Бүкіл әлемге алапат қауіп-қатерімен келген коронавирус пандемиясы көптен бері қалыпты тіршілігімізден айнытып отыр. Қаншама шаруа тұралап, кейінге шегеріліп, соның салдарынан орасан шығынға батқан сала жетерлік. Бір жақсысы, індетке қарсы вакцина адамдарды жұқпалы дерттен сақтандырып қана қоймай, біраз бизнестің қайта жандануына ықпал етіп жатыр.
Індетке тойтарыс берудің бірден-бір амалы вакциналау екені түсінікті. Халықтың басым бөлігі вакцина алып, ұжымдық иммунитет қалыптасқан жағдайда ғана қалыпты тіршілігімізге орала аламыз. Бірақ елімізде вакциналардың қолжетімді қоры қаншалықты қамтамасыз етілгенімен, оны салдырып жатқандардың көрсеткіші көңіл көншітерлік емес. Сондықтан індеттің таралу қарқыны әлі де бәсеңдемей отыр. Көпшілік орындарда маска тағу, арақашықтық сақтау сияқты қазіргі қысылтаяң шақтың қарапайым ережелері сақтала бермейді, одан қалса жасырынып думандататын жұрт та аз болмай тұр. Мұндай келеңсіз жағдайларды арнайы мониториг топтар жиі анықтап жатыр. Кәсібін жүргізуде карантин талаптарын сақтамайтындар белгілі бір деңгейде індеттің одан сайын өршуіне жол беріп отыр. Яғни вакциналанбағандар үшін түрлі бизнес орындарының есігі ашық болған сайын онда бас сұғатын көпшілік те басына індет қаупі төнбей, вакцина салдырудың жауапкершілігін ұғына бермейді. Бұл ретте вакциналаудың қарқынын арттыруға кәсіпкерлердің атсалысуы маңызды.Жақында Нұр-Сұлтан қаласында «Үнді» штамының анықталуы карантин талаптарын қатайтуға себеп болды. Жаңа қаулы 27 маусымнан бастап күшіне еніп, кәсіпорындардың жұмыс режіміне өзгерді. Жаңа қаулы ҚР аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының 2021 жылғы 22 маусым күнгі хаттамасына сәйкес қабылданды. Құжатқа сәйкес, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, кәсіпорындардың әкімшілік қызметкерлерінің кемінде 80%-ы қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшуі керек. Ал вакциналауды толық қабылдаған қызметкерлер офлайн режімдегі жұмысқа жіберіледі. Бұл ретте соңғы 3-6 ай ішінде Сovid-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсын алған және коронавируспен ауырып жазылған барлық қызметкердің күндізгі режімде жұмыс істеуіне жол беріледі.Расында, кез келген саладағы жұмысшының вакцина салдыруы ең алдымен өзінің қауіпсіздігі әрі ісінің іркіліссіз жүруі үшін қажет. Мәселен, елордадағы Zeken-moda тігін шеберханасының басшысы Қайролла Әбішев вакциналау кез келген кәсіптің жандануына септігін тигізетінін атап өтті.«Біздің жұмыста бәрі вакцинаны саналы түрде салдырып жатыр. Яғни ешқандай мәжбүрлеу жоқ. Өйткені жұмысшылар вакцина алмай, ісіміз өнімді болмайтынын түсінді. Осы уақытқа дейін тігіншілерімізге тапсырыстарды үйінде отырып орындауға тура келді. Бірақ бұл жұмыс процесін айтарлықтай тежейді. Бірақ қашықтан істеуден басқа амал жоқ еді. Енді қолжетімді әрі тиімді вакцина барда ісімізді қайта қолға алмасақ болмайды. Қазір вакцина алудың аса қажет екенін түсінетін кез жетті. Әрі клиенттермен де бетпе-бет жүздесіп, тапсырыстарды нақтылап алған жөн. Бүгінде біздің жұмысшылардың басым бөлігі вакцина салдырды. Басында көбі Спутник V вакцинасын салдырған, қазір Hayat Vax-ты алғанды құп көргендер де бар», дейді кәсіпкер.Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында вакцинацияланған қызметкерлердің қатары аз болса нысанның жұмысы тоқтатылатынын мәлім етті.«Биыл әлеуметтік нысандар, яғни қолжетімді, жеңілдікті тұрғын үй, оқу орындары, аула клубтары және басқа да нысандар құрылысының көлемі ұлғайды. Ірі құрылыс компанияларының басшыларымен кездестік. Жұмыс жоспарын талқылап, уақытын белгіледік. Эпидемиялық жағдайды және нысанда жұмыс істейтін адамның көптігін ескере отырып, міндетті түрде вакциналау (медициналық тұрғыда рұқсат етілмегендерден бөлек) ұсынылды. Вакциналау нысанда жұмыс істейтін қызметкерлерді және олардың отбасыларын, сондай-ақ айналасындағы жұртты қорғайды. Осылайша коронавирустың таралуы тоқтайды. Вакциналанған қызметкерлердің қатары аз болса нысанның жұмысын тоқтатуға мәжбүр боламыз. Себебі елордамыз бен тұрғындарымыздың қауіпсіздігі бәрінен жоғары», деп жазды елорда әкімі.