Алдағы шілде айының 23-і күні Токио қаласында XXXII жазғы Олимпия ойындары алауын жағады. Бұл ұлы дүбірге еліміздің спортшылары да қатысады. Қазіргі таңда ұлттық құрамалар қоржынында олимпиадалық 22 спорт түрінен 60-қа жуық жолдама бар. бұйырса, шілде айының ортасына дейін тағы да лицензиялар саны қосылады.
Осы орайда күрес түрлері бойынша айтар болсақ, қазіргі таңда ел қоржынында барлығы – 11 жолдама бар. Оның 5-і еркін күрес балуандарының үлесінде. Бұл жерде басын ашып айта кететін жайт – жолдама балуанға емес, салмаққа беріледі. Осы салмақ бойынша Олимпиадаға кім барады оны лицензияға иелік еткен елдің өзі шешеді.
Ендеше, жоғарыдағы еркін күрес түрі бойынша 5 жолдама кімдерге бұйырады және олардан нендей нәтиже күтеміз? Аталған сұрақ төңірегінде сөз қозғасақ, қоржындағы бес жолдаманың бірі 57 кило салмақтың үлесінде. Оны әкелген – тегі тывалық, қазір Ақтөбенің намысын қорғап жүрген 1991 жылы туған Нұрислам Санаев атты жігітіміз. Бұл азамат қазір толық бабында. Бұған дейінгі жетістігі: 2015 жылы әлем чемпионатында 5-ші орынға ие болып, Рио Олимпиадасына жолдама алғаны бар. Бірақ 1/8 финалда грузиялық балуан Владимир Хинчегашвилиден 4:3 есебімен ұтылды. Одан кейін жұбаныш белдесуінде үш дүркін әлем чемпионы әзербайжандық Хаджи Алиевтен 10:8 есебімен ұтылды. Алиев қола жүлдегер атанса, грузин балуаны Олимпиада чемпионы болды. Бірақ... бірақ демекші Рио-2016 аяқталған соң Санаевтың жоғарыдағы екі белдесуін асықпай талдаған мамандар «қазақстандық балуан жеңілмепті» деген қорытынды шығарды. Өкінішті жағдай. Темірді қызған кезде соқпаған өзіміз кінәліміз. Салғырттығымыздың кесірінен баланың бағы байланды. Одан кейін 2018 жылы Мажарстанда өткен әлем чемпионатында осы салмақта Санаев күміс жүлдегер атанды. Финалда ресейлік балуан Заур Угуевтен ұтылды. Бұл да даулы белдесу ретінде тарихта қалды. Шын мәнінде Санаев жеңген еді.
Хош делік. 2019 жылы күрес түрлерінен Нұр-Сұлтан қаласында әлем чемпионаты өткені белгілі. Осы дүбірлі додада Санаев 57 кило салмақта белдесіп қола жүлдемен қоса жолдаманы да жеңіп алды. Негізі бұл жігіт Токио Олимпиадасынан медаль алатындай толық мүмкіндігі бар. Бұл пікірді күрес мамандары да мақұлдап отыр. Жоқ дегенде қоланың шетін тістеуі әбден мүмкін.
Санаевтың басты қарсыластары: 2018 және 2019 жылдары қатарынан екі дүркін әлем чемпионы атанған ресейлік З.Угуев пен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері (2018 қола, 2019 күміс) түрік балуаны Сүлейман Атли. Санаев 2019 жылы елорда төрінде өткен әлем біріншілігінде осы түріктен жеңілген болатын. Бұлардан басқа 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2020 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы үндістандық Рави Кумар да оңай қарсылас емес. Сол сияқты аталған салмақта жүлдеге ие болып жүрген – АҚШ, Иран, Моңғолия, Жапония балуандары да бар.
Келесі жолдама 65 кило салмақ дәрежесіне бұйырған екен. Оны ел қоржынына салған қызылордалық сақа балуан – Дәулет Ниязбеков. Бұл спортшының жасы да әудем жерге жетіп қалды. Отыздың үстінде. Бұған дейін қол жеткізген нәтижелеріне тоқталсақ, 2011 жылы Ыстанбұлда өткен әлем біріншілігінде 55 кило салмақта қола медальға ие болып, Лондон Олимпиадасына жолдама алған-тын. Оның сыртында 3 дүркін Азия чемпионы. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында 65 кило салмақ дәрежесінде белдесіп, күміс жүлдемен қоса Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Әзірге аталған салмақтағы жалғыз үміткер.
Қарсыластарына тоқталсақ, бұл салмақтың басты фавориті – соңғы әлем чемпионы ресейлік Гаджмұрад Рашидов. Бұл жігіттің 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатының финалдық бәсекесінде Ниязбековті 11:0 есебімен ойсырата ұтқаны бар. Оның сыртында жапонның күшті балуаны Такуто Отогуро тұр. Ол – 2018 жылғы әлем чемпионы. Тағы бір мықты әзербайжан балуаны бар. Аты-жөні – Хаджи Алиев. Ол – Олимпиаданың қола жүлдегері, 3 дүркін әлем және Еуропа чемпионы 57 килодан осы салмаққа (65 кило) ауысып келді. Сондай-ақ әлем чемпионатының жүлдегерлері мажарстандық Исмаил Мусукаев пен үндістандық Баджранг Пунияны естен шығаруға болмайды. Ашығын айтқанда, Ниязбековтің қарсыластары тым мықты.
Үшінші жолдама 74 кило салмаққа тиесілі. Бұл лицензияны 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем біріншілігінде қола жүлдеге ие болған шығысқазақстандық балуан Данияр Қайсанов жеңіп алған болатын. 1993 жылы туған оның нәтижелеріне қарасақ, Азия ойындарының (2018, Джакарта) күміс жүлдегері, 2 дүркін (2019, 2020) Азия чемпионы. Бірақ бұл салмақта Қайсановтан басқа тағы бір үміткер бар. Ол – 1998 жылғы туған жас балуан Нұрқожа Қайпанов. Ол – 70 килода (олимпиадалық салмақ емес) әлем және Азия чемпионатының (2019), сонымен қатар дүниежүзілік әскерилер біріншілігінің күміс медаль иегері. 2019 жылдың соңында Қайпанов олимпиадалық салмақ – 74 килоға ауысып, Қайсановқа қарсылас атанып қоймай, биылғы еліміз біріншілігінде жеңіске жетті. Д.Қайсанов жарақатына байланысты күрескен жоқ. Оның сыртында жақында 74 кило салмақта Азия чемпионы атанып үлгерді. Қысқасы, алдағы күндері осы екі балуан Олимпиада жолдамасын сарапқа салары хақ.
Қазіргі таңда аталған салмақ бойынша әлем мықтыларының көшін Ресей балуаны (ұлты осетин) Заурбек Сидаков бастап тұр. Оның екі дүркін әлем чемпионы (2019, 2020) деген атағы бар. Сондай-ақ дүние жүзі мойындаған АҚШ-тың атақты балуаны Лондон Олимпиадасының чемпионы, әлемнің 4 дүркін жеңімпазы Джордан Барроузды жуықта өз отандасы Кайл Дейк іріктеу кезінде жеңіп кетіп, жолдамадан айырды. К.Дейк бұған дейін 79 килода (олимпиадалық салмақ емес) өнер көрсетіп, екі дүркін әлем чемпионы (2018, 2019) атанған еді. Биылдан бастап салмағын 74-ке қуып күресіп жүр. Бұлардан басқа, Италия атынан күресетін кубалық балуан Франк Чамизо да оңай қарсылас емес. Бұл жігіт 65 килода Рио Олимпиадасының қола жүлдегері және әлем чемпионы (2015, Лас-Вегас) атанса, 2017 жылы 70 килоға ауысып тағы да әлем чемпионы болды. Қазір 74 килода өнер көрсетіп жүр. Осы салмақта екі дүркін Еуропа жеңімпазы атанып үлгерді. Бұлардан басқа Әзербайжан, Иран, Беларусь балуандары да оңай емес. Біздің жігіттердің бабы мен бағы таймаса, бұл салмақтан жүлде бұйыруы әбден мүмкін.
Төртінші жолдама 97 кило салмақ дәрежесінде. Бұл лицензияны 1999 жыл туған Ерғали Әлішер 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында 5-орын иеленіп қоржынға салған болатын. Ерғалидың жетістігі – Азия біріншіліктерінің үш дүркін (2019, 2020, 2021) жүлдегері. Бұл салмақта атақты Абдулрашид Садулаев бар. Ол Рио Олимпиадасын 86 кило салмақ бойынша жеңіп алған. Әртүрлі салмақта төрт дүркін әлем чемпионы (Ташкент, 2014. Лас-Вегас, 2015, Будапешт, 2018. Нұр-Сұлтан, 2019) және Еуропаның 4 дүркін, Еуропа ойындарының 2 дүркін жеңімпазы. Яғни Токио-2020 алтынынан басты үміткер. Бұдан басқа АҚШ балуаны Рио Олимпиадасының чемпионы, әлемнің екі дүркін (2015, 2017) жеңімпазы Кайл Снайдер, әзербайжандық Лондон олимпиадасының чемпионы, 2011 жылы Ыстанбұл қаласында өткен әлем біріншілігінің жеңімпазы Шариф Шарифов, Солтүстік Македония балуаны 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Магомедгаджи Нуров бар. Біздің Е.Әлішер Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылы өткен әлем чемпионатында қола үшін тайталаста осы Нуровтан жеңілген болатын. Аталған салмақта жүлделі болу қиын. Бірақ бәрін кілемдегі белдесулер шешеді.
Соңғы 125 килоға берілген бесінші жолдаманы жуықта Алматы қаласында өткен Азия іріктеу турнирінде Юсуп Батырмырзаев қоржынға салды. Ол – Дағыстанда туған ұлты ноғай бауырымыз. 2020 жылғы Азия чемпионы. Сонымен қатар бұл салмақта Олег Болтин деген тағы бір балуанымыз бар. Ол жақында Алматыда өткен Азия чемпионатында топ жарды. Ендеше бұл жолдама үшін әлі де талас бар деген сөз. Аталған салмақ бойынша әлем мықтыларының басында түрік оғланы Таха Акгюль тұр. Бұл жігіт Рио-2016-ның жеңімпазы және екі дүркін әлем чемпионы. Одан басқа Рио-2016-ның қола жүлдегері, 3 дүркін әлем чемпионы грузин балуаны Гено Петриашвили бар. Әлем біріншіліктерінде жүлде алып жүрген Иран мен Ресей балуандары да осал емес. Анығын айтқанда, біздің жігіттер үшін бұл салмақтың бәсі тым жоғары болары анық.ф