• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Маусым, 2021

Діннің діңгегі дәстүрмен берік

757 рет
көрсетілді

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас...» дейді алып Абай. Солай екенін біле тұра Жаратушыға деген құлшылықты, жат әдеттерден жерініп, жақсылыққа қарай ұмтылуды, ағайын-туыспен ара суытпай, көрші-қолаңмен тату болуды жаһандану дәуірінде аға буын да, жас толқын да ұмытып бара жатқан секілді. Осы олқылықтың орнын қалай толтырамыз? Қайдан ізденеміз, кімнен үйренеміз? Сауал – көп, жауап – жалғыз. Көңілдегі көп күдікті «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы сейілтеді.

Қазақтың жан әлеміне, рухани бай­лығына өлшеусіз үлес болып қосыл­ған бұл қомақты еңбек Бас мүфти Нау­рызбай қажы Тағанұлының жетек­ші­лігі­мен жарыққа шықты. Күні кеше елор­дадағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында осы кітап көпшілікке таныстырылып, көрнекті тұлғалар оған қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында бол­ғанымда елімізде Исхан ілімін ке­ңінен насихаттау қажеттілігі туралы бастама көтеріп едім. Президентіміз бұл бастаманы қолдайтынын жеткізіп, игі тілегін білдірген болатын. Біз хал­қымыздың жүрегіне жақын рухани ілімді кеңінен насихаттау үшін «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын шы­ғаруды қолға алған едік. Міне, ерек­ше ынта-ықыласпен жазылған қо­лы­ңыздағы бұл еңбек сіздің де рухани өміріңіз үшін пайдалы болады деген үміттемін. Шариғат ілімдерінің негізі болып саналатын сенім, фиқһ, тарих сын­ды салалар халқымыздың діни сара жолын нақ көрсете білді. Ендігі жер­де бізге қажеттісі – рухани жан дү­ниеміздің өзегіне айналған тәрбие ілімі. Мұны біз ихсан ілімі дейміз. Ихсан сөзі «жақсылық жасау» деген ұғымды білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы кез келген ізгі амалды ең кемел түрде орындау деген ұғымға саяды, – деді ҚМДБ төрағасы.

Бас мүфти жаңа кітаптың жаңашыл­дығына тоқталып, осы кітапты шығаруға сүбелі үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты. Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негізделген дін екенін жет­кізіп, әдептілік адамды көрікті ете­тінін алға тартты. Ихсан ілімі көркем мі­нез бен адамға тән күллі әдептілікті қалыптастыратынына баса мән берді.

– Бұл еңбекте «Жаратушы Аллаға ихсан», «Тұлғалық ихсан», «Ихсан және қоғам» сынды тараулар қамтылып, Ислам ғұламаларының ихсан ілімі жайлы ой-толғамдары берілді. Кітаптан әрбір адамға аса қажет ықылас, ниет, ыждағат, тұрақтылық, тиянақтылық, Аллаға, Құранға, Пайғамбарға деген­ махаббат, нәпсімен күресу жолдары, жүрек дертінен арылу, рух таза­лы­ғы, тіл тазалығы сынды көркем мі­незді қалыптастыратын сипаттарды тұла бойымызға сіңіру қажеттігін түсінеміз. Сонымен қатар ата-ана, бала-шаға, көрші-қолаң, ағайын-туыс, айналадағы адамдардың ақысы туралы­ құнды насихаттар жазылып, жаман әдет­терден арылудың жолдары көр­сетілді. Ихсан ілімі әуелі пенденің Аллаға деген бойсұнуынан басталады. Адам баласының Аллаға деген ихсаны: алдымен иман келтіру, бұйырған амалдарын орындау, барлық тыйым салған нәрселерден аулақ болу, ізгі амалдарды арттыру, – деді Бас мүфти.

Оның айтуынша, ихсан – бақытын иманнан іздеген жұртымыздың жүрегіне жақын ілім. Халық ұғымындағы: «Жақ­сылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», «Кең болсаң – кем болмайсың», «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік», «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды», «Жақсылық еккен алғыс орады» сынды нақылдар ұрпақтан-ұрпаққа тәрбие ретінде айтылып, өмір сүру дағдысына айналды.

– Діни басқарманың ихсан тақыры­бын­да арнайы кітап шығарып, ел ағала­рын жиып ауқымды іс-шара өт­кі­­зіп отыруы – үлкен бетбұрыстың басы деп ойлаймын. Өздеріңізге мә­лім, Түркітілдес мемлекеттердің ын­тымақтастық кеңесінің бейресми­ сам­ми­тінде Түркістан – түркі әлемінің ру­хани орталығы болып бекітілді. Біз Түркістанды рухани орталық дей­міз. Неге?  Себебі Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бабамыз күллі түр­кі әлемінің рухани ұстыны ретінде ба­ғаланады. Ал руханият дегеніміз осы – ихсан. Ихсанның алып бесігі – Түр­кіс­тан топырағы. Жүсіп Хас Хажибтің кі­сілік кітабы – «Құтты білік» осы ихсан кітабы. Беріге тамыр тартсақ, Абайдың «Қарасөзін» де ихсан туралы кітап деп айтуға болады. Өйткені дүниенің көрінбеген тұ­сын түгендеу, әлемнің түпкі мәніне ықыласпен, ыждағатпен тереңдеп бойлау – ихсан ілімі, – деді Ха­лықаралық Түркі академиясының пре­зиденті, іс-шара модераторы Дархан Қыдырәлі.

Жиынға қатысушылар құнды еңбек­тің жарық көруімен құттықтап, Діни бас­қарманың игі бастамаларына жылы ле­біз білдірді. Жаңа кітаптың мәні мен ма­ңызына, бүгінгі қоғамға береріне тоқталды.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарса­ңын­да Бас мүфти Наурызбай қажы Та­ғанұлының жетекшілігімен «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы жарық көріп отыр. Бас мүфти осы тұсаукесер алдында республикалық бұқаралық ақпарат құ­ралдары беттерінде «Ихсан әлемі адам­затты ізгілікке тәрбиелейді» атты ма­қаласын жариялап, қалың бұқараға ке­ңінен түсінік берді. Бұл мақала елі­міз­дегі мұсылман қауымының тарапынан қолдау тапты. Ендігі ретте, бүгін жұрт­шы­лыққа таныстырылып отырған бұл баға жетпес кітап басқарманың діни саладағы ғылыми-зерттеу бағытындағы қыз­метіне оң ықпалын тигізеді деп санаймыз. Ихсан ілімі дегенде біз адамды рухани жетілдіріп, кемел адам дең­гейіне көтеретін және ата-бабалары­мыз­дан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпақ­қа мирас болып келе жатқан рухани ілім­ді түсінеміз, – деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев.

Вице-министрдің айтуынша, күллі түркі жұртының ұстазы, ғұлама ғалым Қожа Ахмет Ясауиден бас­тап, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды ұлы ой­шыл­дары­мыздың дәуіріне дейін ихсан ілімі кеңінен дәріптелген. Хакім Абай ХІХ ғасырдың өзінде-ақ ихсан болу өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен­ жақсылыққа, рухани кемелдікке ұм­тылатын адамдарға ғана тән сипат еке­нін жеткізген еді. С.Егізбаев бұл қо­мақты еңбек жастарға діни бағытта дұ­рыс ақпарат беруге, еліміздің дін тұтас­тығын қалыптастыруға, сондай-ақ дес­труктивті діни ағымдардың идео­логиясына қарсы іс-қимыл жасауға септігін тигізеріне сенімділік білдірді.

– Бүгін тұсауы кесіліп отырған «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы еліміздің Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен үндес, рухтас екенін көрдім. Кейінгі жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тікелей атсалысуымен дін мен салт-дәстүр сабақ­тас­тығы туралы көкейге қонатын кітап­тар көптеп шығып жатыр. Бұл – өте құп­тарлық, қуанарлық жағдай. Діни бас­қарманың негізгі міндетінің бірі – мұсыл­ман тәрбиесін беру. Осы ретте айтатыным, діни басқарма өз міндетін ой­дағыдай атқарып келеді. Оның жар­қын мысалының бірі – қолымызға тиген «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы. Бұл кітап адам баласын тәрбиелеуге, хакім Абай айтқан «Толық адам» кон­цеп­ция­сына негізделген, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Жиын барысында Бас мүфти Нау­­­рыз­бай қажы Тағанұлы тағы бір жақ­сы жа­ңалығымен бөлісті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғұла­ма­лар кеңесінде екі ғылыми жоба қолға алыныпты. Соның бірі – ислам энциклопедиясын жазу болса, екіншісі – діни терминдердің орфографиялық тізімін жасау болып отыр. Діни терминдердің тізімі бекітілген соң елімізде «Аллаһ» немесе «Алла» деп жазамыз ба?» деген сынды бірқатар мәселенің басы ашылып, бір бірізділік пайда болмақ.

– Дін мен әдебиеттің мақсат-мүдде­сі – бір: ұрпақ тәрбиелеу, адам баласын дұрыс жолға салу. Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» деген ди­дак­ти­калық өлеңін әлемге үлгі етуге болады. Кемеңгер тұлға айтып отырған жат дү­ние мен жанға жақын дүниелердің, қа­шық болатын дүниелер мен асық бо­латын дүниелердің мән-мағынасы жө­нінде осы «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кіта­бында тереңдетіп айтылған. Бұл кітапты қолға алған кезде адамды тереңіне тартып әкететін ғұламалық қасиетті байқадық. Осы құнды дүниеде деннің, жанның, рухтың тазалығы дегенге үлкен мән беріледі. Бүгінгі заманның рухани кодексі – осы кітап, – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Іс-шара соңында кітаптың салтанатты түрде тұсауы кесілді.