Денсаулық сақтау министрлігі айналымда «Үнді» штамының болу ықтималдылығын анықтады. Бұл туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейінің күрт өсуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі КВИ жұқтырған науқастардан алынған оң зертханалық үлгілердің ПТР скринингін өткізді. Скрининг нәтижелері бойынша «Дельта» штамына («Үнді» штамы) тән мутацияға күдікті жағдай анықталды. Мутацияның болуын және оның «Дельта» штамына жататынын түпкілікті растау ДНҚ үлгілерін толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.
«Дельта» коронавирус штамы аса контагиозды және анықталған штамдарға қарағанда жұқпалылығы 60%-ға жоғары. Қазіргі айналымдағы штамдар 1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын болса, бұл штам 5-6 адамға бірден жұғады және 7 күнге созылатын қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады. Сонымен қатар індетті жұқтырғандар буындар мен іштің қатты ауырсынуын сезінеді, жүрек айнып лоқсиды, ауру салдарынан адам саңырау болып қалуы әбден мүмкін және аяқтардың микротромбозына әкеледі.
Соңғы зерттеулер көрсеткендей, коронавирустың «Үнді» штамы төсекке таңылу мен өлім-жітімнің жоғары ықтималдығына ықпал етуі мүмкін. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі әрбір қазақстандықты өз денсаулығы мен жақындарының өміріне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарауды сұрайды.
Инфекциядан қорғану мен ауруханаға жатудан аман қалудың бірден-бір жолы Сovid-19 вирусына қарсы вакцинаның толық курсын алу. КВИ-ге қарсы екпе алуға қарсы көрсетілімдері жоқ әрбір азамат қысқа мерзімде вакциналанғаны жөн.
Сондай-ақ ВАК вирус таралуының алдын алу мақсатында маска тағу, әлеуметік арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету сияқты барлық профилактикалық шараны қатаң орындау қажет екенін ескертеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 20 маусымдағы мәліметтері бойынша SARS-CoV-2 «Дельта» штамы әлемнің 174 елінде анықталған.