Түркістан облысы, Ордабасы ауданында мектепте емтихан тапсырып келген соң, өз-өзіне қол жұмсаған 15 жастағы қыздың өлімі бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Марқұм болған Эльвира Мықтыбектің емтихан кезінде шығарған есептерінің бәрін қарап жатырмыз. Зерделеу жүріп жатыр. Қорытындысын, нәтижесін біткеннен кейін айтамыз. Бізбен бірге қазір тергеу орындары да жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ мектептің жағдайы бүгінге дейінгі, моральдық психологиялық жағдайы, қайғылы оқиғаның неден туындағанын, соның бәрін қортындысымен айтамыз», дейді Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының бөлім басшысы Әлібек Кенжебаев.
Қазір осы оқиға бойынша өңірдің Полиция департаменті «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде. Тергеушілер оқиға болған күннен бері ауыл мектебінде ата-аналар, оқушылар мен мектеп ұжымынан жаппай жауап алуда. Өңірдің бас полицейі Қайрат Дәлбеков осы істі өз бақылауына алғанын хабарлады.
«Ата-ана үшін баласының қазасы қаншалықты қабырғаны қайыстыратынын жақсы түсінемін және сіздердің қайғыларыңызға ортақпын. Сондықтан айтайын дегенім, бұл іс менің жеке бақылауымда тұр. Қызметкерлерге тиянақты тапсырмалар берілді. Яғни, аталған жайт бойынша Түркістан облысы Полиция департаментінің білікті тергеушілерімен ҚР ҚК-нің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде және қажетті деген барлық жан-жақты шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішінде мектеп ұжымынан, мұғалімдер мен оқушылардан жауаптар алынуда. Тиісті сараптамалар да тағайындалды. Істің заң аясында жүргізілуі қадағалауда», делінген Қайрат Дәлбековтың хабарламасында.