Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаевпен кездесті, деп хабарлады осы Палатаның баспасөз қызметі.
Мәулен Әшімбаев кездесуді аша келіп, тату көршілік, тарихи ортақ тамырластық, тіл мен мәдениет ғасырлар бойы қазақ және қырғыз халықтарын бауырластық пен достық қатынастармен байланыстырып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта Қырғызстан Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі болып табылады. Сенат Төрағасы парламенттік өзара іс-қимыл қазақ-қырғыз қатынастарын нығайту факторларының бірі болып табылатынын атап өтті.Мәулен Әшімбаев пен Жээнбек Кулубаев парламентаралық, әлеуметтік-мәдени, сауда-экономикалық өзара іс-қимыл бойынша екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылады.«Осы жылдың күзінде Қырғызстанда сайлау өтетіні және Жогорку Кенештің жаңа құрамы қалыптасатыны белгілі. Парламенттік байланыстардағы ынтымақтастыққа одан әрі қарқын беру маңызды деп санаймын. Екі елдің өзара қарым-қатынасын дамытуға Парламенттер ықпал ете алатын бірқатар мәселе бар. Осыған байланысты, парламентаралық қызметті одан әрі арттырудың маңызы зор», деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.Мәулен Әшімбаев, сондай-ақ Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Павел Утюпинмен де кездесті. Кездесу барысында елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастық және парламенттік бағыттағы өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды.«Кеше ғана Қазақстанға Беларусь Премьер-министрі келіп кетті. Бұл сапар өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылмен бірге экономикалық ынтымақтастық пен кооперацияны одан әрі нығайту тұрғысында аса маңызды болды», деді Мәулен Әшімбаев.Сонымен қатар Сенат Спикері Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасының маңызды бағыттарының бірі парламентаралық ынтымақтастық екенін атап өтті.«Біздің депутаттарымыз арасында екіжақты және көпжақты форматта тығыз байланыс орнады. Парламенттеріміздің палаталары арасында Ынтымақтастық жөніндегі комиссия табысты жұмыс істеп келеді. Екі ел депутаттарының ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА және ЕҚЫҰ ПА алаңдарындағы белсенді іс-әрекеті парламенттік дипломатияның маңызды бағыты болып саналады», деді Сенат Төрағасы.