Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы көрермендерін өнерімен тәнті етіп келеді. Бұдан бұрын аталған өнер ұжымы жанынан жастар театры ашылған еді. Ал биыл қуыршақ театрының алғашқы премьерасы сәтті өтті.
Жастардың өнер ордасын облыстық драма театрының әртістері Гүлнұр Қайырлиева мен Әміржан Нұрланұлы құрған еді. Олар труппа мүшелерін студенттер мен жоғары сынып оқушыларының арасынан таңдады. Жас буынның тарапынан өнерге бет бұруға ниет білдірушілер аз болмады.
– Кастинг кезінде актерлік өнерге бейім жастардың көп екенін байқадық. Алғашқы спектакльді Жайық жағалауында, қалалық саябақтарда қойдық. Бүгінгі жастардың көңілінен шығатын, аудиториясына лайық тақырыптарды репертуарға енгізуге тырыстық, – дейді театр жетекшісі Ә.Нұрланұлы.
Жақында жастардың өнер ұжымы Керчь қаласында тұрақты өтетін «Боспорские агоны» халықаралық театр фестиваліне аттанған еді. Бұл фестивальге атыраулық жастар ағылшын жазушысы Бернард Шоудың «Цезарь және Клеопатра» пьесасының желісімен «Клеопатра» драмасының премьерасын ұсынды. Бас режиссері – Мұқанғали Томанов.
– Бұл – карантин кезіндегі алғашқы гастроль. Спектакль премьерасы өзге елдің сахнасында алғаш рет ұсынылды, – дейді театр директорының орынбасары Нұргүл Құмарқызы.
Оның айтуынша, Керчте «Боспорские агоны» фестивалі 1999 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл фестивальде ежелгі өнерді қазіргі еуропалық мәдениеттің негізі ретінде танымал ету көзделген. Атыраулық актерлер аталған фестивальге 2017 жылы «Медея» спектаклімен қатысқан еді. Сол кезде театр ұжымы «Ежелгі тақырыпты заманауи оқу» аталымына ие болды.
Ал биыл ХХІІІ рет өткен халықаралық фестивальде 11 театр бақ сынады. Солардың арасынан атыраулық жастар театры екі жүлдені иеленді. Фестивальдің бас жүлдесі – «Үздік спектакль» аталымы мұнайлы өңірдің жас өрендері ұсынған «Клеопатра» қойылымына берілді. Сондай-ақ Клеопатраны сомдаған атыраулық жас актер Ғайни Кукатова «Ең үздік әйел рөлі» аталымын иеленді.
Өнерге деген қызығушылық жастар театрының әртістерін осындай табысқа кенелтті.