Атырау облысының Ресейдің Астрахан өңірімен шекаралас Құрманғазы ауданында құтқару бекеті ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержановтың айтуынша, бұған дейін Құрманғазы ауданында құтқару бөлімшесі болмаған.
«Құрманғазы ауданы облыс орталығынан 230 шақырым қашықта орналасқан. Мұнда құтқару бөлімшесі болмағандықтан, төтенше жағдайлар туындаған кезде Атырау қаласынан құтқарушылардың ауданға жедел жетуі қиын еді. Енді міне, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құтқару бекеті ашылып отыр», дейді Омар Бержанов.
Құтқару бекетінде кезекшілікті ұйымдастыру үшін барлық жағдай қарастырылған. Демалыс бөлмелері мен асханасы, құтқарушылардың кәсіби дайындығын арттыруға арналған оқу сыныбы бар.
«Құтқару бекетінің қызметкерлері тек жазда су айдындарында ғана емес, жыл бойы көмекке келуге дайын болады. Сол себептен, құтқару бекетіне жол талғамайтын маркалы авариялық-құтқару құрал-саймандарымен жабдықталған 2 «УАЗ», 2 жүзу қайығы, сүңгуір-құтқару жабдықтары мен байланыс құралдары бөлінді», дейді Б.Омаров.