• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Экология 18 Маусым, 2021

Аралда төтенше жағдай жарияланады

4872 рет
көрсетілді

Қызылорда облысының Арал ауданында қатты ыстық пен жауын-шашын мөлшерінің аз болуына байланысты қуаңшылық жағдай орын алды. Өңірде төтенше жағдай режимін жариялау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда Арал ауданында төтенше жағдай жариялауға байланысты құжаттар дайындалып жатыр. Осы режимнің енгізілуін негіздеу үшін қажет кейбір зерттеулерді аяқтау ғана қалады», деді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.

Әбішевтің айтуынша, Арал ауданының кейбір елдімекендері құрғақшылықтан зардап шеккен.

«Мамандар шөптің биылғы шығымдылығына қатысты ауданды шартты түрде үш санатқа бөлді. Яғни, қызыл, жасыл, сары. Қызыл аймаққа 13 елді мекен енді. Өйткені, жайылымдық жерлері 90 процентке құрғап кеткен. Ал сары аймақтағы елді мекендерде 30-40 процентті құрайтын шөп бар. Жасыл түспен белгіленген елді мекендерде шөптің шығымдылығы жақсы», деді Еркін Әбішев.

Гүлшара Әбдіқалықованың тікелей нұсқауы бойынша мал азығы аудан шаруашылықтарына жеткізіліп жатыр.

«Өңірге 51880 жоңышқа және 2000 қап жем жеткізілді», деп түсіндірді Арал ауданы әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар Арал ауданында 5 маусым күні жем-шөп жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 20 тонна күріш жемі мен 207 тонна жоңышқа қойылды. Облысқа басқа өңірлерден бидай мен арпа жеткізуге өтінім берілді.

Қазір Арал ауданында ескі 15 су құдығы тазартылуда. Оларды қалпына келтіру жайылымдардағы жағдайды жақсартуға көмектеседі.