• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Маусым, 2021

Ұлы дала құндылықтары – тәрбие негізі

3079 рет
көрсетілді

Бүгінде ұлттық құндылықтар дегенде ана тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз, әдеби, мәдени бай мұраларымыз – бабадан мирас болып қалған көне жәдігерлеріміз еске түседі. Аталған асыл мұраларымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – өз ұлтын ұлықтаған әрбір азаматтың қасиетті борышы десем, қателеспеймін. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы біздің Қарақия кәсіптік колледжінде де шын мәнінде ел тарихын өзгеше танып, тарихымызға жаңа қырынан қарауға түрткі болды.

Қазіргі таңда Қарақия кәсіптік кол­леджінің оқытушылық құрамы өздерінің оқу-тәрбие жұмыстарында Елбасы мақаласын зерттеп-зерделеуге айрықша назар аударып, кең көлемде ізденіс жұмыстарын жүргізу үстінде. Осы күнге дейін оқу орнында ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында өткен ауқымды іс-шаралар – соның дәлелі. Атап айтсақ, аталған бағыт бойынша дөңгелек үстелдер өткізіліп, ғылыми жобаларды қолға алу мақсатында өлкемізде орналасқан Шопан ата, Бекет ата, Шақпақ ата, Қара­ман ата, Масат ата киелі орындарына колледж әкімшілігінің мұрындық болуы­мен саяхаттар ұйымдастырылды, ата-баба дәстүрін насихаттау, ұрпақ бойына ұлттық менталитетті сіңіру, болашақ ата-аналардың бойына ұлттық қасиеттерді дарыту ісінде жаңа қарқын пайда болды.Ұлттық құндылықтар, яғни ана тілі­міз, әдеби, мәдени мұраларымыз – ата-бабамыздан мирас болып қал­ған қасиетті жәдігерлеріміз. Асыл мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жет­кізу – өз ұлтын ұлықтаған әр­бір азамат­тың қасиетті борышы. Осы мақ­сатпен колледжіміздің сту­дент­тері мен Құрық ауылының аға буын ардагерлерінің, құрметті ең­бек демалысындағы ұлағатты ұстаз­дары­ның кездесулері үнемі өткізіліп келеді.Қазіргі дамыған, жаңа заманда өмір сүріп жатқан біз, қоғам мүшелері отбасы құндылықтарын ұрпағымызға толыққанды жеткізіп келе жатырмыз ба, қазіргі отбасы қандай, қазақ шаңырағында ұлттық салтымыз, дәстүріміз, ұлы бабаларымыз салып кеткен сара жол жалғасып келе ме және отбасындағы ұл мен қызға беріліп жатқан әке мен ананың тәрбиесінің маңыздылығы қандай деген сауалдарға жауабымызды алып, көзімізді жеткізу мақсатында колледж ата-аналарына «Отбасы – тәрбие іргетасы», «Отбасы – адамзат бесігі тербеткен ұя», «Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра» тақырыптарында сұхбаттар жүргізілді. ТШО компаниясы «Қоғамдық кеңес­тер» жобасы бойынша ұлт­тық құнды­лықтарды дәріптеу жөнін­дегі «Ұлы дала­ның рухы» жобасы­мен жеңімпаз атанып, ол ауыл тұрғын­дары­ның игілігіне берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласы аясында ұлт тұтастығы мен ұрпақтар сабақ­тас­тығы, ел мүддесі мен ұлттық құн­дылықтар мәнін тереңдете түсу мақ­сатында ұйымдастырылған «Ұлттық құндылық жәдігерлері» тақырыбында колледжіміздің оқытушылары мен қызметкерлері 50 бейнеролик да­йындап, білім алушы жастарға ұлттық тәлім-тәрбие беруде. Бұл бейнероликтерде ата-бабаларымыз қолданған көне жәдігерлер, ертеден жалғасып келе жатқан қолөнер бұйымдарын дайындау шеберліктері, салт-дәстүрлерді дәріптеу, ұлттық тағам түрлері туралы мағлұматтар беріледі. Осы бейнероликтер топтамасы колледжіміздің 3-қабатында арнайы бұрыш ретінде орнатылып, студенттерімізге, мектеп оқушыларына тұрақты көрсетілуде. Қазіргі таңда әлеуметтік желі­лер азаматтардың тұлғалық әлеумет­тенуіне ерекше ықпал етеді. Әлеу­мет­тендіру үдерісі барысында білім беру технологиялары, әдіс-тәсілдері қол­данылатындығын ескере отырып, жоғарыда баяндалған ауқымды жұмыс­тар туралы мәліметтер колледжі­міз­дің инстаграмм, фейсбуктегі парақ­шаларында жария­ланып, аталған желі­лер қол­дану­шыларына түсініктер бері­ліп отырады.Сонымен қатар, дала өркениетінің мәдени мұрасы, ескерткіштері бүгінде оқу орнының ауласына және Тұңғыш Президент паркіне орнатылды. Тарихи таңба­лар шағын көркем мүсіндерге айналып, көне тарихты ұмыт қалдырмай, көру­шілер санасын селт еткізерліктей ерек­ше сүйіспеншілікпен жасалған. Олар – «Найза», «Садақ», «Қазан», «Қобыз», «Асық», «Құмыра», «Домбыра», «Дулыға», «Көкбөрі», «Бүркіт». Бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда.Қорыта айтқанда, Ұлы даланың ұлттық құндылықтарын қазақ мә­дение­тінің негізгі қайнар көздері деп білеміз. Олар­ды жас ұрпақтың сана-сезімі мен тәрбие­сіне сіңірудегі педагогикалық ұжым­ның еңбегі өлшеусіз.

Далабай БЕКМАҒАМБЕТОВ, Қарақия кәсіптік колледжінің директоры

Маңғыстау облысы