• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 18 Маусым, 2021

Жаппай ақтау жұмыстары жандана түсуде

311 рет
көрсетілді

Петропавлға Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылдың 24 қарашасында құрылған Мемлекеттік комиссияның Жобалық офисінің басшысы Сабыр Қасымов бастаған комиссия мүшелері келіп, аймақтық комиссияның жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Делегация құрамында Президент аппараты Ішкі саясат бөлімінің жауапты қызметкері Нұрғали Мамытов, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Сәуле Мәжкенова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, Жобалық офистің қызметкері Ажар Рахымбекова болды.  

​Қазір республика бойынша ғалымдар мен сарапшылардан құралған 11 жұмыс тобы істесе Солтүстік Қазақстанда 7 жұмыс тобы істейді. Әсіресе, наурыз айынан бері аймақтық жұмыс тобы қызу жұмыстарға кіріскен. Аймақтық комиссияның барлық жұмысына басшылық жасауды облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өз мойнына алған, ал топтардың жұмысын комиссия мүшесі, облыстық архивтің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова үйлестіруде.

​Кездесуге аймақтық комиссияның белсенді құрамы қатысты. Өзінің сөзінде Ғани Нығыметов Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында комиссия жұмысының мәні мен маңызы арта түсетінін атап өтті.

«Біз Кеңес одағының кешірілмейтін қателіктерін әшкерелеп, оған саяси баға беру жолында жұмыс істеп жатырмыз», деді ол.

​Сабыр Қасымов қуғын-сүргіннің барлық зардабының негізгі бөлігі, яғни 80 пайыздайы Қазақстанда қазақ халқының басына түскенін айтты.

«Кіші Октябрь» сияқты эксперименттердің қырғыны тіпті түгелдей қазақтың басына түскен. Қазір зерттеліп жатқан аудандық архивтерден де бұрын ешкім ашпаған деректер табылып жатыр. Бұлардағы көптеген қиғаш фактілер, адамның құқы мен бостандығының аяққа басылу сұмдықтары тіпті жабайы жолдармен жасалған. Бұрынғы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңда біздің қоғамымызға тән көптеген спецификалар көзге ілінбей, өзге елдердің осы тақылеттес заңы ғана негізге алынған. Онымен тек тәркіленген ірі байлар ғана ақталған. Ал «орташа» немесе жала жабылып айдалған, атылған кедейлер мүлде ақталмаған. Халықтың шекараның барлық периметрі бойынша сыртқа ағылғаны, оларды қуып жеткен ОГПУ жендеттерінің қырғынға ұшыратқаны, қаншама адамдардың қырылғаны ешқашан толық айтылмаған. Қазір осындай мәселелердің бәрі табылуда», деді С.Қасымов.

Сонымен бірге ол қуғын-сүргінге ұшырағандарды жаппай ақтау басқа бір халыққа немесе мемлекетке деген қарсылық, өшпенділік тудырмайтынын айтты.

«Біз бұл мәселені ешқашан саясиландырмауымыз керек. Ақтау жұмыстары тек сталиндік-большевиктік режімнің қылмыстарын ашуға бағытталған. Қуғын-сүргінге барлық халықтардың өкілдері ұшырады. Соның ішінде ең көп азап шеккендердің бірі орыс халқының өкілдері», деді ол.

С.Қасымов Солтүстік Қазақстандағы аймақтық комиссияның жұмысына жоғары баға беріп, оның жұмысы жақсы жүргізіліп жатқанын айтты.

​Осыдан кейін барлық жұмыс топтарының басшылары өздерінің әрекеттері туралы баяндап берді. Ақтау жұмыстарының негізгі себептерін ұға алмай, тек тарихи құжаттардағы жазбаларға байланып қалғандар да бар екендігі көрініп қалды. Атақты 58-ші баппен сотталғандардың бәрін ақтайтын болсақ қарулы көтеріліске шығып, қызылдардың Кеңестің қызметке қойған жазықсыз адамдарын да өлтіргендерді де ақтауымыз керек пе деген секілді сұрақтар да болды. Оған комиссия ешкімді ақтамайтынын, тек фактілерді тегіс анықтап, артынан сараланатындығы туралы жауап берілді.

Әрине, жазықсыз жандарды өлтіргендерді ақтауға болмайтындығы белгілі. Билікке деген қарсылық тек бейбіт жолмен жасалуы керек-ті. Бірақ большевиктер бейбіт жолмен қарсылық білдіргендерді түгел қырып тастамаса да тегіс түрмелерге тоғытатындығы хақ. Сондықтан ол кездегі қарсылықтың ерекшелігі де артынан ескерілетін болар.