• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Маусым, 2021

Қоғамдық көлік көңілден шықпай тұр

232 рет
көрсетілді

Петропавл қаласы – экологиялық тұрғыдан еліміздегі таза қалалардың бірі. Оның орталық көшелерінің барлығын жаздыгүні жасыл желек көмкеріп, сары күзге дейін құлпырып тұрады. Гүлзарлар мен демалыс орындары да гүлге оранып, жайлы күндері қалалықтардың сүйікті орнына айналады.

Қала басшылығы былтырдан бері экопарк құрылысын да жүргізуде. «Қарасай батыр» стадионының маңында орналасқан бұл орын – бала­лық дәуреннің қызық ордасы. «Жастар» стадионының футбол манежі де биыл жөндеуден өтіп, спорт­сүйгіш балалардың сүйікті орнына айналған.

Қала әкімі Болат Жұмабеков өзінің жуырдағы әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі баяндамасында тұр­ғын үйлердің ауласына жасалған бұрынғы 6 тренажердің орнына биыл тағы 20-сы қосылатынын айтып, балаларды қуантып қойды. Жазғы каникулда 15 спорт алаңында шағын футболдан балалар арасында жарыс өткізілмек. Оған кем дегенде 2 мыңнан артық бала қатысады деп жоспарланған.

Қызылжардың осындай көркі­не қала ішінде жүретін ескі автобус­тардың жұтаңқы түрлері жараспайды-ақ. Қазір қаланың ішінде 20 автобус маршруты бар. Күн сайын қала көшелеріне 197 автобус пен шағын автобус шығады. Маршруттарға 11 тасымалдаушы компания қызмет көрсетеді. 2020 жылы қалаға бірде-бір жаңа автобус алынбаған. Оның объективті себептері бар. Соның ішін­де жаман індеттің кесірі көп болғаны белгілі. Ал биыл 100 жаңа автобус алынатыны жөнінде әңгіме көптен бері айтылып келеді, бірақ солар әлі де жетпей жатыр. Әкім баяндамасында бұл көліктердің шілде мен тамыз айларында келіп қалатынын айтты. Ал қазіргі автобустардың көбі қаланың көркін қашырып тұр. Оның кей­бірінен қою қара түтін будақтап, қаланың экологиясын да бүлдіріп жүр.

Жуырда облыс полицейлері «Қоғамдық көліктегі экологиялық қауіп­сіздік» атаулы рейдін жүргізіп, арнайы құрылғылармен автобустан шығатын түтіннің ауаны ластау дең­гейін анықтады. Түтіндегі зиянды газ мөлшері тексерілген 6 автобустың бесеуінде шамадан тыс көп болды. Біреуінде оның мөлшері нормадан 5 есе артық болса, тағы бірінде 16 есе көп болған.

«Бұл жүргізушілер Әкімшілік құқық бұзу­шылық кодексінің «шығарын­­дыларда ластаушы зат­тар­­дың болуы нормативтерден асып кететін автомотокөлiктерді және басқа да жылжымалы құралдарды пай­далану» жөніндегі 334-бабымен жауапкершілікке тартылды. Ауаны ластайтын заттардың көлемі 2 есе көп болса ескерту, ал көбірек бол­са 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады», дейді ПД Жергілікті полиция қызметі бас­қармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция под­полковнигі Григорий Тыш.

Сонымен бірге көлік құралдары­ның техникалық жағдайы да тек­серілген. Сөйтсе рейс алдындағы бай­қаудан 4 жүргізуші өтпеген болып шықты. Бұл жол қауіпсіздігін сақтау тәртібін өрескел бұзушылық болып есептеледі. Жүргізушінің қан қысымы тексерілмеген болса, алкогольді ішімдік пайдаланбағаны анықталмаса, оған сенім де жоқ. Демек, тасымалдаумен айналысатын компаниялар өздерінің міндетін толық орындамайды.

Әкімдік қаланың ішіндегі №2, №14 және №24 маршруттарға қызмет көрсететін осындай тасымалдаушылармен келісімшарттарды бұзып, бас­қа тасымалдаушы тағайындау туралы шешім қабылдап отыр. Енді өз ісіне жауапты компаниялар келіп, шаһар ішіндегі автобус тасымалы жақсарар деген үміт бар. Бұл, әсіресе жеке көлігі жоқ қарт адамдар мен әлеуметтік әлжуаз топқа жататын жандар үшін маңызды. Олар көлік үшін тек автобусты пайдаланады. Қазір қала әкімдігінің қолдауымен осындай 9,5 мың адам қалаішілік автобустармен тегін және жартылай тегін бағамен жүреді.

 

ПЕТРОПАВЛ