Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында жария-құқықтық дауларда билік пен қарапайым азаматтар тең болмайтынын, осы олқылықты заңдық тұрғыда реттеу керектігін айтып, тапсырма жүктеген болатын.
Президент тапсырмасынан кейін заң жобасын дайындау үшін Жоғарғы Сот пен Әділет министрлігі бірлесіп, жария-құқықтық дауларда үздік нәтижелерге қол жеткізген елдердің тәжірибелерін сараптап, әкімшілік әділет институтының ықпалын зерделеген еді.
Осы мәселеде ғалымдар, заңгерлер мен құзырлы орын өкілдері «әкімшілік процесті Азаматтық процестік кодекс шеңберінде де реттеуге болады» деген пікірлерін білдірді. Бұл заңнама Қазақстанда әкімшілік әділет институтының қалыптасып, жария-құқықтық даулардағы қарапайым азаматтар құқығының мінсіз қорғалуына, мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалар арасында туындайтын даудағы теңсіздікті жоюға мүмкіндік беруі тиіс. Бүгінде 81 мемлекет пен Еуроодақ құрамына кіретін Гаага конвенциясындағы әкімшілік әділет орнығып, дамыған елдер тәжірибесі әкімшілік әділеттің мемлекеттік қызметтегі жауапсыздықты, шалағайлықты жойып, азаматтармен қарым-қатынасты жандандыруға көмектескенін көрсетіп отыр.
Сонымен бірге әкімшілік әділет салтанат құрған елдерде азаматтар мемлекеттік органдармен соттасуға, кемшілігін көрсетуге қорықпайды. Өйткені заң мұндай дауларда қарапайым азаматтардың мүддесін жоғары қояды. Ендеше, әлемнің озық отыз елінің қатарына қосылуды мұрат еткен біздің еліміздің де жария-құқықтық дауларды сапалы реттеуден сырт қалмағаны жөн. Осындай үлкен еңбекпен жасалып, қоғамның қызу талқысынан өткен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске биыл Президентіміз қол қойды.
Бұл – қуана құптарлық қадам. Осы кодекске сүйенсек, еліміздің ең қымбат қазынасы болып саналатын адам өміріне жете мән берілетіні анық. Нәтижесінде, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жақсара түсетін болады. Сонда сот залынан тараптар еш күдіксіз шешімдер мен үкімдер әділдігіне разы болып шығатыны хақ. Екіншіден, Ата Заңымызда сот төрелігін тек сот қана кәсіби тұрғыда жүзеге асыратыны анық жазылған. Кәсіби болатыны сол – белгілі бір сала бойынша жіктеп жазылған заңнама адам құқығын қорғауда мүмкіндіктерді молынан ашады.
Жалпы ұғым бойынша құқықтық мәдениет дегеніміз – заңнаманы білу, сыйлау, құрметтеу болып саналады. Мемлекеттік қызметшілер компьютерлік тест тапсырғанда тоғыз заң бойынша сыналып, заңнаманы жетік білетіндер санатына кірер. Бірақ сол заңды сыйлау мен құрметтеу ше?! Енді сотта Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша қандай да бір іс қаралатындықтан, полициямыздағы анықтаушыдан бастап тергеушілер, сондай-ақ прокурор, адвокат – бәрі-бәрі салық төлеуші есебінен жеп отырған нанын ақтау үшін кодексті жіктеп оқып, өзгелерге ұғындырары анық. Бұрын мұндай мүмкіндік болмағандықтан, мемлекеттік орган әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымданған 100 арыздың 85-і бойынша заңды тұлғалар жеңіске жетіп, тек 15 жағдайда ғана жеке тұлғалар басымдыққа ие болатын. Мұндай келеңсіз статистика азаматтардың соттарға сенімін азайтып, сотқа жүгіну ынтасын төмендеткені сөзсіз.
Осы жерде баса айтатын жайт – ел сеніміне кіру үшін заңнама мен сол заңды іс жүзіне асыратын кәсіби судьяның атқаратын рөлі зор. «Енді қазақстандықтар құқығы Гаага шеңберінде қорғалады» деп биік мінберден жарияланды. Сондықтан Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданып, жария-құқықтық дауларды шешуге маманданған арнайы соттардың құрылуы көпшілік күткен игі бастама десек болады. Биылғы жылдың шілде айында қолданысқа енгізу жоспарланып отырған жаңа заңнамада осыған дейін айтылған пікір, ұсыныстың бәрі ескерілген.
Шындығында, заманауи құжат, жаңа заң деп бағаланған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске үлкен міндет артылып отыр. Ондағы ұстанымға сай алдағы уақытта әкімшілік процестегі судьяның рөліне ерекше басымдық берілген. Әкімшілік процестегі судья – белсенді, іске қатысты өз пікірін айта алады. Қосымша деректер мен қажетті анықтамаларға сұраныс жасауға құқылы. Осы арқылы судья төрелікке жүгініп отырған қос тараптың мәселесіне сырт қарамай, әділдіктің салтанат құруына белсене араласып, жол көрсетіп, жіберілген кемшіліктерді жоюға, тура төреліктің шығуына, Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілгендей азаматтар құқығының мінсіз қорғалуына ықпал етеді.
1 шілдеден бастап республикамызда мемлекеттік органдар әрекетіне немесе әрекетсіздігіне көңілі толмаған жеке және заңды тұлғалар өз құқығын арнайы құрылған әкімшілік соттар алаңында қорғай алады. Қазіргі кезде елімізде 21 соттың кедергісіз жұмыс бастауына қолайлы жағдай жасалып отыр. Қазақстандағы 14 облыс, 3 ірі қаламен бірге жүктемесі жоғары Семей, Жезқазған, Екібастұз және Қаскелең қалаларында әкімшілік соттар қызметін ұйымдастыруға қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Бұл соттарды елімізде қызмет етіп келе жатқан мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттармен шатастыруға болмайды. Олардың қарайтын істері бөлек, яғни, бұрынғыдай әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты істерге төрелік жасайды.
Ал жаңа соттар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс шеңберінде әрекет етіп, жария-құқықтық дауларды шешуге маманданады. Мұндағы судьялар саны да әр аймақтың жүктемесінің көлеміне қарай әртүрлі болады. Бүгінде әкімшілік соттардың материалдық-техникалық жағдайы ғана емес, онда қызмет ететін судьялардың біліктілігін көтеруде де іргелі іс-шаралар қолға алынып жатыр. Себебі жаңа сот өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқаруы үшін судьялардың да қабілет-қарымы жоғары болуы керек. Сондықтан іріктеу кезінде тәжірибелі, білікті судьяларға таңдау жасалатыны түсінікті.
Өмір бір орнында тұрмайды. Сот саласы да заман көшінен қалмай ілгерілеп келеді. Мұндағы әрбір бастама, реформаның артында ел қауіпсіздігін сақтап, әділ төрелікті қамтамасыз ету, азаматтар құқығын жан-жақты қорғау міндеті тұр. Осындай ізгі ниетті көздеп отырған жаңа соттар да халықтың көңілінен шығып, әкімшілік әділеттің нығаюына серпін береді деп үміттенеміз.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің тағы бір ерекшелігі – жария-құқықтық дауларды оңтайлы реттеуде. Заңнамада мемлекеттік құрылымдар мен қарапайым азаматтар арасындағы дауды шешудегі теңсіздікті жоюдың барлық мүмкіндігі қарастырылғандығын ерекше атап айтқан жөн. Өйткені азаматтардың барлығы құқықтық тұрғыдан жан-жақты сауатты бола бермейді. Олардың өз құқығын қорғауына, мемлекеттік қызметтің қателігін көрсетуіне сауатының аздығы, өзіне деген сенімінің төмендігі көп кедергі келтіреді. Соған орай енді тараптарға заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндіріледі. Сонымен қатар жаңа заңдағы тетіктер халықтың өзіне деген сенімін де нығайтады деген ойдамыз. Өйткені кодексте азаматтардың сотқа жүгіну мүмкіндіктерін жеңілдетуге, құқықтық тұрғыдан қорғану тетіктерін кеңейтуге, қарапайым халықтың мемлекеттік органдар алдындағы әлеуетін көтеруге барынша жағдай жасалған.
Нұржан ҚАРАБАЕВ,
Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы