• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 15 Маусым, 2021

Зерттеу университеті ғылым мен өндірісті дамытуға бастайды

565 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық аграрлық университеті біраз жылдар бойы ұлттық зерттеу университетіне трансформацияланып, 2020 жылдың 23 қазанында Үкімет Қаулысымен осы мәртебеге ие болды. Бүгінгі таңда университет 9 халықаралық және ұлттық рейтингте лайықты орын алады. Биыл QS әлемдегі ең үздік университеттер рейтингінде 551-орынға көтерілді. Осы ретте тілшіміз Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-ректор, Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті, академик, ТМД жетекші аграрлық ЖОО ректорлары кеңесінің төрағасы, әлемнің аграрлық ЖОО жаһандық консорциумы Президиумының мүшесі Тілектес Есполовпен сұхбат құрып, зерттеу университетін дамыту тәжірибесі жөнінде сөз қозғады.

– Тілектес Иса­бай­ұлы, Сіз басқаратын уни­вер­ситет Қазақ­станда алғаш­­қы­­лардың бірі болып ұлт­­тық зерт­­теу уни­­­верситеті мәрте­бе­сін алды. Осы­­­ған кеңі­нен тоқ­та­лып өтсеңіз?

– Еліміздегі өндіруші салалар оң динамика көрсетіп отыр, ал ғы­лымды талап ететін өндірістер іс жүзінде толыққанды дамымай жатыр. Осының салдарынан тех­но­логиялық өнімдердің әлем­дік нарығында отандық аграр­лық тауарлардың бәсекеге қабі­лет­ті­лігі төмен. Бұл салада өнім осы уақытқа дейін сыртқы нарыққа тек шикізат түрінде шығарылады. Мәселені шешудің бір ғана жолы – білімге негіз­дел­ген инновациялық даму. Ин­тел­­лектуалды ресурс­тар про­грес­­сивті дүниежүзілік даму­дың өзе­­гіне айналды.

Жоғары білікті мамандар даяр­лауды жетілдіру отандық бі­­лім беру жүйесін жаңғыртпай, атап айтқанда, ғылымның дамуы­на негізделген инновациялық қыз­метті белсенді жүзеге асыра­тын университеттің жаңа мо­д­елін қалыптастырмайынша мүм­­кін емес. Сонымен қатар біз ғы­­­лым­ды инновациялық идея­лар­­дың көзі ретінде ғана емес, ин­но­вациялық үдерістердің бар­лық буынына енетін ресурс ре­тін­­де қарастырамыз.

Университеттер алда белсенді жұмыс жасап, әрдайым трендте болуы керек. Бірінші тренд – бұл жоғары білімнің бұқаралығы және үшінші деңгейлі білімі бар халық үлесінің артуы. Сарап­шы­лардың пікірінше, әлемде­гі сту­денттердің саны 1,5 млрд-тан асты.

Ғалымдар еңбек өнімділігі елдегі жоғары білімді жұмыс­шы­лар санына тікелей байланысты екенін дәлелдеді. Экономикасы дамыған елдерде халықтың 30-50%-ы жоғары білімді және еңбек өнімділігі бір жұмысшыға 40-60 мың долларды құрайды. Қазақстанда жұмыс жасайтын ха­лықтың жалпы санының 18,5%-ы жоғары білімді, сон­дық­­тан еңбек өнімділігі әр жұ­мыс­­шыға – 17,4 мың доллар. Егер аграрлық секторды алатын болсақ, осындағы көрсеткіштер одан да төмен: жоғары білімді жұмысшылардың үлесі 12%, ал еңбек өнімділігінің деңгейі – 11,8 мың доллар.

Екінші тренд – жоғары бі­лім­ді интернационалдандыру. Статис­тикаға сүйенсек, әлем­де­­­гі шетел­дік студенттердің саны шама­мен 5 млн-ға жетті. ЮНЕСКО-ның болжамдары бо­йын­­­ша 2025 жылға қарай ше­тел­дік сту­денттердің саны 7 млн-ға жете­ді. Шетелдік сту­дент­­тер не­­гі­зінен АҚШ, Ұлы­бри­­тания, Қы­тай сияқты еңбек өнім­­ділігі жоғары елдерде оқиды. Қа­зақ­стан­да 15 жыл ішін­де ше­тел­дік студенттер саны 1,7 есе артты. Бұл трендтің пайда бо­луына таланттар үшін жаһан­дық күрес ықпал етті.

Үшінші тренд – цифрлық плат­форма және жаңа технологиялар. Цифрландыру, «ақылды» техно­логиялар бүкіл әлемде оқы­ту үдерісін түбегейлі өзгертті. Кез келген адам өзі таңдаған ел­дің кез келген жоғары оқу орын­­­да­рында ең арзан бағада, өзіне қо­лайлы уақытта, әлемнің кез кел­ген жерінен сандық плат­фор­мада білім ала алады. Панде­мия­ға бай­ланысты бұл басым тренд­ке айналды.

Төртінші тренд – жоғары оқу орындарының миссиясын білім көздерінен зерттеу, ин­но­ва­циялық және техно­логиялық прогресс орталық­тарына жылдам трансформациялануы. Қа­зақ­­с­тан­да бүкіл әлемдегідей жыл сайын қызметтік мансабына бай­ланысты 3-тен 5-ке дейін ма­мандық ауыстыратын адамдар көбейіп келеді. Сондықтан әмбебап дағдылар алдыңғы қатарға шығады, мысалы: білім алу, ақпаратпен жұмыс істеу, жаңа технологияларды тез игеру, сыни тұрғыдан ойлау және кез келген мәселелерді шешуге шығармашылық тұрғы­дан келу. Бұл дағдыларды дамы­ған ғылыми-білім беру инфра­құрылымы бар және кадрлық әлеуеті күшті зерттеу универ­ситет­тері бере алады. Сондықтан біз оқу үдерісі ғылыми зерт­теу­лер­­ге негізделген зерттеу универ­си­­теті моделін таңдадық.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр­ғандай, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу жекелеген елдерде ІЖӨ-нің экономикалық өсімін 50%-ға және одан да жоғары деңгейге жеткізеді. Қазіргі кезде әлемдік экономикада ғылымды қажет ететін өнімдер өндірісі макро­техно­логиялардың 50-55%-ын ғана қамтамасыз етеді. Дамуы жоғары деңгейдегі 9 елдің үлесіне барлық ғылымды қажет ететін өнімнің шамамен 80-90%-ы тиесілі. Бұл елдерде 50 макро­технологияның 46-сы бар. Мысалы, Қытай ғылымды қажет ететін өнімдердің экспортынан 500, Германия – 180, АҚШ – 150, Сингапур – 130, Оңтүстік Корея – 125 млрд доллар алады. Бұл ең алдымен ғылымды дамытуға бөлінетін қаржы ресурстарының көлеміне байланысты.

Технологияда көшбасшы ел­дер ғылымға ІЖӨ құнының 2-5%-ын бөледі. Егер бұл көр­сеткіш 1%-дан төмен болса, онда ол елдің ғылыми-техни­ка­­лық қауіп­сіз­дігі үшін шекті бо­лып саналады. Қазақстанда ғы­­лымның сыйымдылығы орта есеппен 0,17%-ды құрайды, яғни осы шек­ті деңгейден 6 есе төмен. 2019 жылы бұл көрсет­кіш елдің ІЖӨ деңгейінен 0,12% дейін төмендеп кетті. Сон­дық­тан республикада ғы­лым­ды қар­жы­­ландыруды 2025 жылға қа­рай ІЖӨ-нің 1 пайызына дейін ұлғайту туралы шешім қа­был­данды.

ІЖӨ-нің зерттеу қарқын­ды­­­лығын арттыру тәсілде­рі­нің бірі – бір зерт­теушіге бөлі­не­­тін шығындарды көбейту. ЮНЕСКО-ның мәліметтері бо­йын­ша, бұл көрсеткіш Қазақ­­­­станда орташа есеппен – 46 (тұ­ты­ну қабі­леттілігінің па­ри­те­ті бо­йын­­ша), Ресейде – 54, Қытайда – 202, Жапонияда – 209, Гер­ма­ния­да – 234, АҚШ-та – 300 мың долларды құрайды.

Елде 2025 жылға дейін қар­жы­ландыру көлемін білім беру саласында 6 есе, ғылым сала­­сын­да 7 есе көбейту туралы ше­шім қа­былданды. Сондық­тан эко­но­миканың осы секторы үшін ма­мандар даярлау білім мен ғы­лым­ды қажет ететін өндіріс ар­қылы жүзеге асы­рылуы­ керек, бұған тек зерттеу универ­ситет­терінің ғана шамасы жетеді.

– Бүгінде елімізде аграрлық бі­лім мен ғылым деңгейі қан­дай?

– Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің барлық қыз­ме­ті елдегі аграрлық білім мен ғы­лымды дамытуға ба­ғыт­талған. Соңғы жылдары агро­өнеркәсіптік ғы­лымға 10 млрд теңгеден аса қа­ражат бө­лінді, бұл жалпы ғылымға кеткен шы­ғынның шамамен 13%-ын құ­райды. Қаржы­ландырудың осындай көлемі­нің арқасында аграрлық сала ға­лым­дары 500-ден аса ғылыми әзір­лемелерді дайындап, өндіріске ен­гізуге ұсын­ды.

Дамыған елдерде ғылымға са­лынған 1 доллар өндіріске 4-тен 9 долларға дейін түсім бере­тіні белгілі. Біздің еліміз­де аграр­лық ғылымға салын­ған 1 теңгеге 5 500 теңгені құ­рай­­тын өнім өндіріледі. Бұл біз­дің ғалымдар алған ғылыми нәти­жел­ердің бәсекеге қабілетті еке­нін көрсе­теді. Алайда ғылыми әзірле­мелер нәтижелерінің 8%-ы ғана өндіріске енгізіледі. Іс жүзін­­де ғылыми зерттеулердің нәтижесі төмен болғандықтан, агробизнес тарапынан ғылыми нәтиже­лерге сұра­ныстың төмендігі бай­­қа­­лады, ­сонымен қатар білім беру, техно­логиялар трансферті мен коммер­цияландыру бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүр­гізіл­мейді. Сондықтан ғы­лы­ми зерттеулердің нәтиже­ле­рін өндіріске ғылыми қолдау мә­се­ле­сін шешу қажет.

Бұл мәселенің шешімі – ғы­лым­ға қаржы ресурстарын дұрыс бөлуде, өйткені оны қаржы­лан­ды­руда үлкен айыр­ма­­шы­лық­тар бар. Бар­лық қара­жат­тың 90%-дан астамы ғы­лы­ми зерттеулерге, 10%-дан азы тәжірибелік жұмыс­тар­ға, ал 0%-ы трансферт пен ком­мер­ция­ландыруға бөлін­ген. Әлем­дік тәжірибеде осы үш бағыт шамамен бірдей қаржы­лан­дырылады, әрқайсысы – 30-35%-дан.

Бүгінгі таңда ғалымдар аграр­лық ғылымды дамыту үшін тү­бе­гейлі шаралар қабыл­дау­ды ұсы­нады. Атап айтқан­да, ғы­лы­ми-зерттеу институттарын қаржыландырудан ғалым­дар­­­ды қаржыландыруға көшу, тәжіри­бе­лік жұмыстарға шығын­дар­дың үлесін арттыру, технология­лар­ды трансферттеуге және ком­мер­­циализациялауға бюджет қара­­жатын бөлу, тәжірибелік шар­­­­уа­­шылықтардың санын озық же­­ке­­­меншік агроқұрылымдарды тар­ту, олардың қызметтерін өзгер­­ту есебінен көбейту.

Ғалымдар ДСҰ-ға мүше елдерде қолданылатындай «жасыл себет» шеңберінде фермер­лер­дің шығындарын субсидиялау бо­йын­ша ұсыныстар әзірледі. «Жа­сыл себетке» мемлекеттік қолдау шаралары кіреді: ғылыми зерт­теулер, дақылдардың зиян­кес­терімен және ауруларымен күресу, кадрларды даярлау, та­­уар­­ларды нарыққа шығару қыз­меті, жалпыға қолжетімді инфра­құры­лыммен қамтамасыз етуге қызмет көрсету және т.б. Бұл ғылымға қосымша қаражат тарту­ға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибеде дәл осы білімді тарату жүйесі – аграр­лық ғылымның, білім беру мен өндірістің өзара байланысын қамтамасыз ететін, демек ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырудың негізгі құралы. Уни­верситеттің Ситуациялық орта­­лығында апта сайын ауыл­шаруа­шылық тауар өндіру­ші­леріне арналған онлайн-конференциялар өткізіліп тұрады, оған агроөнеркәсіптік кешенді да­мытудың өзекті мәселелері бо­йынша Қазақстанның барлық аймағынан 5 мыңға жуық ауыл кәсіпкерлері қатысады.

Инновациялық білім беруді дамыту үшін адами капиталдың әсері жеткіліксіз. Сондықтан білім беру ортасының өзін өзгер­ту ке­рек. Тек еңбек ресурс­та­рының білім көлемін ұлғайтып қана қоймай, білім мазмұнын, оның әдістері мен құралдарын сапалы өзгерту қажет. Ең бастысы, болашақ мамандарды дайын­дау­ға бизнес пен қоғам жоғары оқу орындарымен бірдей атсалысып, қалыс қалмауы керек.

Бүгінде Қазақстанның білім беру экономикасындағы кор­по­ра­тивтік бизнестің үлесі шамамен 1%-ды құрайды, ал Батыста бұл көрсеткіш 30%-ға жетеді. Әрине, мұндай ықпалдасу бизнес тарапынан бақылауды талап етеді, ол білім беру бағдар­ла­ма­ларының мазмұнын, аудито­рия­лардың жабдықталуын тексе­ріп, университеттерге зерт­теу­­­лер­­ге және т.б. тапсырыс бере­­ді. Уни­вер­ситеттегі барлық 209 білім беру бағдарламасы стейк­хол­­дерлермен бірлесіп әзір­­­ленген.

Тәжірибелік дайындықты күшейту үшін университетте Агробизнесті стратегиялық зерттеу орталығы жұмыс істейді, онда студенттер екінші курс­­­­тан бастап ауылшаруашылық құры­лым­дарының нақты дерек­тері негізінде бизнес-жобалар жасайды. Оқу аяқталғаннан кейін университет түлектері дайын бизнес жобаларымен өндіріске барады. Тәжірибелердің барлық түрі 7 айға дейін ұлғайтылды.

– Сіз басқаратын жоғары оқу орны қазіргі уақытта қан­дай халықаралық универ­си­тет­термен тығыз ынты­мақ­тас­тық орнатқан?

– Оқу орнымыз зерттеу уни­вер­ситеті ретінде елімізде таны­мал болып, жетістікке жетіп, енді халықаралық ғылыми және білім беру қоғамдастығында та­нылуды мақсат етеді. Уни­вер­ситет – әлемнің 137 жетек­ші жоғары оқу орнымен, ғылыми орта­лықтарымен ынтымақ­тас­тық­та жұмыс істейді, сондай-ақ жоғары білім мен ғылымның 16 халықаралық қауымдастықтары мен ұйымдарының, соның ішін­де әлемнің аграрлық жоғары оқу орындарының жаһандық консорциумының (GCHERA) мү­шесі.

Бізде Халықаралық білім хабы құрылды: академиялық ұтқыр­лық дамуда, үш тілді білім беру енгізілді, 14 бағыт бойынша жазғы және қысқы халықаралық мектептер өткізіледі.

АҚШ, Еуропа және Тынық мұхиты аймағының беделді университеттерімен белсенді ынтымақтастық орната отырып, университет 11 қос дипломды бағдарламаны қалыптастырды.

Университет өзінің иннова­ция­лық дамуында ауыл­шаруа­шы­лық маман­дық­тары бойынша QS әлемдік рейтингінде 1-орын алатын Вагенинген ғылы­ми-зерттеу университетінің (WUR, Нидерланд) тәжірибесін бас­шы­лыққа алады. Вагенинген университетімен жұмыс бо­йын­ша институт ашылды. WUR-мен «Ветеринарлық-тағам қауіп­сіз­дігі және технологиясы», «Өсім­­дік туралы ғылым және тех­­­нологиялар» екі білім беру бағ­дарламасы бойынша бірлес­кен оқыту туралы келісімге қол қойылды.

Осындай бағдарламалардың енгізілуі әлемдік деңгейдегі бі­лік­тілігі жоғары, халықаралық аре­нада бәсекеге қабілетті маман­дарды даярлауға және жинақ­тал­ған тәжірибені еліміздің жоғары оқу орындарына трансферттеуге мүмкіндік береді.

– Соңғы кездері «сұр жаға­­лыл­ар» атанып жүрген, жо­ға­ры технологиялық кә­­сіп­орын­дар мен ұйымдарда қалай жұмыс іс­теуді білетін ма­ман­­дар на­рықта сұра­нысқа ие. Мұндай мамандарды даяр­лау үшін университетте қандай жағ­дайлар жасалды?

– Университет еңбек нары­ғын­да бәсекеге қабілетті болғы­сы келсе, алға қарай ұмты­лып, ма­мандарды сапалы дайын­дау­ға, ғылыми зерттеулер жүр­гі­зуге және олардың нәти­же­­­ле­­рін өндіріске енгізуге мүм­­кін­дік беретін иннова­ция­лық ор­та­лықтар мен зертха­на­лар құруы қажет. Құра­мы­на 7 ғы­лыми-зерттеу институты, 8 ин­­­но­­вациялық орталық, 49 ғы­лы­ми зертхана, 18 халық­ара­лық ғылыми орталық кіретін Халықаралық Агротех­но­логия­лық хаб соңғы 5 жылда 6 ғылыми зерт­­ханамен және 2 иннова­ция­лық орталықпен толықты.

АҚШ-тың Корнелл уни­вер­си­тетімен бірлесіп микроклоналды көбею зерттеу зертханасы ашылды, онда 3 млн данаға дейін бактериялық күйікке және басқа ауруларға төзімді сау көшеттер алынады.

Нидерландтық Dutch Fruit Solutions компаниясымен бірле­сіп «Қарқынды бақ» зерттеу орта­­лығы құрылды. Бұл жерде жеміс-жидек дақылдарының өнім­ділігі жергілікті дақылдарға қа­рағанда 4-5 есе жоғары.

Монпелье университетімен (Франция) бірлесіп ашылған референттік зерттеу зертханасы сүт пен сүт өнімдерінің сапасын талдайды, осында ауыл кә­сіпкерлері өндірілген өнім­нің сапасына сертификат ала алады.

Нидерландтық «Dutch Greenhouse Delta» қауым­дасты­ғы­мен университетте бесін­ші буын жылыжайы салынады, бұл жабық топырақта ауыл­шаруа­шы­лы­ғы өнімдерін өсіру бо­йынша білімді тарату орта­лы­ғы ретінде құ­рылады.

Қазақстан-Корей ғылыми орта­­­лығында жабық топырақта ауылшаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысатын мамандар мен басшыларға арналған тренингтер өткізіледі. «Ақылды» жы­лыжай құрылысы жүріп жа­тыр. Инвестициялар Корея Рес­пуб­­ликасының қорынан тартыл­ды.

Университеттің Қазақс­тан­дық-Беларусь орталығы 75 бір­лік заманауи ауыл­шар­уа­шылық техникасымен жабдықталған, бұл ауылшаруашылық дақылдарын өсіру мен ауыл шаруашылығы жануарларына күтім жасаудың бар­лық агротехнологиялық про­­цесін уақытында жүргізуге мүм­кіндік береді.

Қазақстандық-Америкалық «Ақыл­ды су» орталығында аме­­­­­ри­калық Valmont Industries ком­паниясымен бірлесіп инно­вациялық тамшылатып суару машиналары мен суару тех­ника­сының басқа түрлерінің демон­стра­циялық алаңы жасалуда.

Аустрияның «APC» компа­ния­сымен бірге «Smart-фер­ма­сы» асыл тұқымды мал шаруа­шылығының иннова­ция­лық ғылыми-білім беру орталығы және т.б. жобалар жүзеге асырылуда.

Университеттегі бұл жұмыс жүйелі негізге қойылған, өйткені дамыған инфрақұрылым ғана мамандарды сапалы даярлауға және қайта даярлауға, ғылыми зерт­теу­лер жүргізуге және олар­дың нәтижелерін өндіріске ен­гі­зу­ге мүмкіндік береді.

– «Рухани жағыру» бағдар­ла­­масының түпкі мақсаты – ұлт­­­­тық кодты нығайту, бәсе­­ке­ге қабілетті мамандар кор­пу­­­­сын қалыптастыру және әлем­дік әлеуметтік-мәдени кеңіс­­­­­тікке шығу. Осы бағыт­та уни­­­­вер­­с­итетте қандай жұ­мыс­тар жүргізілуде?

– Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғы­на орай және «Рухани жағыру» бағдарламасын іске асыру аясында университетте халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліп, түрлі тақы­рыпта ғылыми жобалар мен іс-шаралар әзірленуде. Жыл ба­сынан бері университетте: «Қазақ­станның Тәуелсіздігі жыл­­дарындағы 30 айшықты оқиға», «30 ғылыми жоба», «30 қайы­рымды іс», «30 үздік стартап-жоба», «30 үздік жас ғалым», «30 үздік студент» және т.б. жобалар жүргізілуде.

Мысалы, «ҚазҰАЗУ-нің 30 үздік жас ғалымы» жоба­сы­ның мақсаты – іргелі және қол­дан­балы ғылымның дамуына зор үлес қосқан жас ғалым­дар­­­дың инновациялық идеяларын қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы олар­дың ғылыми әлеуеттерін жүзеге асыруларына көмектесу. Жобаға 40 жасты қоса алғанда магистрлар, PhD докторлары, зерттеушілер мен оқытушылар қатысады.

Жалпы жүйелі жұмыс нәти­жесінде университет 9 халық­аралық және ұлттық рейтингте лайықты орын алады. Соңғы бір жыл ішінде университет үлкен жетістікке жетіп, 40 пози­цияға көтеріліп, әлемнің үздік университеттерінің QS рей­тин­гінде 551 орынға ие болды. Мақсат – 2024 жылға қарай QS-400 рейтингімен әлемдік дең­гейдегі университет болу.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»