Орталық коммуникациялар қызметінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған брифинг өтті. Өңір басшысы Ақтөбе облысында экономикалық өсімді арттыру мәселелері, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы, инвестициялар, ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы жан-жақты хабардар етті.
Коронавирус инфекциясының таралу көрсеткіші бойынша Ақтөбе облысы біраз уақыттан бері «жасыл аймақта» тұр. Қазіргі уақытта вакциналау жұмыстары да кідіріссіз жүріп жатыр. Пандемия басталғалы вирусқа 11 600 адам шалдығып, одан 1 100 науқас жазылып шықты. Алайда қауіпті вирус ел ішін әлі күнге дейін еркін кезіп жүр. Жыл басынан бері 160 адам қайтыс болды. Медицина қызметкерлері жайбарақат жүру ерте деген пікірде. Бүгінде коронавирусқа шалдыққандарды қабылдауға әзірленген аурухана төсектерінің жүктемесі 37 пайызды құраса, реанимациялық төсек жүктелімі 17 пайызға тең. Қауіпті вирус таралымының бетін қайтару үшін жаппай вакциналау мәселесі өте маңызды. Ақпан айынан бастап Ақтөбе облысына 265 мыңнан аса вакцина жеткізілді. Қазіргі уақытта оның бірінші компонентімен – 110 мың, екінші компонентімен 65 мың адам егілді.
Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіште оң динамика байқалады. Бес ай ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі қарқынды жоғарылап, 108,1%-ді көрсетті. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 112,1%, тау-кен өнеркәсібі 105,9%-ге жетті. Ауыл шаруашылығы өсімінің қарқыны – 102,1%, құрылыс – 101,3%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 106,5%, инвестиция – 109,6% -ды құрады. Құрылыс, тұрғын үй, көтерме және бөлшек сауда саласында да өсім бар. Алайда көлік және қойма қызметі аяқтан тұрып кете қойған жоқ. Өңір басшысы экономиканың қысылтаяң кезеңінде инвестициялардың келуі өңір экономикасына оң серпін беретінін атап өтті. 2021 жылдың бес айы ішінде Ақтөбе облысына 206 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған.
Соңғы үш жылдан бері ауыл шаруашылығы құрылымдарын субсидиялау көлемі артып келеді. Осы жылдың бес айы ішінде 85 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Ірі қара мал саны 7%, ұсақ мал 1%, жылқы 24%-ға өскеніне қарамастан, қысқа жемшөп дайындау бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Елге құрғақшылық келді. Оған көктемде өзендердің арнасынан асып-тасымауы, жауын-шашынның болмауы себеп болды. Қазірдің өзінде дала шөптері сарғайып, шалғыға ілікпей жатыр. Шаруашылықтар осы бастан қамданбаса, қыстай малына жемшөп жеткізе алмауы мүмкін. «Биыл ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 22,6 млрд теңгедей субсидия бөлінді. Бұған қоса, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 745 жобаны жүзеге асыру үшін 3,3 млрд теңге қарастырылған. Субсидияның біраз бөлігі ауыл шаруашылығы техникаларын, тұқым сатып алуға бөлінген», деді өңір басшысы.
Шағын және орта кәсіпкерліктің өңір экономикасындағы үлесі 24%-ды құрайды. Бүгінде Ақтөбе облысында 63 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін 3,3 мың ШОБ нысаны мемлекеттік қолдау алады деген жоспар бар.
Ақтөбе облысының тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелердің қатарында жолдың сапасы да тұр. Өңір басшысы осы мәселенің «әлеуметтік-саяси сипатқа» айналып бара жатқанын жасырмады. Жолдың сапасына келгенде азаматтық қоғамның белсенділігі жоғары. Өңір басшысының хабарлауынша, 2021 жылы 468 шақырым жол жөнделіп, 28 елді мекенге орталықтандырылған ауыз су жүргізіліп, 14 елді мекенге газ құбыры тартылады.
Облыс әкіміне қойылған сауалдардың бірі қоғамдық пікір туғызған Алға ауданы Бестамақ елді мекеніндегі шошқа фермасы мен ауыл тұрғындары арасындағы жанжал төңірегінде өрбіді. Әкімнің айтуынша, Бестамақ елді мекенінің тұрғындары бірнеше жылдан бері ауыл жанына төгілген шошқа фермасының қалдықтары мен иіс-қоңысынан шаршағандықтан, ферманы алысқа көшіру не мүлдем жабу мәселесін төтесінен қойған. Құзырлы мекемелер сәуір айынан бастап шошқа фермасы қызметінің заңдық-құқықтық негіздерін тексерсе, табиғат қорғаушы мекеме қызметкерлері серіктестіктің өзен арналарын ластап, шошқа өлекселерін көміп, Бестамақ елді мекенінің топырақ-суын ластап жатқанын анықтады. Шошқа шаруашылығы орналасқан аумақтан шығатын зиянды қалдықтар мен өлекселердің ауыл төңірегіне көмілгені анықталып, серіктестік басшылығына айыппұл салынып, іс қалалық сотқа жолданды. Ақтөбе қалалық соты серіктестік басшылығына келтірген зияндарды жойып, ластауға жол берілген аумақты қалдықтардан тазарту жөнінде шешім шығарды. Сот шешім шығарған мерзім ішінде «Парижская коммуна» ЖШС айыппұл төлемей, өлекселер көмілген аумақты да тазартпаған соң экологтер шаруашылықтың ағынды суларын төгетін кәріз қондырғыларын жауып тастады. Шошқа фермасы басшылығы әлі күнге дейін талаптарды орындамай отыр. Осы шошқа фермасының 400 адам жұмыс істейді. Оңдасын Оразалин осы жанжалдың ұзаққа созылып кеткенін жасырмады.
Брифингте облыс басшысына өңір экологиясы, зиянды қалдықтардың төгілуі, шаһардағы жағымсыз иіс, өзен, көлдердің жағдайы туралы сұрақтар қойылды. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ақтөбе облысына келген сапарында Шалқар көлін тазарту жобасын тезірек қолға алуды тапсырған болатын. Өткен жылы оның жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, Үкіметтен 3 млрд теңге қаржы бөлінді. Екі жылға жоспарланған жобаны биыл қара күзге дейін аяқтауға мердігерлер уәде беріп отыр. «Өйткені алдағы көктемде су тасығанда Шалқар көлінің тазартылған арнасын толықтыра аламыз деген үміт бар». Ақпарат құралдары өкілдері қоқыс мәселесіне де назар аударды. Өңір басшысының хабарлауынша, 1970 жылдары қолданысқа берілген Ақтөбе қаласындағы қоқыс полигоны толып бітті. Қазіргі кезде жаңа полигон құрылысы жүріп, мердігерлерге жыл соңына дейін қоқыс жинап, сұрыптайтын техникалар сатып алуға тапсырма берілген.
Ақтөбе қаласындағы ірі өндіріс орындары аумағында ұзақ жылдардан бері «тарихи қалдықтар» жиналған. Осы кәсіпорындардың зауыт мұржаларына сүзгіштер орнату мәселесі де өзекті. «Кәсіпорын басшылары ауаға таралатын зиянды қалдықтарды жібермейтін қондырғыларды орнатуға екі-үш жыл мерзім сұрап отыр. Қазіргі кезде жұртшылықтың талап етуімен біртіндеп осы мәселе реттеліп келеді», деді О.Оразалин.
Өңір басшысы Ақтөбе облысы елімізде жол сапасы жағынан 16-шы орында тұрғанын жасырмады. Ол биыл жылдың соңына дейін жарамды жолдар көреткішін 66 пайызға жеткізуге уәде беріп, осы мақсатта жол салатын мекемелерге талап күшейтілгенін мәлімдеді. Мәселен, алдыңғы жылы жарамсыз жолдар салған мердігерлер өз қаражаттары есебінен жолды қайта салып жатыр. Ақтөбе облысында қала мен ауыл көшелерін жөндеу, қайта салу, абаттандыру жұмыстары жақсы жолға қойылып келеді. Соның нәтижесінде былтыр қалада 100-ден астам көше жөнделді.
Ақпарат құралдары өкілдері Мұғалжар тауынан бастау алатын Жем, Ойыл, Ырғыз өзендерінің тартылуына, Шалқар көліне құятын дала өзендері – Қауылжыр мен Ұлпан арналарының кеуіп кетуіне алаңдаушылық білдірді. Дала өзендерінің тартылуына жаздағы қуаңшылық, ылғалдың аздығы, судың жеткілікті деңгейде тасымауы себеп болды. Бес өзен бастау алатын Мұғалжар тауының басында тиісті ылғал мөлшер жиналмай келеді.
Брифинг соңында мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу туралы сұрақтар қойылды.
Ақтөбе облысы