• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Маусым, 2021

Ұлы ағартушы

1366 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақала­сында тәуелсіздігіміздің мерейтойы біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек екенін жеткізді. Тәуелсіздікке ұмтылыс жан алып, жан беретін күреспен қатар рухани өміріне зор ықпал еткен ағартушылардың отарлау саясатына қарсы идеялық күресімен ерекшеленеді. Солардың ең ірі өкілдерінің бірі – Ыбырай Алтынсарин (1841-1889). Оның педагогика саласындағы мол мұрасын талдау әлі де бір ерекше дүние.

Ы.Алтынсаринның қызметі туралы, көзқарастары жайлы М.Әуезов, С.Мұқановтан бастап мұқият зерттеген мақалалар, құнды монографиялар бар. Дегенмен әр заманның өз Абайы, өз Шоқаны болғаны сияқты, әр заманның өз Ы.Алтынсарины бар. Патша өкіметі­нің чиновниктері, орыс миссионерле­рі, қазақты орыстандырушылар, хрис­тиан дініне шоқындырушылар үшін Ы.Алтынсаринның өзіндік бейнесі болды. Кеңес заманының алғашқы жылдарында оған қазаққа жат, ұлттық, діни тәрбиеден аулақ, орыс, Батыс мәдениетін таратушы деген пікір қалыптасса, кейінгі жылдары оның мұрасы таптық идеология тұрғысынан сараланып, байларға қарсы күрескен қайраткер, тіпті атеист деген мінездеме берілді.

 

Алтынсарин орысшыл болды ма?

Ы.Алтынсарин 1889 жылы дүние сал­ғанда, оның орыс жолдастары: «Ыбы­рай Алтынсарин қазақ арасынан шыққан тұңғыш кемеңгер адам еді, ол қараңғы көшпелі өз халқының ішіне еуропалық өркениеттің жарығын таратты және олар­ды Ресейді сүюге шақырды», деді.

1926 жылы 29 қазанда Ташкентте тұнғыш жоғары қазақ педагогика инс­ти­тутының салтанатты ашылуында сөй­леген сөзінде көрнекті ұлт қайраткері, әдебиетші, жазушы, көсемсөзші Смағұл Сәдуақасұлы Ы.Алтынсарин туралы пікірін білдірді. Оны сол қалпында бергенді жөн көрдік: «Во-второй половине прошлого столетия жил казак, (ол кезде қазақты орысша казак деген) некто Алтынсарин. Он первый из казаков приобщился к русской культуре и не на страх, а на совесть служил помощником православных миссионеров. Он первый был организатором, так называемых, русско-киргизских школ, поборником русского шрифта для казакской письменности. Он был другом и правой рукой ученого миссионера Ильминского.

И вот этот Алтынсарин перед смертью распорядился не пропускать к себе ни одного русского, даже своих друзей. Этот атеист в жизни оставил заве­щание, чтобы на его похороны были приглашены 99 мулл. Да, эта была трагедия прос­ве­щенного казака, может быть, теперь для нас совсем непонятная трагедия, заключавшаяся в том, что в результате многолетней совместной работы с русски­ми, он все-таки, в конце концов, при­­шел к заключению, что мис­сионеры ничего хорошего не желают для казакского народа. Может быть, его угнетен­ное казакское сердце в последнюю ми­­нуту не выдержало собственного прес­­­тупления, и он отказался от това­ри­­­щей, с которыми много лет работал вмес­те». Смағұл Сәдуақасұлы осындай мі­нез­демені Шокан Уәлихановқа да береді.

«Был у нас и другой казак, не менее способный и не менее известный в свое время – это Чокан Валиханов. Он был искренним проводником русской колониальной политики на Востоке». Ол да өмірінің соңғы кезінде достарынан бас тартып, әдемі орыс әскерінің офицер киімін тастап, кең қазақ киімін, аяғына ауыр дала етігін киіп, қашықтағы қазақ ауылында дүниеден озды. Ыбырай мен Шоқан тағдырынан бүгінде оңды қорытынды жасауымыз керек, орыс­тандыру саясаты түбінде орны толмас зақымға, жарақатқа әкеледі деп сақтандырады Смағұл Сәдуақасұлы. Дегенмен орыстандыру дертіне кейін қазақ халқы терең шалдықты. Бүгін де бұл дерттен арылу оңай болмай отыр. Бұл, әрине, бөлек мәселе.

Дегенмен жиырмасыншы жылдары қазақ қауымы әлі де Ы.Алтынсарин шығармаларымен, оның тәлім-тәрбие жұмыстарымен жете таныс емес еді. Ал ол тұста орыс тіліндегі әдебиетте, әсі­ресе революцияға дейінгі мақалаларда Ы.Алтынсарин тұлғасы бір жақты, Ре­сейдің отаршылық саясатын жүргізуші, қол­даушы ретінде баяндалғаны белгілі. С.Сәдуақасовтың Ыбырай Алтынсарин мен Шоқан Уәлиханов туралы ой-пікі­рі олар қазақтарды тек орыс рухына тәр­биелеуші деген біржақты ақпаратқа негіз­делген.

Ы.Алтынсаринның қазақ ұлты үшін орны бөлек: қазақ педагогикасының не­гізін қалаушы, ұлы ағартушы, білім ісінің үйымдастырушысы, фолькло­рист, ақын-жазушы, журналист. Ы.Алтын­­саринның педагогикалық мұра­сын, методологиясын саралау оны басқа этно­педагогикалық жүйелермен салыс­тыруды қажет етеді.

 

Ұлттық психология және ұлттық тәрбие

Әлеуметтік антропология ілімінің өкілі британдық ғалым Дж.Горер «пеленочный», қазақшаласақ «құндақтау» тұжырымын ұсынады. Оның айтуынша, орыстарға сәбилерді жөргекте қатты, қол аяғын тырп еткізбейтін етіп бөлеу тән. Бұл балалардың қайратты, ұстам­ды болып өсуіне әкеледі, ал еркіндікте олар тіпті жарақат алып қалуы мүмкін. Сондықтан орыстар балаларын шамалы уақыт қана еркін ұстап, суға шомылдырып, олармен ойнайды. Осыдан келіп Дж.Горер орыс мінезін екі баламалы кезеңмен байланыстырады: ұзақ уақыт қимылсыздық, сылбырлық және оған қарама-қарсы сілкініс, белсенділік. Орыстың ұлттық мінезі орыс халқының тарихынан, бүгінгі Ресейдің ішкі және сыртқы саясатынан көрініс алып отыр, дейді ол. Көптеген орыстың жан дүние­сі, оның ойынша, депрессия, жабығу, жабырқаулар арасындағы қарқынды, екпінді қызу мен белсенділіктен турады. Бұл әсіресе Ресейдің саяси өміріне тән: ұзақ уақыт көніп, бойсұнып келеді де кенет күшті, қарқынды революциялық қозғалысқа ауысады.

Әлеуметтанушылар мен педагогтер бұл теорияны сынаумен келеді. Бірақ «орыстың жаны – құндақталған жан» деген тұжырымдаманы қолдаушылар да бар. Баланы бөлеу әлемдік бала тәрбиесінде кең тараған салт, бірақ орыс мәдениетінде бұл үлкен күш алған деген ой басым. Керенау, енжарлық пен екпінді, қызулы әрекеттер орыс тарихында алмасып жатады. Сонымен «жөргек комплексіне» байланысты бү­гінгі әлемдік педагогикада мынандай пікір айтылуда: егер ұлттардың психологиясы дараланып, өзгешеленіп тұрса, оларды тәрбиелеуде де өзгеше тәсілдер болмақ. Орыстар үшін оның жолдары әртүрлі: бүгін гуманистік тәрбиеден фа­шистік тәрбиеге дейін пікірлер айтылуда. Бұл енді Ресейдің бас ауруы.

Қазақ халқының психологиясында да қарама-қарсы баламалы құндылықтар алмасып жатыр. Ұлан-байтақ кең далада соғыстар мен жаугершілік рухы халықты бейбітшілік өмірге ертерек бейімдеді. Жаулап алушылық, жо­рықтар этномәдени шеңберінде қор­ғау және өзін өзі нығайту идеяла­рына ұласты. Қазақ даласында бытыраңқылық, өзара араздық пен бірігушілік идеялары ал­масып отырды. Елдің бірлігі тек ха­лық басына ауыр күн туғанда, қиын қыс­тау жылдарда ғана бой көрсетіп, бас­қа кезеңдерде рулық, тайпалық қайшы­лықтар белең алып, бірлік уақытша сипатта болғаны белгілі. Бірлік – бүгін де қазақ үшін күрделі мәселе, рухани капитал.

Алтынсарин ел басын біріктіру, ха­лық­тың келешегі үшін екі ірі мәселені алдына мақсат етіп қойды: біріншісі – мектеп ашу, бала оқыту, жалпы халықты ағарту жұмысы, екіншісі – халықтың ой-санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолындағы тәрбиелік істері. Оған оның барлық іс-амалы мен бізге қалдырған мұралары куә.

Педагог үшін қазақ ұлты қарама-қар­сылықтардың ажырамас бірлігі. Сон­дықтан оның шығармалары «жамандық пен жақсылық», «достық пен алауыз­дық», «сараңдық пен жинақтылық», «тәкап­парлық пен қарапайымдылық», «өнер, білім мен надандық», «әділдік пен әділетсіздік» сияқты қарама-қарсылық негізінде, жамандыққа жақсылықты, адамгершілікті қарсы қою арқылы қазақ­ты бірлікке тәрбиелейді.

 

Дені саудың жаны сау ма?

Алтынсаринның «Бай мен кедей баласы» әңгімесі ел көшіп кетіп, жұрт­та ұмытылып қалған екі баланың бастан кешкен бір тәуліктегі оқиғаны сурет­теуге арналса да, тереңірек қара­ған адамға автордың ой түйінінде көп­те­ген сыр жатқанын аңғаруға болады. Ол «дені саудың – жаны сау» деген қа­­ғи­даны жоққа шығарады. Жастары қатар, дендері сау балалардың бірі ақыл­дырақ, екіншісі ақылсыздау болуын олардың екі таптан шығуымен тү­сіндіру ең оңай жолы. Асанның да, Үсен­нің де естері дұп-дұрыс, дендері сап-сау, биологиялық, психологиялық ауытқушылық жоқ, бірақ жан-дүниелері әртүрлі. Өмір құндылықтарымен бетпе-бет келгенде, Асанның әлсіз, рухани мүгедектігіне кім кінәлі? Үсеннің өз құрдасынан асып түсіп, бетпе-бет келген өмір қиыншылығымен алыса кетуінің себебі неде? Негізінен тұрмыс, әлеуметтік жағдайға байланысты. Өз бетімен жерден еңкейіп шөп алмай өскен Асанды өскен ортасымен ақысыз-пұл­сыз асыраған тұрмыс өз бетімен күн көру­ге келгенде әлсіздікке, бейшаралыққа ұшыратса, әкесін де, өзін де өз күші, өз еңбегімен күн көруге дағдыландырған қиыншылық тұрмыс Үсенді күрескер етті. «В здоровом теле – здоровый дух» деген сөзді көне римдік сатирик Юве­нил тілек ретінде айтқан екен: «Дай бог, чтобы в здоровом теле был «здоровый дух» деп, құдай қалап, «дені саудың жаны да сау болсын!» деген тілек.

Педагогика ғылымы осы сөзді кейін бұлтартпайтын қағидаға айналдырып, дені сау адамның жан-дүниесі, рухы да биік болады, жан саулығы ден сау­лығынан туатындай себеп-салдар байланысына негіздеді. Бұл қағиданы теріс­ке шығарған неміс педагогтері бол­ды, себебі неміс фашистері негізінен ден­дері сау адамдар еді. Бүгін елді үрей­лендірген террористер де қол-аяғы балғадай жігіттер мен қыздар емес пе? Ал Ы.Алтынсарин бұл тұжырымға қа­зақы тұрмыс негізінде XIX ғ. екінші жар­тысында келді.

Орыс отаршылдығы билеп-төстеп тұрған заманда орыс мәдениетіне көз­қарас Ыбырай мен Абай үшін ең бір кө­кейкесті мәселе еді. Абай Жиырма бе­сінші қара сөзінде, «Орысты оқу керек, хик­мет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр». Бұл орыстан бас­қа халықтарда өнер, ғылым, білім жоқ дегенді білдірмейді. Қазақ орысқа тәуелді болғандықтан, орыстың зорлық-зом­былығынан, қысымынан аман қалу, орыс­пен тепе-тең, бәсекелесте болу үшін орыстың тілін, мәдениетін меңгеру қа­жет. Абай былай дейді: «Зарарынан қа­шық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек». Айта кетейік, Абайдың осы сөздерін орыс тіліне аударушылар «зарарынан қашық болу» дегенді орысқа емес, қазақтың «зарарынан қашық бол» деп аударады.

Ұстаз Алтынсарин Орынбор басшыларына бір жазуында қазақ халқының арасында өзінің көрші халықтарының тілін білуге, олардың жазуын үйрену­ге ұмтылушылық күшейіп келе жатқанды­ғын, қазіргі экономикалық және саяси жағ­дайының өзі аяқтарын аттап басқан сайын орыс тілін, орыс жазуын білуді қажет етіп отырғанын баяндайды. Сон­дықтан қазақ мүддесі және үкімет мүд­десі жағынан қарағанда да қазақ даласында орыс-қазақ мектептерін тез тарату қажет-ақ болар еді, деп түйеді. Дегенмен патша өкіметінің орыс­тандырушы саясатына Ыбырай қарсы болды. Оның «Қа­зақ хрестоматиясы» қазақ балалары­на бейім­делгенін, лайықталғаннын кө­ре­міз. Оған енгізілген әртүрлі әңгімелер Паульсон, Ушинский, Толстой, тағы басқалардан алынған. Ол әңгімелер орыс тілінен аударма емес, оны ерекше қазақшалап, қазақтың қа­занында қайнатып, қазақ өміріне жақын­датып, қазақ балаларына түсінікті баяндауды мақсат еткендігіне ғалымдар назар аударады. Сондықтан ол шығарма «Ал­тынсарин әңгімелері» деп орынды ата­л-­ған, ол ұлттық тәрбиеге негіз болды.

Ы.Алтынсаринды орыстандыру­шы етіп көрсету миссионер Н.И.Ильмин­ский­лердің ниеті болса керек. Миссио­нерлер бұрын да, бүгін де, әсіресе діни миссионерлер пиғылын жасырып, жергілікті халықтың қолымен от көсеу арқылы мақсаттарына жетуді көздейді. Сондықтан орыс алфавитін орыс-қазақ мектептерінде енгізуде оның есімін бетке ұстап насихаттаған. Ыбырайдың тәрбиесін алған ұлт жастары миссионерлер ойлағандай патша өкіметінің ықпалын қазаққа таратуға күш салады, олар алған білімдерін қазақтың мә­дениетін өркендетуге, білімін өсіруге жұмсады.

С.Сәдуақасұлы миссио­нер­лердің әрекеттері сәтсіз аяқталғанын айтады. «Орыс-қырғыз (қазақ) мектептері оны құрушылардың ниетіне қарамастан не­гізінен тұтастай басқаша дамыды, өкімет ойлағандай болмады. Ол мектептер би­ліктің үмітін ақтамағаны өз алдына, кері­сінше, одан алғашқы ұлттық патриот-революционерлер шықты», дейді.

 

Имандылық тәрбие

Ыбырай Алтынсарин туралы Кеңес тұсындағы педагогикалық әдебиетте оны ислам дініне қарсы, атеист деген пікірлер айтылып қалып жүрді. Ол атеис­тік идеологияның салдарынан да болар. Н.И.Ильминскийге жазған бір ха­тында «Күлсеңіз, күле беріңіз, мен кей­бір оқытудан бос уақыттарда оларға ресми түрде молда болып та қоямын, сөйтіп, оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді де қосып айтамын», деп жазған ол.

Ы.Алтынсарин указной татар молда­ларының дінді озбыр, фанатизм, догмаға айналдыруына, діни мектептер де зайырлы пәндерден оқытуға қарсылығын үнемі сынаған. Бұл мұсылман дініне қарсылық, христиан дінін тіпті де қол­дау емес еді. Ол дүниені жаратушы құдай деп білген. «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым, Тең етті бәрі­мізге күн мен айын», дейді бір өсиет өлеңінде. «Жаз» атты өлеңінде «құ­дайға шүкір етер жас пен кәрі, Бердің деп жаңға рахат мұндай дәрі» деген. «Мұсылмандықтың тұтқасында» бү­кіл дүниені, жан-жануарларды атай келіп, «мұның бәрінде жалғыз теңдесі, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бір­лігіне һәм кәміл жаратушы халық-қадір екендігіне дәлелі болса керек», деп тұжырымдайды. Оның көзқарасын ғалымдар деизмге жақын дейді.

Алтынсарин орыс-қазақ мектепте­рінде дін сабағы оқылатын кезде қазақ балаларына жеке діни тәрбие берілсін деп талап қойды. В.В.Катаринскийге хатында былай дейді: «Сізге өте бір қай­ғылы хабар білдіруіме тура келіп отыр. Біздің Бессонов Александр Григорьевич, сірә есінен айрылған болар деймін. Өйтпесе, оның өз оқушы­ларына істеген сорақылықтарын бас­қаша түсіне алатын емеспін. «...Бақсам, ол оқытушылар мектебінің 3 және 4-клас­тарында, оқытушылардың қарсы бо­луына қарамастан, бір ай бойы Інжіл мен оның парыздарын уағыздай бас­тапты. Осының нәтижесінде, бір жағы­нан, ол оқушыларға өшігіп, қатал қа­рай бастайды да, екінші жағынан, оқу­­шылар оқудан бас тарта бастапты. Тіп­ті ол шәкірттерін залым деу сияқ­ты сөздерге дейін және оларды клас­тан желкелеп шығаруға дейін барып­ты. Бұл қылығын қазақтар естіп қой­масын, нағыз бәлеге сонда қаламыз», деп жа­зады Ы.Алтынсарин. Енді бір хатын­да Красноуфимск қаласындағы ауылшаруашылық мектебінде оқып жатқан қазақ шәкірттерінің наразы­лығын естіп ызаланған ол өзінің до­сы В.В.Катарийнскийге 1889 ж. ма­мырдың 10-да жазған хатында: «тағы бір на­разылық, яғни қазақ оқушылары­ның наразылығы Красноуфимскіде ауыл­шаруашылық мектебінде туып отыр. Мұ­ның себебі: мұсылман дәстүрін мүл­де елемеу, яғни шошқа етін асып беру, оқушыларға шошқа бақтыру, орыс балалармен бірге ғибадат еткізу деседі. Бұл бәріне ұнамсыз нәрсе ғой... Сондықтан әзірше іс насырға шаппай тұрғанда сон­да барып, оқушыларға түсіндіріп, наразылықты жойғым келеді. Ал егер қажет болған жағдайда директордың өзімен де сөйлескім келеді» деп хабарлайды.

Мектептерде дін сабағының мүм­кін­дігін пайдаланып, қазақ балалары үшін «Шариятул-ислам» атты оқу­лық­ты жазған. Бұл кітап балалардың мұ­сы­лман дінінің қағидаларын игеруіне айтар­лықтай үлес қосты. Ы.Алтынсарин пат­ша әкімдерінің отарлау, қазақтарды орыс­тандыру, шоқындыру саясатына барынша қарсылық білдіріп, ұлттық және діни наным-сенім тәрбиесінің де іргесін қалады.

 

Амангелді АЙТАЛЫ,

философия ғылымдарының

докторы, Қ.Жұбанов атындағы

Ақтөбе мемлекеттік

университетінің профессоры

 

АҚТӨБЕ