• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 10 Маусым, 2021

Елорданың екпіні баяу

139 рет
көрсетілді

Еліміздегі эпидемиялық ахуал толық тұрақтала қойған жоқ. Дегенмен «қызыл аймақтағы» өңірлердің қатары азайғаны қуантады. 9 маусымдағы жағдай бойынша елімізде бір-ақ өңір – Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймақта» қалып тұр.

Ел өңірлеріндегі эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан қаласы қалды. Ал «сары аймақта» Алматы қаласы, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары тұр. Қалған Шымкент қаласы, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары – «жасыл аймақта».

Қызарып тұрған жалғыз өңір – елордада соңғы уақытта КВИ-мен сырқаттану төмендегені байқалады. Дегенмен бұл оң көрсеткіш әлі баяу болып тұр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бей­сенова баяндады.

– Сырқаттанудың төмендеу қар­қыны баяу өсіп келе жатқанын және соңғы үш аптада орта есеппен аптасына 10%-дан 19%-ға дейін төмендегенін атап өткім келеді. Бірақ қазір Сovid-19 індеті бойынша нақты тіркелген жағдайлар қолайсыз эпидемиялық жағдайды көрсетуде және қала «қызыл аймақта» қала береді. Күніне 70-тен 200-ге дейін Сovid-19 жұқтыру жағдайы тір­келеді. Жыл басынан бері елордада сырқаттанғандар саны 38 мыңнан асты, пандемия басталғаннан бері 57 168 жағдай тіркелді. Мамыр айы­ның басымен салыстырғанда 100 мың тұрғынға шаққанда апталық сырқаттану көрсеткіші 210-нан 110-ға дейін төмендеді. Бір аптада Сovid-19 бойынша 1 315 жағдай тіркелді, сырқаттану көрсеткіші алдыңғы аптадан 18%-ға төмен (алдыңғы аптада – 1 617 жағдай), 100 мың тұрғынға шақ­қандағы қарқынды көрсеткіш 110,7-ні құ­рады. Репродуктивті саны – 0,88, – дейді астананың бас санитары.

Соңғы тәулікте елордада 203 КВИ жағдай тіркелген. Қазір қалада инфекцияның белсенді 1 551 ошағы бар. Медициналық бақылауда байланыста болған 4 116 адам бар.

Ashyq қосымшасымен жұ­мыс істейтін нысандарда жоба ен­гізілген сәттен 7 маусымға дейін үй карантинін бұзған 3 140 адам анықталды, оның ішінде 1 436 науқас және 1 704 байланыста болған адам бар. Ал 101 келуші «қызыл/сары» мәртебесі бола тұра мекемеге бірнеше рет келген. С.Бейсенованың айтуынша, коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақ­сатында Денсаулық сақтау ми­нистрлігі КВИ-мен ауыратын нау­қастар мен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті ре­жімін көздейтін санитарлық қағи­даларды бекітті. 10 маусымнан бас­­тап оқшаулау режімін бұзған тұр­ғындарға 87 510 теңге айыппұл салынады.

«Қызыл аймақтағы» қалада вакциналау қарқыны да күшеймей тұр. Соңғы бір айда бұл көрсеткіш 46%-ға төмендеген екен. Бүгінде астанада 100-ден аса екпе кабинеті жұмыс істеп тұр. 9 маусымдағы жағдай бойынша қала халқының 9,4%-ы немесе 111 683 адам екі ком­понентті вакцинаны толық алды. Бі­рінші компонентпен 169 632 адам немесе 14,3% қамтылған. Сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері жанындағы уақытша егу пункттерінде бірінші компонентпен 19 742 адам немесе барлық егілген халықтың 11,6%-ы, екінші компонентпен 9 109 адам немесе 8,1%-ы вакцина салдырды.