• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Маусым, 2021

Күретамырға да күтім керек

163 рет
көрсетілді

Өңірдегі сауда экономикалық айналымы жыл өткен сайын көбейіп келеді. Тіршіліктің күретамыры – жолға да салмақ түсіп тұр. Бір жақсысы, биыл негізгі жүк тасымалы бағыттары бойынша жол жөндеу жұмыстары қолға алынуда.

Мәселен, халықаралық «Алматы-Ека­теринбург» тасжолының Жақсы ауданын басып өтетін «Жақсы-Чистополье» аралығын қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Ауқымды жобаның құ­ны 16 млрд теңгеге таяу. Сөз арасын­да жол­дың жақсаруына «Ауыл – ел бе­сігі» бағ­дарламасының шарапаты тиіп тұр­ғандығын айта кеткеніміз орын­ды бол­мақ. Бағдарлама аясында 304 млн тең­ге бөлініп, 12 шақырым жол жөн­дел­ді. Екінші лекпен 357 млн тең­ге қа­рас­тырылып, байқау жарияланды. Кейінгі қар­жыға 4 елді мекенді жал­ғас­тыратын, ұзын-ырғасы 29 шақырымды құрайтын жол жөнделмек.

– Бұл жол көптен күтім көрмегендіктен, әбден тозығы жеткен болатын. Оның үстіне көктем мен күзгі лайсаң уақытта ауыр жүк артқан техникалар тасжолдың тас-талқанын шығарады. 2019 жылдың желтоқсан айында жол жөндеу жобасы сараптамадан өткізілді, – дейді Жақсы аудандық қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дулат Жанбаев, – жобаның жалпы құны 15,9 млрд теңгені құрайды. Үстіміздегі жылғы атқарылуға тиісті жөндеу жұмысына 450 млн тең­ге қаражат бөлініп отыр. «Жақсы-Чис­тополье» аралығы бес елді мекенді ауданмен жалғайды. Сондықтан өте маңызды инфрақұрылым саналады.

Көптен бері күтім көрмеген күре жолдардың жөнделуі ауыл шаруашылығы құрылымдарын да қуантып отыр. Әсіресе, күзгі жиын-терін кезінде негізінен алтын астық өсіретін өңірдің жүргізушілері техниканың жиі істен шығатынын айтып, шағымданатын. Енді көктемгі егіс, орақ науқаны кезінде діттеген жеріне жету үшін іркіліс бола қоймайды.

Жақсы жол шын мәнінде тіршіліктің тынысын кеңейтуге септігін тигізеді. Мұн­дай жұмыс Біржан сал ауданында да қолға алынуда. Жүк тасымалы дәлізін жақсылап жөндеп, қалыпқа келтіруге 2 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. То­зығы жеткен тасжол ауданның экономикасына да кері әсерін тигізіп келген болатын. Бұл өңірдегі өндіріс алыбы болып есептелетін «Көкше Цемент» зауы­тының жүк көліктері «Кеңащы-Степ­няк-Щучинск» бағыттары бойынша құ­рылыс материалдарын үздіксіз тасымал­дайды. Құрылыс жұмыстары қыза түскен жаз айларында жолдың жайсыз болуы құрылысшылардың да қолын байлайды. Енді жол жайы көп-көрім жақсара ма деген үміт оты лаулап тұр. Қажетті жоба жасалған. «Щучинск-Степняк», «Степняк-Кеңащы» бағыттарындағы жол күрделі жөндеуден өткізілсе, «Кеңащы-Еңбекшілдер» бағытындағы тасжол орташа деңгейде жөнделеді.

– Бұл жолдарға тіптен өкпе жоқ, – дейді Біржан сал аудандық қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қанат Иманқұлов, – осыдан қырық-елу жыл бұрын салынған. Бүгін­гідей ауыр салмаққа есептелмеген.

Ауданда 345 шақырым аудандық ма­ңыз­дағы жол бар. Қанша талаптан­ға­ны­мен, 311 шақырым жолға әлі күнге дейін асфальт төселмегендігін екпін түсіріп айта кеткен ләзім. Әзірге бар жолдың 40 пайызын жөндеу үшін арнайы құжат әзірленуде. Аудан орталығы – Степняк қаласында 12 көше мен 6 жаяу жүргінші жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін жалпы құны 450 млн теңге болатын жоба дайындалуда. Биыл қажетті қаржының 300 млн теңгесі бөлініпті.

Әлі де ел ішінде жөндеуді қажет ете­тін жол жетіп артылады. Ел еңсесін кө­теруге септігін тигізетін бар жай назарда болғаны ләзім.

 

Ақмола облысы