• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2010

БОЛАТ ЖОЛДА ЖҮЙТКІГЕН ЖАҢА ЛОКОМОТИВТЕР

585 рет
көрсетілді

Еліміздегі барлық жаңашылдықтың жуан ортасында бас қала тұратындығы даусыз. Астана қаласындағы жаңа локомотив зауыты – республикамыздың осы техника түріне сұранысын қанағаттандырудан туған кешенді индустриялық бағдарлама. Жасыратыны жоқ, біздің ел­дегі жүк және жолаушы пойызын тартатын локомотив атаулының 76 пайызының тозығы жеткен. Жал­пы, қолданыстағы локомо­тив­тердің 63 пайызы 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып ке­леді (тепло­воздардың пайдала­ну мерзімі – 25-30 жыл, күрделі жөндеу арқылы тағы бірнеше жыл­ға өмірін ұзартуға болады). Егер көп кешіктірмей локомотив паркін жаңартып, оларды жөндеу жүйесін жетілдір­месек, темір жолдағы тасымалды игеру мүмкін болмай қалады. Міне, осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы Америка Құрама Штаттарына барған сапарында сол елдегі әлем­ге әйгілі “Дженерал элек­трик” компаниясымен “Evolu­tіon” сериялы тепловоздар құрас­тыру жөніндегі технологияларын Қазақстан Республикасына беру туралы келісімге қол жеткізді. Сөйтіп 2007 жылы 3 шілдеде Мемлекет басшысының ті­ке­лей қатысуымен Астана қаласындағы ЕЭА аумағында ТМД мемлекет­терінде теңдесі жоқ Локомотив құрастыру зауы­тының ірге­тасы қаланды. Бұл зауыттың өндірістік қуаты жылына 100 магистральдық теп­ловоз шығаруға арналған. Өткен жылы жаңа зауыт конвейерінен ал­ғашқы қазақстандық тепловоз шы­ғарылды. Жақын болашақта елі­міздің тепловоз шығаратын зауы­ты осындай техника түрімен тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ бүкіл ТМД елдерінің сұранысын қанағаттандыратын болады. Республикамыздың болат жол­дарының бойында ерсілі-қар­сылы жүйткіген локомотивтердің соңғы кездері жаңара бастаған­ды­ғын көзі қарақты адамдар аңғара бастаған болар. Дегенмен, жаңа үлгідегі алғашқы тепловоздар не­гі­зінен мұнайлы өңірлерге тар­тылған. Оның басты сыры да қуат­ты техниканың өзін-өзі ақтау мерзімінің тезірек орындалуынан туындаған бастама. Әрине, бүгінде еліміздің ло­ко­мо­тив паркін жаңарту жүріп жа­тыр, америкалық “Дженерал элек­трик” компаниясының тех­но­логиясымен 202 магистральды тепловоз жаңартылып, төрт электровоз отандық мамандардың жобасы бойынша модернизация­дан өтті. Жаңа буынның локо­мо­тивтері де сатып алынуда. Тәуел­сіз еліміздің тұңғыш тепловозы тұсауын кесті. Қытайлық әріп­тес­термен электровоз жасау туралы мәміле жасалды. Қазақстан аума­ғында жүк тасымалдайтын элек­тровоз құрастырудың тұжырым­да­масы нақтылануда. Қысқа қайырғанда, “Локомо­тив” АҚ-тың 2020 жылға дейінгі техникалық даму стратегиясына сәй­кес, локомотив паркін жаңар­ту­ға жұмсалатын қаржы шамамен 1 триллион теңгеге жетпек. Бұл шаралардан кейін жөндеу қыз­ме­ті­не деген сұраныс азаяды. Бұл жөн­деу мекемелеріндегі жұмыс­шы­лардың қысқаруына әкелуі мүмкін. “Локомотив” АҚ прези­денті Қадыл Таласпековтің ай­ту­ын­ша, ол адамдар жұмыссыз қал­майды. Себебі, 2020 жылға дейін 3000-нан астам машинист пен ма­шинист көмекшісі қажет бола­ды. Сонда локомотив жүргізуші­лер армиясы қысқарған кадрлар­ды қайта оқытып дайындау ар­қы­лы толықтырылатын болады. Бір­ақ оған дейін 10 жылдай уақыт керек. Сондықтан “қолданыстағы ескі де болса жарамды локомо­тив­терді техникалық жағдайда ұстап тұру үшін жөндеу техноло­гиясын жетілдірген жөн” дейді мамандар. Жөндеу кәсіпорын­дары­ның қосалқы бөлшектермен, локомотив қондырғыларымен уақытылы қамтамасыз етілмеуі, локомотивтердің жөндеуге мер­зі­мінде ағытылмауы, локомотив­тер­дің жоспардан тыс жөндеуге кіруі мен жөндеу орнында тұру уақытының көбейіп кетуі сияқты себептерге байланысты өткен жыл­дың жөндеу жоспары орын­далмай қалды. “Локомотив” АҚ атқарушы директоры Бақберген Жақ­сы­лы­қов негізінен модернизациядан өткен локомотивтердің жиі бұзылатынын тілге тиек етеді. Сондықтан өткен жылы жөндеу қызметін ұсынатын “Қамқор” жөн­деу корпорациясы, модер­ни­зациялаудың авторы “Дженерал электрик” және сервистік қызмет көрсететін “Локомотив” сервис орталығы жетекшілері осы мәсе­ленің мәнісін білу үшін бірнеше рет бас қосыпты. Тепловоз бөл­шектерінің істен шығу себептерін талқылаған. Бұл мәселеде “Дже­нерал электрик” компаниясына сенім артылды. “Дженерал элек­трик” компаниясы локомотивтің электр қозғалтқышына түсетін сал­мақты азайту үшін компью­тер­лік бағдарламаға өзгеріс енгізді. Жалпы алғанда еліміздің талай жылдардан бері тозығы жеткен локомотив паркін толық жаңартуда елордадағы Локомотив құрастыру зауытына жүктелер міндет ауқым­ды. Елімізді үдемелі индустрия­лық-инновациялық дамыту бағдар­ламасы аясында өмірге келген бұл өндіріс ошағының егемен елімізде бәсекеге қабілетті өнім шығару үрдісінде көшбасшы болатындығы даусыз. Халима БҰХАРҚЫЗЫ. АСТАНА.