• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 11 Маусым, 2021

Ел экономикасында өсім бар

266 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бірнеше мәселе қаралды. Бұл – елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, биылғы қаңтар-мамырдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылу жайы, көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы, құрылыс материалдарына баға белгілеу мәселесі.

Қазақстан «жасыл аймаққа» өтті

Бірінші мәселе бойынша баяндама жа­са­ған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты вакциналау барысы мен қа­зір­гі жағдай туралы айта келіп, елімізде са­ни­тарлық-эпидемиологиялық жағдай­дың жақсарғанын атап көрсетті.

Оның айтуынша, Қазақстан COVID-19 та­ра­лу қарқыны бойынша «сары аймақ­тан» «жасыл аймаққа» өтті. Бір апта ішін­де сырқаттану деңгейі 30%-ға, вирус­тың ре­про­дуктивтік индексі 0,84-ке дейін ин­фек­циялық төсектік орын­дардың жүк­те­ме­сі 24%-ға дейін, реани­ма­циялық төсектік орын­дар­дың жүктемесі 21%-ға дейін тө­­мен­деді. «Қызыл аймақта» тек Нұр-Сұлтан қаласы қалды. «Сары аймақта» – 6 өңір: Алматы қа­ла­сы, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақ­стан, Ақмола және Қарағанды об­­лыс­тары бар. Қалған 10 өңір – «жасыл аймақта».

Бүгінгі таңда 2,4 миллионға жуық адам вакцина бойынша бірінші компонентті, 1,3 миллионға жуық адам екінші компонентті алды.

Үкімет басшысы әкімдіктер мен Ден­­­сау­лық сақтау министрлігіне жаз­ғы ке­зең­де, әсіресе Маңғыстау, Ақмола, Қос­танай облыстары мен Нұр-Сұлтан қа­ласында вак­циналау қарқы­нын ба­рын­ша арттыруды тапсырды. «Бар­лық деңгейдегі әкімдер вак­циналау мәсе­ле­лерін жеке бақылауға алуы тиіс», деп атап көрсетті А.Мамин.

 

Инвестициялар көбейіп келеді

Үкімет отырысында еліміздің 2021 жыл­­дың қаңтар-мамыр айларындағы әлеу­ме­ттік-экономикалық дамуының және рес­публикалық бюджеттің атқа­ры­лу қоры­тындылары қаралды.

Экономиканың дамуы, ақша-несие сая­­­саты, республикалық бюджеттің атқа­­­­рылуы, мемлекеттік сатып алудағы жер­­­­­гілікті қамту туралы Ұлттық эко­н­­­о­­мика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлт­тық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қар­жы министрі Ерұлан Жамаубаев, әлеу­мет­­тік маңызы бар азық-түлік тауар­лары­ның бағасына қатысты жағ­дай тура­лы Сауда және интеграция ми­нис­трі Бақыт Сұлтанов, өнеркәсіп пен энер­гетика­ секторын дамыту туралы Индус­тр­ия ­және инфрақұрылымдық даму ми­­нис­трі Бейбіт Атамқұлов пен Энер­ге­­тика министрі Нұрлан Ноғаев, агро­өнер­­кә­сіптік кешендегі жағдай туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ер­ға­­лиев­тың айтуынша, елімізде инвести­ция­лар­дың өсуі байқалады. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға инвестициялардың өсуі 25,5%-ды құрады. Инвестициялардың өсуі құ­ры­лыс­та – 2,3 есе, өңдеу өнеркәсібінде – 82%, оның ішінде тамақ өнімдері өндірісінде – 24%, ақпарат және байланыста – 53%, ауыл шаруашылығында – 47%, сауда – 46%, жылжымайтын мүлікпен операция­лар – 29% және көлік 19% деңгейінде көр­сетті.

Биылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда тауар айналымы 28,1 млрд долларды құрады, оның ішінде экспорт – 16,7 млрд доллар. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 16,2%-ға өсіп, 5,4 млрд дол­лар­ға дейін жетті. Тауарлар импорты 11,4 млрд дол­ларды құрады. Осылайша 5,3 млрд дол­лар деңгейінде оң сауда балансы қам­та­масыз етілді. «Өңдеу өнеркәсібі өндіріс динамикасындағы үрдістерді айқындауды жалғастыруда. Өсу 7,2%-ды құрады. 14 өңір өңдеу өнеркәсібінде оң өсім көрсетті. Ең жо­ғарғы өсу – Алматы қаласында, Алма­ты облысында және Нұр-Сұлтан қала­сында байқалды», деді Ә. Ерғалиев.

Ұлттық экономика министрі атап өт­кен­­­дей, көптеген өңір жоғары инвести­ция­лық белсенділік танытқан. Ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан және Павлодар об­лыс­­тарында, сондай-ақ Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалады. Құрылыс сала­сы да дамып, атқарылған жұмыс көле­мі 11,3%-ға ұлғайған.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғарғы деңгейі – Түркістан, Қызылорда және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында. Соның ішінде тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Биыл қаң­тар-сәуір қорытындысы бойынша 4,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен са­лыстырғанда 12,5%-ға жоғары. Осыған бай­ланысты барлық өңір оң өсім көрсетті.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Қазақстан эко­но­­­микасы оң өсім көрсетіп отыр. Осы жыл­дың 5 айында өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ды құрады. Негізгі драйверлер өңдеу өнер­кәсібі (7,2%), машина жасау (21,1%), оның ішінде автомобиль жасау (26,4%) және локомотивтер мен вагондарды қоса ал­ғанда, басқа да көлік құралдарын шы­ға­ру (54,9%) болды. Өңдеу секторында химия өнеркәсібі (9,8%), жеңіл өнеркәсіп (5,5%), металлургия (2,7%), фармацевтика (25,7%) және мұнай өңдеу (3,4%) секілді са­лалар жоғары динамика көрсетті. Құ­ры­лыс секторында (11,3%) және тұрғын үйді пайдалануға беруде (12,5% немесе 4,6 млн м²) өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шар­уашылығында да тұрақты өсу бай­қа­ла­ды (3,1%).

Биылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындылары бойынша Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласы барлық  7 негізгі макро­көрсеткіш бойынша әлеуметтік-эконо­микалық дамуды қамтамасыз етті. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қа­ра­ғанды, Павлодар және Түркістан об­лыс­­тары 6 көрсеткіш бойынша, Аты­рау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қы­зыл­орда, Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары  5 көр­сет­кіш бойынша өсім көрсетті. Ең төменгі өсім – Батыс Қазақстан облы­сын­да.

Үкімет басшысы Асқар Мамин өңір­лер­­дің әкімдіктеріне мемлекеттік орган­дар­мен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақ­тан­дыру, өнім өндіруді ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша пәр­менді шаралар қабылдауды тапсырды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне өңірлердің әкімдіктерімен бір­ле­сіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсу фактілеріне жол бер­меу тапсырылды. Премьер-Министр ми­нистрліктер мен әкімдіктер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт­тық экономика өсіміне қол жеткізу бо­йынша тапсырған міндеттерін іске асыру бойынша тиісті шаралар қабылдау қа­жет­ті­гін атап өтті.

 

Егіс науқаны аяқталды

Үкіметтің селекторлық отырысында көк­темгі егіс жұмыстарының қоры­тын­дысы қаралды. Бұл мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Экология, геология және табиғи ре­сурс­тар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Сол­түстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Ақмола облы­сы­ның әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады.

Биыл Қазақстанда көктемгі дала жұ­мыс­­тары оңтайлы мерзімде аяқталды. Жүр­гізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша егіс алқабы былтырғыдан 78,2 мың гектарға артып, жалпы жиыны 22,7 млн гектарды құрады. Соның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,7 млн гектар алқапқа егілді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау, рен­та­­бельділігі жоғары дақылдардың өнім­ді­лі­гін арттыру, импорт алмастыру бойынша жұмыстар шеңберінде майлы дақылдар алқабы 2,9 млн гектар (былтырғыдан 11,9 мың га артық), жемшөп дақылдары алқабы 3,4 млн гектар (+104,2 мың га), көкөніс-бақ­ша дақылдары алқабы 275,2 мың гектар (+10,6 мың га), картоп алқабы 198 мың гектар (+5,8 мың га) жерге егілді.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Көктемгі егіс жұ­­мыстарын сапалы әрі уақытында жүр­гі­зу үшін қаржылай және материалдық-тех­ни­­калық қамтамасыз ету бойынша қа­жет­ті шешімдер қабылданды», деді ол.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау үшін «Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ республикалық бюджеттен 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлді. Соңғы қарыз алушылар үшін сый­ақы мөлшерлемесі жылдық 5%-дан ас­пай­ды. Бөлінген қаражат 3,3 млн гектар егіс алқабын қамти отырып, 2600 АӨК субъ­ектісін қаржыландыруға мүмкіндік бере­ді.

Бюджеттік кредитпен қатар биыл ауыл шаруа­шылығы өнімін форвардтық са­тып алу үшін бөлінетін қаражат көлемі 24,5 млрд теңгеден 47 млрд теңгеге дейін ұл­ғайды. Агроөнеркәсіптік кешен субъ­ектілеріне нарықтық бағадан 14%-ға төмен бағамен 380 мың тонна дизель отыны бөлінді, 405,3 мың тонна тыңайтқыш тиелді. Бұл ретте мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тыңайт­қыштар мен пестицидтерді сатып алуға жұмсаған шығындарының 50%-ы­на дейін субсидиялады. Егіс науқа­ны­ның қорытындысы бойынша ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарының 2,5 млн тонна кон­ди­циялық тұқымы себілді.

Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы, Энер­гетика, Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрліктеріне облыс­тар­дың әкімдіктерімен бірлесіп, агрохимикаттар мен минералды тыңайтқыштардың және арзандатылған дизель отынының қа­жетті көлемін уақытында беруді қам­та­ма­сыз етуді тапсырды. Экология минис­тр­­лігіне облыс әкімдіктерімен бірле­сіп, қысқа мерзімде еліміздің оңтүс­ті­гінде фер­мерлерді суармалы сумен қамта­масыз ету мәселесін шешу бойынша жос­пар­лан­ған іс-шараларды өткізу міндет­тел­ді.

 

Құрылыс материалдарының бағасы негізсіз өспеуі керек

Үкімет отырысында қаралған құрылыс материалдарына баға белгілеу мәселесі тура­лы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­­­тігінің төрағасы Серік Жұманғарин, Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму ми­­нис­трі Бейбіт Атамқұлов баяндама жаса­ды.

Ұлттық статистика бюросының дерек­те­рі бойынша 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында бастапқы тұрғын үй баға­сы­ның өсуі – 8%, екінші қайталама тұр­ғын үй бағасының өсуі 13%-ды құрады. Ал отан­дық құрылыс материалдары баға­сы­ның өсімі биылғы қаңтар-сәуірде 16% болды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ҚазҚСҒЗИ) деректері бойынша жыл басынан бері бетонға (12%), цементке (5%), полиэтиленді құбырларға (10%), силикатты кірпішке (6%) бағаның өсуі байқалды. Әсіресе, ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 50%-дан аспайтын арматура, шыны сияқты импортқа тәуелді ма­те­риал­дар бағасының едәуір өсуі тір­кел­­ді.

Құрылыс материалдары нарығына қа­ты­сушылардың өздері хабарлағандай, 2021 жылғы қаңтардан бастап баға өсуінің негізгі себептері электр энергиясының, жанар-жағармай мен магистралды те­мір­жол желісі қызметінің қымбаттауы бол­ған.

Құрылыс материалдары бағасының алып­­сатарлық өсуімен күресу мақса­тын­да Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кірпіш, цемент, арматура, қиыршық тас, полиэтилен құбырларын өндірушілер мен жеткізушілерге бұзушы­лық белгілерін жою және бағаны төмен­де­ту қажеттілігі туралы 26 хабарлама жі­бер­ді. Нарық қатысушыларына бағалық әсер ету үшін 10 құрылыс материалын өндірушімен монополияға қарсы заңнама нормаларын сақтау туралы комплаенстар жасалды.

Тұрғын үй құнының өсуіне құрылыс материалдары бағасының өсуі ғана емес, сондай-ақ сұраныстың артуы да әсер етті. Ұлттық статистика бюросының де­рек­тері бойынша жыл басынан бері жасал­ған ке­лі­сімдер саны былтырғымен са­лыс­тыр­ған­да 2,5 есеге артқан. Осыған байланыс­ты Мемлекет басшысының тұрғын үй нарығында дүрлігу мен бағаның өсуіне жол бермеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 14 құрылыс компаниясына бағаны төмендету туралы хабарлама жіберілді.

Аталған мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Құры­лыс­тың жоғары қарқыны құрылыс­тағы барлық шығынның үлесі шамамен 50%-ды құрайтын құрылыс материалдарына қа­жет­тілікті ұлғайтады. Осыған орай ба­ға­­ның негізсіз өсуіне жол бермеу және на­­рықта қатаң бақылауды қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдау өте маңызды болып отыр», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жосықсыз өндірушілер мен өнімді жеткізушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында ұзақ мерзімді сатып алу келісімшарттарын жасау мүмкіндігін пысықтауды тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкім­діктермен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс саласында импорт алмастыру бойынша жоспарланған жобаларды уақытында іске қосу міндеттелді.