Қызылорда қаласында 47 жастағы азаматтың денесі екі күннен кейін Сырдария өзенінен табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ол 14 маусымнан бері хабарсыз кеткен. Сүңгуірлер 15 маусымда 13.00-тен бастап Сырдария өзенінің төменгі ағысынан 1,2 шақырым аралықта іздеу жұмыстарын жүргізді.
«Құтқарушылар Талсуат елді мекеніне дейін моторлы қайықпен су бетімен 15 шақырым аумақты қарап шықты. Сондай-ақ «Ягодка» саяжайына іздестіру жүргізілді. Сол күні 20.33 минутта іздестіру шарасы уақытша тоқтатылды. Бұл жұмыстар 16 маусымда таңғы сағат 05.30-дан бастап қайта жалғасты. Нәтижесінде сағат 16.30-да оның мәйіті судан шығарылып, туыстарына табысталды», деп мәлім етті облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.
Іздестіру жұмыстарына барлығы 15 адам мен 6 автокөлік, оның ішінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 8 құтқарушысы мен 3 техника жұмылдырылды.