Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 қалалық көпбейінді аурухана дәрігерлері ерекше ота жасап, жұтқыншақтың қатерсіз өскінін алып тастады.
Құны 4,7 млн теңгені құрайтын ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жасалды.
Пациент мазасы кетіп, алты ай бойы ауырған. Ауруханаға жатқанға дейін қайта-қайта мұрны қанап, жұтқыншағында бөгде зат тұрғандай сезінген. Ол жағдайын айтып, №1 қалалық көпбейінді ауруханаға жүгінеді. Бұл аурухананың дәрігерлері науқасты жан-жақты қарап, ота жасау туралы ұйғарымға келеді.
Содан заманауи жабдықтар мен білікті мамандардың арқасында ота сәтті өтті. Пациент ауруханадан жазылып шықты.
Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу бөлімінде білім алушылар МӘМС жүйесінде мемлекет тарапынан сақтандырылған жеңілдік санатындағы азаматтар қатарына жататындықтан, пациентке құны қымбат тұратын ота тегін жасалды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының мәліметі бойынша осы жылдың 1 тоқсанында астана клиникаларында МӘМС аясында 3 млрд 76 млн теңге сомасына 1 234 жоғарытехнологиялық медициналық қызмет (құны қымбат оталар) жасалды. Оның 1 198-і (97%) жоспарлы түрде, 36-сы (3%) шұғыл жасалды.