Күн сайын Қазір Петропавлда кейбір көпқабатты үйлердің ауласына кіретін жерлерге қақпа орнатып, жауып тастау немесе көлік өтуге болмайтын ауыр тастар қою үрдісі үдеп кеткен. Кейбір пәтер иелері кооперативтерінің басшылары аулаларын таза ұстауды сылтауратып, көліктің ғана емес, жұрттың кіріп-шығуын да қиындатып жіберген. Мұның өзі оқыс оқиға кезінде аулаға төтенше қызмет көліктерінің енуіне қолайсыздық тудырады.
Адамы аурудан қысылып жатқан үйге жедел жәрдем машиналары жақындай алмай, көшеге тоқтап, сырқат жанды жаяу алып шығуға мәжбүр. Ал өрт шыққан осындай үйлерге жақындай алмау зардап шегуші адамдардың қасіретін арттыра түседі. Өйткені әрбір минут санаулы сәтте өрт сөндірушілер жан-жағын түгел қоршап тастаған үйдің қақпаларын бұзып ашуға әлектеніп, уақыттарын жоғалтады.
Осындай оқиғаның бірі жуырда болды. Қала ортасындағы П.Васильев көшесіндегі 7 пәтерлі үш қабатты, тұрғындары жан-жағын түгел қоршап алған элиталық үйде өрт шыққанда сөндірушілер жұмыс істей алмай көп қиналды. Әйтеуір, жас жігіттер биік ауланың ішіне секіріп түсіп, су ататын шлангіні өткізе алды.
«Бірінші қабаттан үшінші қабатқа дейінгі жалынға оранған балкондарға біз кіре алмай жүргенде күшейіп алған оттың қызуы жақындатпаған соң төменнен сөндіре алмай, үйдің төбесіне шығып өшіруге тура келді. Өрт сөндіру барысында 12 адамды эвакуациялап, 2 адамды өрттен алып шықтық. Әйтеуір, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Тек пәтерлердің террасасы мен барлық 3 қабаттағы балкондар жойылып, пәтерлердің пластикалық конструкциялары зақымдалды», деді облыстың Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Орал Әбдірахманов.
Соңғы кезде жиілеп кеткен өрт оқиғалары осындай кедергілерді жоюға мәжбүр етіп отыр. Жуырда «Арнайы көлікке – жасыл жарық!» іс-шарасы қолға алынды. Оның аясында Петропавл қаласы ТЖ басқармасының жеке құрамы мен Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖ департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бірлесіп, облыс орталығының аулаларында рейд өткізді. Оның мақсаты – тұрғындары қауіпсіздік ережелерінің талаптарына немқұрайды қарайтын аулаларды анықтау, аулаларға кіреберістерге қойылған темірбетон блоктар мен қоршауларды жою. Төтенше оқиға орнына шұғыл келетін, қажетті көмек көрсететін, адам өмірін құтқаратын өрт сөндірушілер мен жедел жәрдемнің және т.б. арнайы көліктердің өту жолдарын босату. Рейд нәтижесінде Назарбаев, Болатбаев, Хименко, Уәлиханов және Шухов көшелеріндегі көп қабатты үйлердің аулаларынан 8 бетон блок пен 11 металл қоршау алынды. Жолы кедергілерге толы басқа көшелердегі үйлердің тұрғындарымен жиналыстар өткізіліп, жадынамалар таратылды.
Жаздың ыстық күндерінің жұртты әбігерге салған тағы бір қасіреті – суға батушылардың жиілеуі. ТЖ департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камаловтың айтуына қарағанда, облыс аумағында 12 көл мен Есіл өзенінің жағасында орналасқан 58 жағажайда ғана шомылуға рұқсат етілген. Қалғандарында шомылған адамдар тәртіп бұзушылар болып саналады. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ. Мамырдың ми қайнатар ыстығы адамдарды ең жақын су қоймаларына қуып тықты. Соңғы 7 жылда облыс бойынша 180 адам суға кеткен, оның ішінде 24 бала бар. Ал былтыр 9 адам суға батқан еді, оның біреуі бала.
ТЖ департаменті бастығының орынбасары, майор Мұрат Қанғожинов: «Бүгінгі күні шомылу және балық аулау орындары бойынша 34 патрульдеу жүргізілді, 1300-ден астам жадынама мен брошюра таратылды, әңгімелер мен дәрістер өткізілді», деді. Сондай-ақ ол суда әрқашан да сақ болып, жабдықталмаған учаскелерде, мас күйінде, түнгі уақытта шомылудың, балаларды су қоймаларының жанында қараусыз қалдыру қауіпті екенін айтты.
Солтүстік Қазақстан облысы