Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Шарын шатқалындағы қайғылы оқиға кезінде қайтыс болған мұғалім Мерей Ибрагимовтың отбасына барды. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Әбдуалиева желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ол марқұмның туған-туыстарына көңіл айтып, 26 жастағы педагогтің ата-анасына ержүрек және батыр ер азаматты тәрбиелегені үшін алғыс айтты.
Мерей Ибрагимов 29 мамыр сел тасқыны орын алған күні Шарын шатқалына экскурсияға барғандардың қатарында болды. Жас мұғалім оқушыларды құтқарып қалу үшін өз өмірін қиды», делінген хабарламада.