болатынмын. Музыка бірінен кейін бірі қойыла берді. Билеген жастардың да өз үстелдеріне қайтатын түрлері жоқ. Буын-буындары қатайыңқырап қалған, аз қимыл­даса ентігіп шыға келетін, жай күндері спортпен мүлдем шұғылданбайтын кейбіреулер жантайып үстелді жағалата өз орындарына жайғасып отыра бастады. Тап бір отырған жұрт өз әңгімелерін еш қиналмастан бастасын дегендей, “Танцеполды” өз билігіне алып отырған DJ аталып кеткен, музы­ка әуендерін ауыстыратын жас жігіт те осы кезде ыр­бың-жырбың ететін әуенді емес, құлаққа жаңағы­лардан әлдеқайда жағымды, әуен жылдам­дығы ақырындау бір музыканы қойды. Ырғағы бәсеңдеу әуен қойылған сәтте адамдар да бір-бірімен қолтықтасып, вальс билеуге кірісті. Ал үстел басында отырған жұрттар болса, өзектерін өртеп жүрген қызу әңгіменің басын қылтитудың амалына көшті. Осы сәтте, баға­надан бері терлеп-тепшіп келген құрбымның екі қызметкер әріптесі шаршаған болу керек, өз орында­рына жайғасты. Дастарқан басына қойылған “жүз грамды” сылқитты да ыржалаң-ыржалаң еткен екі жігіт бір-бірін құшақтап, көптен бері айта алмай жүрген әңгімелерін ортаға салды. Ішіп алған адам  жетістіріп не айтар дейсің деп басында мән бере қоймап едім. Алайда, ауыздары­нан шыққан сөздер шынымен де жайбарақат отыр­ған адамды елең ете түсіріп жатса, онда әңгіменің негізгі өзегі сені тыңдаушы ретінде қызықтырған­дығының белгісі. Сол дастарқанға қызметтік киімдерімен келмегендіктен, олардың әскери шендерін білмедім. Сұрайын деп едім, тағы ыңғайсыздандым. Енді әлгі екі жас полиция жігіттің әңгімесінен үзінді келтірейін: “Бауырым, мына заман не болып кетті. Біздің қолымыздан шынымен де ешнәрсе келмей ме сон­да. Мына аты бар да заты жоқ, үстінде ешбір керемет дейтін шені жоқ киімді күніге сегіз сағат бойы сүйрелеуден шаршадым. Күніге жұмыста құрдай жорғалайсың. Ешкім сенімен санаспайды. Осы құрғыр шенімді амалдап бір сатыға жоғары­латсам арманым болмас еді. Кезінде әлгі көкеміз­дің арқасында осы жұмысқа ілініп едік. Енді бірдеңе қылып “еңбекті ақтауымыз” керек қой. Қа­зір шенің болмаса, қыздар да қарамайтын  болды. Өмір өзі не болып кетті? Менің әскери шенімнің жоғарылауына сен, бауырым ретінде, бір көмегіңді жаса. Кейін сәті түсіп жатса саған мен көмектесейін. Қалай?” Екіншісінің не деп жауап қайтаратынын күт­тім. Көп ұзамай екінші жігіт бір қарқылдап күліп алды да, былай деді: “Иә, Мәкежан! Күнкөріс шынымен де қиындап кетті. Сиырдың басына туған күн бұзаудың да басына келеді дегендей, мен де сол жоғарылаудың қамын ойлап жүрмін. Әскери шенді сатып алуға болса, болатын шығар. Бірақ оған да көк қағазың төгіліп тұру керек. Оның болмаса, қызметтік өрлеу жолын арманда­май-ақ қойған абзал. Ақшаң болмаса, онда шы­найы еңбекпен көзге түсе білу керек. Бір-екі қыл­мыстың басын ашып, кінәлілерді өз қолыңызбен ұстап берсеңіз, шеніңіз де өрлейді, жала­қыңыз да көбейе түсер еді”, – деп жылмың қағып, бір көзін сығырайтты. “Қазіргі заманда не көп, қылмыскер көп, деп жалғады ол сөзін. Бір-бірін тонап жатқан алаяқтар көп. Бірақ, заманына қарай адамы демекші, ол бәлелерің де қуласып кетті қазір. Бір нәрсені бүлдірсе, заманауи техниканың көмегімен, таныс-білістің көмегімен зым-зия жоқ болып кетеді. Іздерін жасырып үлгерген ондай­ларды тауып көр, кәні. Мәселенің бәрі осында жатыр емес пе! Бауырым, бүгінгі заманда бәрін қолдан жасап жүр. Қолдан жасалмаған ешнәрсе қалмады. Әуелі Құдайдың беретін баласын да бөтелкеден шығарып жатыр. Оған қарағанда біздікі сіңбіріп-түкіре салатын оңай шаруа. Сенімен бір нәрсені кеңесейін деп едім. “Т” атты ауылдың жігітін сен біледі деп естідім. Сол секілді жігіттердің басын қос та, жинап бір спектакль ұйымдастыр. Қалада не көп. Бала-шағасы жоқ, ешбір қорғаны жоқ кемпір мен шал көп. Солардың біреуін пайдаланайық та мен шенімді көтеріп алайын. Кәнеки, сен мені жақсылап тыңда. Егер осылай істесек, саған да, маған да жақсы. Жігіттерді жинап бір зейнеткердің үйіне басып кіріп, сол үйді тонаңдар. Ал сен маған қай жерде, қашан, қалай екендігін алдын ала ескертіп қой, жасырын дабыл қақ. Ал мен болсам, сол дабылды қабылдайын да мына жақтағы өзімнің полицейлеріммен үстерінен түсіп, қолға алайын. Жеңіл-желпі ұрлық-қарлықпен ұсталғандардың жарасы жеңіл ғой. Кейін ыңғайы келіп жатса, бір амалын тауып босата салдырамыз. Оның үстіне ол бәлелер түрмеге отырып еттері де үйреніп қалған болар”. “Бағанадан бері мен де осыны айтар-ау деп ішімнен ойлап едім. Қазіргінің бәрі осылай істейді ғой. Біз түгілі, ана шені бар, тағы да мансап пен атаққа тоймай жүрген көкелеріміз де осылай істейтін көрінеді. Ай бәлем, қолмен ұстап, көзбен көрмеген­нен кейін бірдеңе деп айтудың өзі қиын. Сондықтан заманың қалай ауса, бөркіңді солай ки демеуші ме еді. Көппен көрген ұлы тойды біз де солай қарсы алайық. Егер сіз істеймін десеңіз, жігіттер дайын. Барлығын жасауға болады. Тек кейін ұмытып, хайуандық жасамасаңыз болғаны”, – деді қабағын көтеріп. Ащы да болса шындықты айту керек деген оймен қолыма қалам алған едім. Әрі қа­­райғы әрекетті әркім өз­ін­ше саралай жатар. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.