Нұр-Сұлтан қаласында «Қауіпсіз қала» жобасы аясында 7500 бейнебақылау камерасы орнатылады, деп хабарлайды Egemen.kz
Бүгінгі таңда қалада пилоттық жобада 1100-ден астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Бейнекамераларды мекенжайлар мен нысандарға орнату аудан әкімдіктері мен Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ұсынған тізім бойынша жүргізіледі.
«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, күн санап дамып жатқан әлемде құқық бұзушылықтың алдын алу ісіне ден қою қажет. Бейнебақылау камераларына иелік ету Жедел басқару орталығына (ЖБО) және Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне берілді. Онда операторлар кезекшілік етеді. Олар оқиға болған бетте осы аудандағы полиция қызметкерлеріне дереу хабар береді», деп атап өтті елордалық Цифрландыру басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек.
Қауіпсіз қала» жобасы – біріктірілген бейнетіркеу жүйесі. Деректерді өңдеу жүйесі әртүрлі жағдайда тиімді жұмыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуден басқа, жоба қаланың тыныс-тіршілігіне анализ жүргізуді автоматтандыруға, сондай-ақ соның негізінде шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Бейнекамералар тәулік бойы қосулы болады.
«Қауіпсіз қала» жобасы іске қосылған сәттен бастап оң нәтиже байқалады. Мәселен, 2021 жылдың бірінші тоқсанында қылмыстың ашылуы жақсарды, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны 53% (8 502-ден 4 000-ға дейін), көшелерде жасалған қылмыстардың саны 48,2% (3 381-ден 1 752-ге дейін) азайды. 2020 жылы тіркелген қылмыстар саны 30% төмендеді.