Демалыс маусымы басталысымен, пойыз билеттерінің бағасы шарықтап шыға келеді. Өкініштісі, бұл жағдай жылда қайталанады. Алыпсатарлардың араны ашылатын шақ та осы кез. Вагондары ескірген, билеттері қымбат темір жолдың бағасы көрсетілетін қызмет сапасына сай емес.
Алакөлге жетудің өзі мұң
Мәселен, Алакөл демалыс орнын мысалға алайық. Отандық туризмнің алтын алқасы – Алакөлге қатынау қиындап кетті. Екінші жыл қатарынан осындай жағдай орын алып отыр. Былтыр пандемияға байланысты туристердің жүріс-тұрысы шектелген еді. Ал биыл ұшақпен әрі көлікпен қатынау қиямет-қайымға айналды.
Өйткені ұшақ жолаушыларын құшақ жая қарсы алатын Үржар ауданының әуежайы биыл уақытша жабылды. Қазір мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әуежайдың ұшу-қону жолағы заманға сай қайта жаңғыртылмақ. Қазіргі жолақ заманауи әуе кемелерін қабылдауға қауқарсыз. Әуежай тек келер жылы ғана туристерге өз қызметін ұсына алады.
Бұдан бөлек, Алакөл демалыс орнына алып баратын автокөлік жолдарына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өкінішке қарай, осының бәрі туристердің Алакөлге қатынауын қиындатып отыр. Сондықтан демалушылар да, туристік компаниялар да биыл темір жол қатынасына тәуелді. Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бұл міндетті қаншалықты мінсіз атқара алады? Қазір отандық туристерді осы сұрақ жиі толғандырады.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің айтуынша, елдің аумағындағы 141 маршруттың бәрі қазір толық жұмыс істеп тұр. Тек Шығыс Қазақстан облысы бағытында ғана проблема бар көрінеді.
– Өткен жылдың қарашасынан бастап пандемияға қатысты шектеу шараларынан кейін Шығыс Қазақстан бағытындағы пойыздар санын қысқарттық. Содан бері бұл мәселе әлі реттелген жоқ. Ал жолаушылар пойыздардың санын арттыруды талап етіп отыр. Біз көпшіліктің тілегін орындай аламыз. Алайда ол үшін өңірдегі бас санитарлық дәрігердің шешімі керек, – деді Қанат Әлмағамбетов.
Басқарма төрағасының бірінші орынбасары дәл қазіргі уақытта Алакөлге қатынау өзекті мәселе болып отырғанын мойындады. Айтуынша, әдетте бұл бағытқа 7-8 пойыз қатынайды екен. Қазір 10 пойыз жолаушыларды тасымалдауға дайын. Оның екеуі жеке компанияға тиесілі. Бұл ретте 15 маусымнан бастап «Жолаушылар тасымалының» коммерциялық пойызы жолға шықты. Ал 18 маусымнан бастап «Vagon Service Almaty» компаниясы екі пойызын қатарға қосады.
Араны ашылған алыпсатарлар
Өкінішке қарай, коммерциялық пойыздардың шығуымен Алакөл бағытындағы пойыздың билеті де қымбаттаған. Қазақстандық туризм индустриясы қауымдастығының төрайымы Мунирам Ахметованың айтуынша, кешелі бері жүйеде жаңа билеттер пайда болыпты. Алайда олардың құны әдеттегі бағадан 3-4 есе қымбат. «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының маркетинг және сату жөніндегі орынбасары Виктор Бошманның түсіндіруінше, бұл билеттер коммерциялық пойыздарға тиесілі.
– Коммерциялық пойыздардың бағасы нарықтың сұранысына байланысты қалыптасады. Сондай-ақ тасымалдаушының шығындары да ескеріледі. Оның үстіне мұндай пойыздарға Үкімет тарапынан субсидия қарастырылмаған. Сондықтан баға белгілеу кезінде компанияның шығындарын жабу ең алдымен қаперге алынады. Сонымен қатар бұл пойыздардағы жағдай анағұрлым жақсы. Желдеткіштер жұмыс істейді. Сол себепті бағасы субсидияланатын пойыздармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, – деді Виктор Бошманн.
Белгілі болғандай, 16 маусымдағы жағдай бойынша Алакөл бағытына «Жолаушылар тасымалы» АҚ және жеке тасымалдаушы компаниялар тарапынан 123 354 пойыз билеті сатылымға түсіпті. Бұл алдағы 45 күнді, яғни 16 маусымнан 31 шілдеге дейінгі аралықты қамтиды. Бүгінде оның 76 800-і сатылып кеткен. Қалғаны – 46 550 билет.
– Маусым айының басында күніне орташа есеппен Алакөл бағытына 3 700 билеттен сатылды. Мәселен, Алматы – Алакөл бағыты бойынша алдағы 45 күнге пойыздардың барлығына 55 686 билет бар. Оның 44 мыңы сатылды. 11 600 билет сатылған жоқ. Нұр-Сұлтан – Алакөл бағытына алдағы 45 күнге 33 700 билет қарастырылған. Оның 20 150-і сатылды, қалғаны – 13 550 билет, – деп нақтылады «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының маркетинг және сату жөніндегі орынбасары.
Қ.Әлмағамбетовтің айтуынша, билетке қатысты қалыптасқан жағдайды кейбір тараптар өз мүддесіне пайдаланып қалуға тырысуда.
– Дүрбелеңді қолдан жасап отырғандар баршылық. Бұл жерде жолаушыларға уақытында дұрыс ақпарат ұсына алмаған біздің де кінәміз бар. Халықтың сұранысын бір сәтте қанағаттандыра алмаймыз. Дегенмен, қабылданған шаралар өз нәтижесін береді деген сенімдеміз, – деді ол.
Еске сала кетейік, 2019 жылы Қазақстанда билет сатылымының жетілдірілген жүйесі қабылданды. Ол арқылы билетті рәсімдеу мен қайтаруға дейінгі барлық процесті бақылауға мүмкіндік бар. Оның бәрі осы жүйе арқылы сатылады. Билетті 45 күн бұрын алуға болады. Ал қала маңындағы бағыттар үшін сатылым 10 күн бұрын басталады. Виктор Бошманның айтуынша, билет сатылымы күн сайын таңғы сағат 7-де ашылады. Халық билеттің сатылымға қашан түсетінінен бейхабар. Қазір осы олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді.
– Билет кассасында күту парағы деген бар. Жолаушылар осы қызметті де пайдалана алады. Күту парағына тізімге тұрғандарға компания билет тауып беруге тырысады. Мәселен, маусым айының алғашқы он күнінде бұған 6 581 өтінім келіп түскен. Соның 3 510-ы қанағаттандырылды. Яғни күту парағына тұрған адамдардың 50 пайызына билет тауып берілді, – деді В.Бошманн.
Ол алыпсатарлармен күрес қарқын алғанын мәлімдеді. Бүгінде «Қазақстан темір жолы» компаниясының сайты арқылы бір қолданушы 10 билет қана ала алады. Одан асып кетсе, қолданушының парақшасы автоматты түрде бұғатталады. Бұл шара 2019 жылы енгізілген. Бұдан бөлек, 2020 жылдың қаңтарынан бастап алыпсатарлықпен айналысқандарға тағайындалатын айыппұл сомасы 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылған.
Ashyq жолаушыларға кедергі ме?
Билет мәселесінен бөлек, демалушылардың жолын бөгейтін тағы бір кедергі бар. Ол темір жол вокзалдары мен ірі стансаларда Ashyq жүйесінің енгізілуі.
– Республика бас санитарлық дәрігерінің шешімімен осы айдан бастап темір жол вокзалдарында Ashyq жүйесі қолданылады. «Нұрлы жол» темір жол вокзалы кешені бүгіннен, яғни 17 маусымнан бастап аталған жүйемен жұмыс істейді. Жалпы Ashyq бұған дейін бір апта сынақтан өтті. 21 маусымнан бастап Алматы-1, Алматы-2, Қарағанды және Өскемен вокзалдары жүйеге қосылады. 1 шілдеден бастап өзге облыс орталықтарындағы вокзалдар мен Шу, Бейнеу секілді ірі стансалар Ashyq жүйесімен жұмыс істеуге тиіс, – деді Қ.Әлмағамбетов.
Бұл жүйе белгілі бір деңгейде жолаушыларға да, вокзал қызметкерлеріне де қолайсыздық тудырады. Мұны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары да мойындады.
– Ashyq жүйесі әуежайларда жұмыс істеп тұр. Сондықтан оны қалай қолдану керектігін көпшілік біледі деп ойлаймыз. Өз кезегінде біздің тарапымыздан толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жолаушылар барынша түсіністік танытады деп ойлаймын. Бұл бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған қадам екенін ұмытпайық, – дейді Қ.Әлмағамбетов.
Осы жерде тағы бір мәселе туындайды: Ashyq жүйесінде «сары» немесе «қызыл» түс көрсетілген жолаушылар билетті қалай қайтарады? Өйткені қауіпті індетті жұқтырған жолаушылар вокзалға кіре алмайды. Тиісінше, кассаға өтіп, билетті тапсыру да мүмкін емес.
– Ashyq қосымшасынан өте алмаған жолаушыларға арнап, WhatsApp әлеуметтік желісінен арнайы топ құрылды. Оның нөмірі – 8-707-207-36-64. Осындай жағдайға тап болғандар аталған нөмірге келесідей үш құжатты жіберу керек: бірінші – билеттің суреті немесе скриншоты. Екінші – Ashyq қосымшасындағы нәтиженің суреті немесе скриншоты. Үшінші – жеке куәлік немесе паспорттың суреті. Осылайша, жолаушы арнайы тізімге алынады. Алты айдың ішінде ол «Жолаушылар тасымалы» компаниясының кез келген кассасына барып, билет ақшасын кері қайтарып ала алады. Билеттің ақшасы жолаушыларды тасымалдаудың қолданыстағы ережесіне сәйкес қайтарылатынын атап өткен жөн, – дейді В.Бошманн.
Қызмет көрсету сапасы сын көтермейді
Нарықтағы ойыншылар темір жол қатынасына қатысты түрлі проблемалар бар екенін алға тартуда. Мәселен, Мунирам Ахметова вагондардың әбден ескіргенін айтты.
– Қазір Алакөлдемін. Демалыс орнына Алматы арқылы бардық. Пойыз вагондарының іші адам төзгісіз. Кондиционер жоқ. Вагондар әлдеқашан ескірген. Оларды қалпына келтіру де мүмкін емес. Терезелер жабылмайды. Жабылса, ашу машақат. Үнемі жел үрлеп тұрады. Перроннан мініп-түсу де қиындық тудырады. Халық вагондардың жанға жайлы болғанын қалайды. Туристер платцкартпен қысылып барғысы келмейді. Сондықтан купе вагондарды көбейту керек. Алакөлдегі демалыс маусымы үш айға ғана созылады. Осыған дұрыс жағдай жасауға болады. Сервисті жақсарту керек, – деді Қазақстандық туризм индустриясы қауымдастығының төрайымы.
Қ.Әлмағамбетов аталған кемшіліктерді мойындады. Айтуынша, парктің жартысына жуығы ескірген. «Жолаушылар тасымалы» компаниясында Кеңес үкіметінен мұра боп қалған 1 551 вагон бар екен. Бүгінде мұның 93 пайызы жолаушыларды тасымалдауға әзір. Бұдан бөлек, 670 тальго вагоны бар. 174 вагон резервте тұр. 2019 жылдан бастап 209 жаңа вагон сатып алынған. Жақын арада 32 купе вагоны сатып алынбақ. Жаңа вагондардың алғашқы легі тамызда жеткізілуі тиіс. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 62 вагон қатарға қосылады деп күтілуде.
«Sky Way» туристік компаниясының басшысы Әсем Қозбағарова Алакөл бағытындағы пойыздардың барлығын субсидиялау керек деп санайды. Сонда демалушылар да барынша көп қамтылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжановтың айтуынша, Нұр-Сұлтаннан Алакөлге қатынайтын үш маршрут субсидияланады. Бұдан бөлек, Алматы-Алакөл бағытындағы төрт маршруттың үшеуіне субсидия беріледі. Өскемен арқылы қатынайтын екі маршуртқа да субсидия қарастырылған.
«Тұмар-Транс» компаниясының директоры Раушан Шәміл «Қазақстан темір жолы» компаниясының сайты арқылы билет рәсімдеу ұзақ уақытты алатынын алға тартты.
– Бұрын ондай емес еді. Мәселен, баламен баратыныңды көрсетсең, оның азаматтығын, жынысын, электронды поштасын белгілеу керек. Ата-анасымен бірге бара жатқан бала үшін мұның бәрі артық ақпарат деп ойлаймын. Көп уақытты алады, – дейді Р.Шәміл.
«Express Tour Company» компаниясының басшысы Раушан Сартаева туристік операторларға билет сату тетігін қайта қарастыруды ұсынды. Өйткені 10 билеттен артық алмау туралы шектеу бизнестің қызметіне кедергі келтіреді екен.
Мұның бәрі биыл ғана белгілі болған жайт емес. Жылда қайталанатын жағдай. Осыдан нәтиже шығара алмай келе жатқанымыз өкінішті.