Медиа-форум делегаттары Қазақстан басшысының бастамалары мен ұсыныстарына толық қолдау білдірді
Алан КАСАЕВ, Ресей, “Жаңалықтар” ақпарат агенттігінің ТМД және Балтық елдері бас дирекциясының директоры:
– Бұған дейінгі барлық форумдарда болғам. Жалпы Ресей тарапынан да, біздің агенттік тарапынан да бұл жиынға деген қызығушылық өте үлкен. Ең алдымен, осы медиа-форумдағы Назарбаев мырзаның сөзін бөле-жара айтар едім. Сіздердің Президенттеріңіз үшін биылғы жыл шынында да ерекше жыл. Себебі, Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы басталды. Жақында ғана Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте батыл бастамаларымен әлемдік ілтипатқа ілінді. Сонымен бірге Қазақстан Президенті биыл өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Осы аталғандардың бәрі мерейленетін жайлар. Ал енді медиа-форум әдеттегіше, қай жағынан алғанда да тамаша ұйымдастырылған.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі сөзінде Қазақстанның Еуропадағы және бүкіл әлемдегі алатын орнын дәл айқындап берді. ЕҚЫҰ саммиті болатындығы жөніндегі хабарды жұрттың бәрі оң бағалап, разы сезіммен қарсы алды. Бұл туралы парасатты ойлайтын адамдар көптен бері айтып жүрген болатын. Бүгінгі медиа-форум талқылауларынан да күтетініміз аз емес. Пікірталасқа салынған мәселелер де салмақты. Иран тақырыбы өте көкейкесті. Мәселен, мені Кеден одағы құрылуына байланысты тақырып өте-мөте қызықтырады. Бұл жайында Қазақстанда әртүрлі пікірлер бар екендігін де білемін. Кеден одағының негізгі қағидаттары қалай жүзеге асары, әлбетте, ешкімді бейжай қалдырмайды. Бәлкім, осы форумда айтылатын ойлар бізге неғұрлым дұрыс, байыптырақ бағытқа түсуге көмектесетін шығар.
Кеннет КРУШЕЛЬ, АҚШ, “Medіa Assets Partners” компаниясының президенті:
– Бұл форумға 2006 жылдан бері қатысып келемін. Мұндай жиындарды өткізіп тұру әлемнің әр тарабындағы журналистер үшін өте маңызды. Бұл тәжірибе алмасудың тамаша мектебі. Мұнда өзіңді толғандырған сұрақты батыл қойып, соған нақты жауап алуға болады. Қазақстан әлемдік экономикада өзіне лайықты орнын ала білген ел. Сондықтан, көршілеріне де ықпал ете алады. Қырғызстандағы жағдайды сауықтыруға нақты септігін тигізуге мүмкіндігі сол себептен де мол. Барак Обаманың шақыруымен Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке Нұрсұлтан Назарбаевтың табысты қатысуы Қазақстанның бұл мәселеде әлемдегі орталық тұлғалардың бірі екендігін дүние жүзіне паш етіп берді. Осыған қарағанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық таңдауы сіздің елге түсуі тегін емес. Бұл таңдаудың әбден дұрыс болғандығын Қазақстан Президенті қазір әлемдік қоғамдастық алдында нақты қадамдармен, сындарлы әрі сарабдал саясатпен дәлелдеуде. Оның Вашингтонға жемісті сапары, ядролық қарусыздануға байланысты бүгінгі айтқан ой-тұжырымдары осыны көрсетеді.
Адриан МИРОН, Румынияның Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы:
– Мен медиа-форумға осымен екінші рет қатысып отырмын. Меніңше, өте қызғылықты жиын. Осы замандық толғамды мәселелер жөнінде әрқилы пікірталастар болып жатыр. Биылғы жылдың ерекше мәнді мәселесінің бірі – Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы десек, бұл міндетті сіздердің еліңіз байсалдылықпен ілкімді атқаруда. Қазақстан Президентінің бүгінгі сөзі кеудесі биік елдің атынан айтылып, өте асқақ естілді. Алға қойылып отырған нысаналы мақсаттардың аса зор екендігі байқалды. ЕҚЫҰ аясында Қазақстанның қатысуымен бірқатар күрделі міндеттердің өз шешімін табатынына деген сенім зор. Мысалы, Ауған түйткілі көп жылдардан бері әлем жұртшылығының назарында. Ал Қазақстанның осы Ауған мәселесіне деген көзқарасы өте жаңашыл рухпен сипатталады. Ауғанстанға қатысты ең алғаш рет әскери күш кіргізу тұрғысында емес, керісінше, оған инвестиция салу, гуманитарлық көмек көрсету мәселесі көтерілді. Осында ауғандықтар үшін курстар ашу жөнінде шешім қабылдаған Қазақстанның идеясы да тамаша емес пе. Бұл өте маңызды. Себебі, жастар білім алса, қателіктерді жібермеуге, өз өмірлерін дұрыс арнаға салуға үйренеді ғой. Есірткіге, лаңкестікке қарсы күрестегі Қазақстан тұғырнамасы құрметке лайық. Осы ретте Президент Назарбаевтың сөзі мен ісі әрқашан бір жерден шығады. ЕҚЫҰ аясында Саммит өткізу идеясы да Еуропа қоғамдастығының көңілінен шықты. Еуропаның көптеген елдері Қазақстан бастамасын қолдап отырғандығы белгілі. Меніңше, осы ретте Қазақстан көшбасшысының сіңірген еңбегі мен рөлі орасан зор ғой деп ойлаймын. Менің елім Румыния қазақстандық бастаманы басынан бастап қолдап, атқарылған істерді оң бағалап келеді.
Рамиз МЕШЕДИГАСАНЛЫ, Түркия, “Тюркел”, “Отан” газеттерінің және еуразиялық “Алтын көпір” журналының бас редакторы:
– Еуразиялық медиа-форумда ғана емес, біз Назарбаев мырзаның сөйлеген сөздеріне әр уақытта зор мән беріп, қадағалап отырамыз. Мысалы, өткен жылы Әзірбайжандағы Нахичеван қаласында түркі тілдес елдер басшыларының саммиті болды. Сондағы сөзін де зор ықыласпен тыңдағанбыз. Оның ЕҚЫҰ төрағалығына кірісердегі үндеуін Астанада естіген болатынмын. Біз Нұрсұлтан ағаны түркі әлемінде үнемі өзіміздің көш бастаушымыз деп есептейміз. Ол біздің бәрімізге, түркі тілдес халықтарға әрқашан өте пайдалы, ұзақ мерзімді ақыл-кеңес беріп, үлгілі насихат айтады. Өйткені, түркі тілдес елдердің бірігуі, сайып келгенде, Назарбаевтың идеясы болып табылады. Ол тіпті Нахичеван қаласында сөйлеген сөзінде шын мәнісінде бірігуіміз керектігін, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз керектігін әдемі айтты. Қалай бірігудің жолын да көрсетіп, түркі тілдес елдердің академиясын құруды ұсынды. Мамыр айында болатын Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Қазақстанға сапары алдында бұл бізді өте-мөте қуанышқа бөлейді. Осы кезде Астанада түркі тілдес халықтар академиясы ашылмақшы. Міне, осынау ұлы оқиғаның бастамашысы Нұрсұлтан Назарбаев болып отырғандығын сіздермен бірге біз де мақтаныш етеміз. Мысалы, медиа-форумға мен өзім орынбасарым Хакима ханыммен бірге жыл сайын қатысып жүрмін. Бұрынғыға қарағанда сапалық тұрғыдағы өзгерістері өте көп, мазмұны байи түскен. Мұның өзін біз Қазақстан әрқашан достыққа, өңірдегі татулық пен келісімге ұмтылады деп бағалаймыз. Тек қана өңірдегі татулық емес, қазір Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде бүкіл Орталық Азия аймағында тыныштық болуын қалайды және осы орайдағы іс-әрекеттер мен үдерістерді үйлестіріп реттестіреді. Мінеки, Нұрсұлтан Әбішұлының бүгінгі сөзіне зер салсақ, ол Қырғызстандағы жағдайға қандай әділ баға берді. Мемлекет басшысының қашанда халықпен бірге өмір сүру керектігін, халықтан ажырамауы қажеттігін айтты. Әлеуметтік жарылыстар болмау үшін елдегі бақуаттылықты ескеріп отыру керек. Олай болса, ол кісінің бүгінгі сөзі елдегі тыныштықты сақтап, тұрақтылықты қалпына келтіру жөнінде қырғыз халқына тастаған үндеу сияқты болып көрінді маған. Алда 70 жасқа толғалы отырған аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлына зор денсаулық, Қазақстанның гүлдене беруін тілеймін.
Хакима ХАЛИЛОВА, Түркия, “Тюркел”, “Отан” газеттері және еуразиялық “Алтын көпір” журналы бас редакторының орынбасары:
– Халықаралық журналист ретінде біз Орталық Азия өңірінде жиі болып тұрамыз. Осы кезде бізді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алысты болжайтын, көреген саясаты таңдандырмай қоймайды. Мұнда әлемде ешқандай баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған. Мұның өзі басқа мемлекеттерге үлгі-өнеге болып, оларды төзімділікке, толеранттылыққа, парасаттылыққа, этносаралық достық пен келісімге үйретуі тиіс. Осының арқасында ежелгі қазақ жерінде бейбітшілік пен тыныштық, береке мен бірлік ұя салған. Адамдар бір-біріне әрдайым құрметпен қарайды, бір-бірінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін сыйлайды. Бізге Қазақстанда 130-дан астам әртүрлі ұлттар өкілдері тұратындығы белгілі. Оларды Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық саясаты, парасатты мемлекеттік саясаты достастырып, бауырластырып, біріктіріп отыр. Басқа елдерде де осындай жағдай болса екен деймін. Әрине, түркі әлеміне кіретін Қырғызстанда осы күндерде келеңсіз жағдайлардың орын алуы өкінішті. Осынау қиын күндерде Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқының, өз елінің ғана емес, туысқан қырғыз елінің болашағына да алаңдауы, оларға көмек қолын созуы сүйсіндіреді. Демек, ол кісінің түркі әлемінің көш бастаушысы атануы тегін болмаса керек.
Аэлита ЖҰМАЕВА, Ресей, “arba.ru” интернет-басылымының бас редакторы:
– Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін зор ықыласпен тыңдадым. Ол әдеттегісінше халықты толғандырып отырған өте өзекті әрі көкейкесті мәселелерді қозғады. Мен, әлбетте, мұндай сарабдал Президентті мақтан тұтуға хақылымын. Өйткені, өзім қазір Ресей азаматшасы болсам да, Алматыда туып өскен қазақ қызымын. Әрбір жолы осы медиа-форум келгенде, Елбасының сөзін тыңдауға құштар сезіммен асығатынымды байқаймын. Ресейде тұрғанымнан менің қазақ қаным, қазақы рухым өзгермейді. Сырт пішінім де сол қалпында қалады. Ал Қазақстан Президентінің сөздері мен үшін әрқашан ақылды, әрі тартымды болып шығады. Оның әлемдегі әр жағдайға байыпты баға беретін сөздері маған ұнайды. Бүгін ол Қырғызстанға байланысты жақсы ой-толғамдар айтты. Онда болған жағдайлар бүкіл Орталық Азия үшін сабақ болуы тиіс сияқты. Ондай жағдайды болдырмас үшін Нұрсұлтан Назарбаев өте дұрыс жөн-жоба сілтеді.
Вугар МҰСТАФАЕВ, Әзірбайжан, “АРА” ақпараттық агенттігінің редакторы:
– Форумды, өзінің ауқым-сипатын, алдына қойған мақсатын ескере келгенде, тек оң тұрғыдан ғана бағалаймын. Ол әр елдің, Азия мен Еуропаның журналистерін жақындастырады, достастырады, біріктіреді. 37 елдің БАҚ өкілдерінің жыл сайын басын қосып отыру оңай шаруа емес. Мұнда жаңа байланыстар орнатып, тәжірибе алмасамыз. Бәлкім, бірлескен жаңа жобалардың негізін саламыз. Ал енді Нұрсұлтан Назарбаевтың осында сөйлеген сөзіне келетін болсақ, әсіресе қарусыздануға, әлемнің ядролық әлеуетін бәсеңдетіп азайтуға байланысты тұстары өте назар аударарлық болды. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Қазақстан өзінің Семейдегі ядролық полигонын өз еркімен жапқан бірінші ел болғандығы да біз үшін ғанибет. Бұл өте маңызды, әлемнің басқа елдері үшін ой салатын, үлгі көрсететін қадам. Әрқашан бейбітшілікті қалайтын менің елім Әзірбайжан да мұндай оң ниетті басынан бастап қолдап келе жатқандығына өз басым қуанамын. Келешекте Нұрсұлтан Назарбаевтың ақ ниетті арман-мақсаты орындалып, әлем ядролық тажалды жүгендеп, аластауға қол жеткізеді деп үміттенемін. Бірақ осы бағыттағы іс-әрекеттер біржақты болмай, бұл бастаманы, яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын әлемнің барлық ядролық державалары қолдауы керек деп білемін. Бұл арада Иранның ядролық саясаты мен антиирандық саясаттың да аражігін ажыратып алу керек сияқты.
Валерий РУЗИН, Ресей, Еуразиялық телевизия және радио академиясының вице-президенті, академик:
– Еуразиялық медиа-форумға мен осымен тоғызыншы рет қатысып отырмын. Бүкіл әлеммен бірге Қазақстан да бастан кешіп отырған күрделі әрі қиын жағдайларға қарамастан, жиын биыл да сәтімен өтіп жатыр. Әр кездегідей, ұйымдастыру деңгейі жоғары, мазмұны бай. Бұл Қазақстан мемлекетінің қадір-қасиетін, үлкен әлеуетін, сарабдал саясатын көрсетеді. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы басқосудағы сөзін тыңдап отырып зор әсерге бөлендім. Оның стратегиялық тұрғыдан алысты болжап көре білуі, ақын сөзімен айтқанда, уақыт шаңы көміп тастаған, уақыт жауып тастаған нәрсені көруі қайран қалдырады. Шын мәнінде де, ол халықаралық деңгейде көтеріп отырған ядролық қарусыздану проблемасы ғаламат алмағайыпта бүкіл әлемді қауіп-қатер тығырығына тірейтін проблема болып табылады. Ол қауіпті жағдай әрбір қазақстандықтың өміріне әсер етіп, зардап шектіруі мүмкін. Солай болғандықтан да, осы проблемаларды Президент Назарбаевтың көре біліп, мақсаткерлікпен шешуге ұмтылуы оның саяси көрегендігін, алыстан болжамдайтын ойлау жүйесіндегі кең пайымдылығын айғақтайды. Президенттің өз сөзінде басқа бағыттар бойынша берген бағалары да назар аударарлық. Қазақстанның ішкі саясатына, оның дамуына, дағдарысқа қарсы бағдарламаға қатысты ой-пайымдары да аса құнды болып көрінді. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан халқына, оның көшбасшысына қаржы дағдарысының қалған қиындықтарын сәтімен еңсеріп, дамудың даңғыл жолымен алға баса беруіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін. Ал медиа-форумның жылдағы сияқты, биыл да әлемдік саясаттың көкейкесті мәселелерін талқылап, пайдалы ой қорытарына күмәнім жоқ. Әлемнің жетекші журналистері Алматыға нақ сол үшін жиналды емес пе. Өздеріне осындай мүмкіндік туғызғаны үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа олар да әркез мың сан алғысын айтып отырады деп ойлаймын.
Олег КИСЕЛЕВ, Санкт-Петербург, Ресей Медицина академиясының академигі:
– Бүгінгі форумда үрей індеті, яғни құс, шошқа тұмауы деген атпен белгілі проблемалар талқылануда. Мен көптен бері Қазақстан мен Ресейде бірдей осы мәселемен айналысып келемін. Елдің мазасын алатын, әбігерге түсіріп, тыныштығын кетіретін осынау жағдайдың, оның әлемдік бұқаралық ақпаратта көрсетілу жайы форумда талқылануы әбден дұрыс. Ал енді форумның өзіне келетін болсақ, онда бүгінгі ең үлкен әсер қалдырған оқиға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз сөйлеуі болды. Мен үшін осы орайдағы бір жағымды нәрсе сол, Президент және оның командасы, халықтың әл-ауқатын көтерудің барлық бағыттарындағы тізгінді бекем ұстап келеді. Осында келген сайын мен бұл жағдайды өз көзіммен көрудемін. Қазақстанға жылына 2-3 реттен келгенде, елдегі экономикалық қарқынды ілгерілеуді әрбір жолы байқамай тұра алмаймын. Іс жүзіндегі инвестицияларды, нақтылы инновациялық даму жобаларын көргенде солардан Президенттің жұмыс қолтаңбасын, елді басқару мәнерін сезінгендей боламын. Мен шұғылданатын вакциналар, препараттар да қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір саласы болып табылады. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі атқарып отырған жұмысына көңіл толатындай. Біз осы өңірде бүкіләлемдік денсаулық сақтау жайын көтеру орайында да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауына, зор қамқорлығы мен көмегіне арқа сүйейтіндігімізді разылықпен мәлімдеймін. Мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жағдайында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуразиялық департаменті ашылады деп сенемін. Бұл Қазақстан мен Ресейдің біздің елдер адамдарының денсаулығын қорғаудағы күш-жігерін одан әрі біріктіруге септесері анық. Ал бұл мәселедегі Қазақстан Президентінің тұғырнамасы және айқын. Оған адамдардың денсаулығы, бақыты мен тыныштығы қымбат екенін әлем жұртшылығы мойындап отыр.
Вильфрид ШТАЙН, Германия-Қазақстан қоғамының төрағасы:
– Тамаша шаралардың бірі. Менің көтерілген тақырыптарға да, форумның ұйымдастырылуына да әбден көңілім толады. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың Германиядағы түрлі кездесулерде пікірлерін тыңдағанмын. Осы арада шын жүрегіммен, кезекті рет Қазақстан Президентінің дұрыс саясат жүргізіп отырғанына әсерлендім. Менің жеке көзқарасым бойынша, Қазақстан халқы дәл осындай көшбасшыны таңдауымен да көп жағдайда ұтып отыр. Германияда да Нұрсұлтан Назарбаев кез келген мәселеде өзінің ашық көзқарасын білдіріп, барлық тақырыптар бойынша тамаша ұстанымы бар екендігін дәлелдегеніне тәнті болғаным бар. Сіздердің Президенттеріңіз басқарылатын демократияның жақтаушысы. Менің де осы форманың дұрыстығына көзім жетіп келеді. Меніңше, демократияның өзі де барлық кезде жақсылыққа бастай бермейді. Германияда социалдық демократия. Ол да барлық кезде игілік әкеліп жатқан жоқ. Мәселен, басқарылатын демократияны отбасымен салыстыруға болады. Онда белгілі иерархия бар, яғни, бір адам отбасында дараланып тұрады да, отбасында дұрыс тәртіпті, қарым-қатынасты орнатады. Егер отбасында әркім ойына келгенін істей беретін болса, не болмақ? Сондықтан да сіздерде көпшілік Президенттің саясатымен келіседі, дұрыстығын мойындайды.
Менің мұндай пікір айтуға қақым бар деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанмен он жылдан бері әріптестік қарым-қатынас жасап келемін әрі елдегі атқарылып жатқан тірліктердің бәрінен хабардармын. Біздің қоғам Қазақстанға түрлі бағытта гуманитарлық көмек көрсетеді. Жасалынып жатқан жұмыстар туралы нақты нәтижелі мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Форумда Назарбаев ядролық қарусыз әлемді құру туралы ойын кезекті рет қозғады. Бұл форумның – өзегі. Өйткені, ниеті қаралар оңайлықпен қарудан бас тарта салады деп ойламаймын. Қарусыздандыру мәселесімен әлемнің күресіп келе жатқанына көп болды. Саясаттағы соғысқұмарлармен адамзат әлі де алыса беретін болады. Зұлымдықты жалғыз жеңе алмайтынымызға көзіміз жетті. Осы тұрғыдан алғанда Назарбаев барлық саяси тұлғалармен тепе-теңдікті, түсіністікті сақтай отырып, мәмілеге келе алатын мықты саясаткер. Орталық Азия түрлі саяси оқиғаларды бастан кешіп келе жатқанда, Қазақстан Президенті осы дау-дамайды реттеуге ұмтылып отыр.
Бүгінге таңдағы Қазақстанның басты жетістігі – мұнда терроризмге орын жоқ. Бұл сіздер талқылайтын тақырып емес, Қазақстанға тән емес жағдай.
Даррен МЕРФИ, Ұлыбритания Премьер-министрі кеңсесінің саяси коммуникациялар жөніндегі бұрынғы арнаулы кеңесшісі:
– Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгін форумда көтерген мәселелерімен толығымен келісу керек. Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы тұрақтылық пен ынтымақтылықтың белгісіндей ғана ел емес, оның негізін де қалап отыр. Қазақстан әлемдік көшбасшылардың қатарына еніп келеді. Өйткені, қазіргі таңда көптеген елдердің президенттері Назарбаевтың пікірімен санасады, құлақ қойып тыңдайды. Бұл – факт! Және Еуразия медиа-форумына өте көп елдердің өкілдері келіп отыр. Қазіргі таңда бұл елді құрметтейтін саяси қайраткерлер, тұлғалы журналистер көп. Бұл да Қазақстанның беделінің өтімді екендігін байқатады. Яғни, тәуелсіз елдің респектабельділігі артып келеді деген сөз.
Бүгінгі форумда Иран мәселесі жан-жақты талқыланды. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін осындай үнқатысу керек екендігі тағы да көрінді. Форумға сұңғыла саясаткерлер, әлемдегі беделді БАҚ өкілдері жиналды. Форумның салмағы бар. Ал Исландиядағы жанартаудың атқылауына байланысты келе алмай қалғандар өкініште болып, форумының жай-жапсарынан хабардар болып отырғанын білесіздер.
Хушан ӘМІРАХМАДИ, Американ-Иран Кеңесінің президенті, саясаттанушы (Иран):
– Маған форумның беталысы ұнады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің экономикасын, саясатын әлемнің ахуалымен өре отырып, тамаша тарқата отырып, бастап берді. Әсіресе Президенттің мемлекеттердің бір-бірімен қарым-қатынастары туралы пайымдары өте ойға қонады.
Назарбаевтың ақын Абайдың сөзін мысалға келтіріп, кедей адамдар бір-біріне жақсылық тілей ме? Кедейлік көп болса, еңбегі соғұрлым арзан болмақ. Олардың бір-біріне деген көрінбейтін өшпенділігі біртіндеп ашық, ымырасыз жаулыққа апарады. Олар өшігеді, соттасады, партияларға бөлінеді, қарсыласынан басым түсу үшін ықпалды жақтастарын сатып алады, шен-шекпенге таласады. Бұған бірдеңе алып-қосу қиын дегенімен даусыз келісесің. Мен Президенттің осылай дей келе Қырғызстанды айтқанда таңқалдым және мұндай кесек пайымды тіпті күткен жоқ болатынмын.
Назарбаевтың қазір әлемде орын алып жатқан оқиғаларға қатысты көзқарастарының бірі де саяси сырғыма сөз емес. Нақты істер атқарып отырған саясаткер жалғыз Қырғызстан ғана емес, елдерді қанға бояп кетіп жатқан түрлі төңкерістер туралы ойланып, оған саяси баға беріп қоймай, сабақ алудың кезі келгенін айтып өтті. Мәселен, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс осы екі елдің ғана мысалы ма? Мұндай оқиғалар басқа мемлекеттер арасынан да орын алуда. Әлемді тыныштық әлдилеу үшін алдымен осыдан арылу керектігін Қазақстан Президенті айтып қана қоймай, оның тамаша мысалын танытып отырғанын дүние жүзі жуырда ғана Вашингтон саммитінде көрді. Егер осы пікірді басқа елдердің көшбасшылары айтса, салмағы мұндай болып шықпас еді.
Монита РАДЖПАЛ, СNN телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі:
– Еуразия медиа-форумы сияқты басқосуды дәл қазіргі таңда өзге елдерде, тіпті Еуропа мемлекеттерінде де өткізу күрделі. Оны дәл осындай биік деңгейде өткізу қаншалықты қиын болса, көзқарастары мүлде қарама-қайшы тараптарды бір жерге тоғыстырып, үнін әлемдік ақпарат кеңістігіне тарату аса күрделі шаруаның бірі болып тұр. Делегаттар ашық үнқатысу арқылы көзқарастарын, ұстанымдары мен ұсыныстарын қорғап отыр.
Мұндай форумға қатысу маған кәсіби тұрғыдан ғана пайдалы емес, өз елімнің азаматы ретінде де, жалпы мазасыз әлемде өмір сүріп жатқан адам ретінде де маңызды. Елдер мен елдер, адамдар мен адамдар бас қосып отыр. Өте көп елдердің өкілдері жиналды, сыртынан ғана білетін саясаткерлермен тікелей жүздесудің сәті түсуде.
Дэвид МЕРКЕЛЬ, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия елдері бойынша көмекшісінің бұрынғы орынбасары:
– Еуразия медиа-форумы арқылы Қазақстан өзінің көшбасшылық ұстанымын да мойындатып отырғанын аңғару қиын емес. Бұл ел өз ішіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қоймай, Орталық Азиядағы ахуалды да реттеуге әлеуеті де беделі де жетеді.
Әлемдегі түрлі қиыншылықтарға қарамастан, Қазақстанда талай жақсы тірліктер оңтайлы іске асып отыр. Ал өз басым Қырғызстандағы оқиғаға өте қиналамын. Мұны Президент Назарбаев та текке қозғап отырған жоқ. Сол сияқты Иран мәселесін реттеу үшін осындай ашық үнқатысу өте керек. Иран мәселесі адамзат үшін өте көкейкесті. Бұл үстірт талқыланатын тақырып емес, біз осы отырыстардағы ойлар мен пікірлерге құлақ қойсақ, қанға бөккен оқиғалардың жауабын тапқан болар едік.
Дәл осындай Батыс пен Шығысты ынтымаққа шақырған аса ірі медиа-форумның Қазақстанда өтіп жатқаны да кездейсоқтық емес.
Сабер АЗАМ, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының аймақтық өкілі:
– Мен Қазақстан Президентінің баяндамасымен сөзсіз келісемін. Назарбаевтың баяндамасын форум делегаттары демдерін ішіне алып, ұйып, бастарын шұлғып тыңдағандарына куә болдым. Бүгінде жаһандық БАҚ-тың назары Орталық Азияға ауып тұрғанда, өз елінің жарқын мысалын Президент мақтанышпен, нақты экономикалық, саяси жетістіктермен тұздықтап баяндаса, әлемнің төрт бұрышынан орын алып жатқан табиғи апаттарды, саяси қантөгістерді қинала отырып баяндағанына куә болдым. Және осының бәрін Назарбаев жүрегінен шығарып жеткізгенін көрдік. Көреген саясаткер көрші Қырғызстанда болып жатқан оқиғаларды жаны ауырып атады. Және оның нақты салдарына нағыз ақиқат диагнозын да қойып берді.
Егер Қазақстан Президентінің бүгінгі сөздеріне құлақ салып, осы ауызбіршілікке шақырған ізіне өзгелер ілессе еш ел ұтылмас еді. Бұған Қазақстан ядролық қарудан саналы түрде бас тарта отырып, адасқан адамзаттың жолын ынтымақтастықтың арнасына салып беруге ұмтылып жатқан жоқ па?! Мен осыдан басқа мына мазасыз әлемде оңды, көкейге қонатын шешім көріп тұрған жоқпын.
Еуразия медиа-форумы Қазақстанда өтіп жатқан қатардағы басқосу емес. Бұл жерде көтерілген көкейкесті мәселелердің барлығы айналамызда болып жатқан өмірдің айнасы. Біз үнқатысуларға, айтыстарға, дауға да бара отырып, ортақ бір ымыраға келуге тиістіміз. Қазақстан бұл мәселеде аз іс тындырып отырған жоқ.
Луиз ВОЛЛЕР, Chіlі Group, редактордың орынбасары (Дания):
– Батыс пен Шығысты тоғыстырып, талай көкейкесті ойлардың алаңына айналған Алматыдағы дәстүрлі медиа-форум көтерген және көтеретін тақырыптар толассыз. Соның бірі форумның түстен кейінгі тақырыбына айналған “Үрей індеті” отырысы.
БАҚ өкілдері арзан ақпарат іздемей, оқиғаларды оқырмандардың үрейін тудыратын дүрмекке айналдырмай, байыпты да дәлме-дәл хабар таратуы – аз маңызға ие болып отырған жоқ. Астарында коммерциялық мүдде әлде саяси сасық пиғыл жатқаны белгісіз, түрлі жұқпалы індеттерді жазуда журналистердің абай болғаны абзал екендігі көптен айтылып жүр. Бірақ, нәтиже бар ма?
Адамдар өмірінің берекесін алып біткен, дақпыртқа, қорқынышқа толы ақпараттардан арылатын кез келді. Оның тетіктерін реттейтін осындай медиа-форумдар. Көтерілген тақырыпқа қатысты шетелдік әріптестерімнің көптеген пікірлерін тыңдадым. Шындығында да бұл мәселеде ойласатын дүние көп. Ортақ бір жолды таңдап, жасанды фобиялардан құтылатын кез жетті.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.