• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 04 Маусым, 2021

Ауыз су қатері де алыста жүрмейді

137 рет
көрсетілді

СҚО Бескөл кентінде күтпеген төтенше оқиға орын алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл кенті облыс орталығынан он шақырым жерде ғана орналасқан үлкен елдімекен. Ол Қызылжар ауданының әкімшілік орталығы. Қызылжарға жақын болғандықтан басқа аудан орталықтарымен салыстырғанда инфрақұрылымы біршама жоғары дамыған. Қолы ұзын қызылжарлықтардың біразы мұнда жер үйлер, біразы коттедждер де тұрғызып алған. Міне, осы мекенде жуырда күтпеген төтенше оқиға орын алды.

​Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Жангелді Ыбыраевтың айтуына қарағанда осындағы аудандық ауруханаға соңғы мәліметтерге қарағанда 105 адам жүрегі айнып құсудан, температурасы көтеріліп, іші өтуден шағымданған. Алдын ала жасалған диагноз: «Анықталмаған энтеровирустық инфекция».

​Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының тексеруіне қарағанда қатер Есіл өзенінен алынатын ауыз судың уланғанынан келген деп болжанып отыр. Ауырған адамдардың үйінен алынған ішетін сулар сарапқа салынғанда олардың бактерологиялық көрсеткіштері нормадан жоғары деп танылған. Демек ауру ішетін судан келген деген қорытынды жасалып, қазір арнайы эксперттік сарап тағайындалды.

​Соңғы кезге дейін болған ыстықта халық жаппай суға түсіп, өзеннің суына түрлі вирустар түскен болуы керек. Осыған қарсы эпидемияға қарсы шаралар белгіленіп, оны жүзеге асыру да қарастырылуда.

​Кеше ауруханаға 18 адам түскен. Оның 17 балалар. Қазір олардың жағдайлары бірқалыпты, ем-дом шаралары қолданылуда. Эпидемияның шектен шығып, адам шығынына соқтырған жағдайы жоқ. Бірақ оған қарамай эпидемиологиялық қызмет халықты сақ болуға шақырып отыр. Соның ішінде ауыз суды тек қана қайнатып ішуге кеңес берілген. Сонымен бірге тек тетрапакет ыдыстардағы суды қолдану ұсынылған.

​Соңғы екі күндегі күрт түскен салқындық халықты судың жағасынан бір-ақ күнде жоқ қылған. Әйтсе де күн қайта жылт етсе суға жүгіруге дайын отырған бала-шағаны да ескертіп, тек рұқсат етілген жерлерде суға түсу талап етілді.