Қазақстан халқы Нұр-Сұлтан қалалық Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Бірлік. Гүлдену» тақырыбындағы XIX сессиясы өтті. Сессия елордадағы Достық үйінде бейнебайланыс режімінде ұйымдастырылып, бас шаһарда бұған дейін атқарылған жұмыстар сараланды және алдағы уақытта атқарылатын міндеттер белгіленді.
– Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылында елімізде орасан жұмыстар іске асырылып, әлеуметтік-экономикалық дамуымыз еселенді. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан халқы Нұр-Сұлтан қалалық Ассамблеясының үлесі елеулі екенін зор ілтипатпен айтамыз. Жалпы айтқанда, еліміздегі тұрақтылықтың орнығуына, ынтымақ, бірлік пен берекенің нығаюына Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осы озық даму жолының сабақтастығын сәтті жалғастырып келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да орасан үлесін лайықты атап өткен жөн, – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, қалалық Ассамблеяның төрағасы Алтай Көлгінов.Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов жиынға қатысушыларға игі лебізін жеткізіп, ортақ мақсатты көздеген істер туралы баяндады.– Біз Нұр-Сұлтан қаласының этномәдени бірлестіктерінің жетекшілерімен әрдайым ерекше ықыласпен жүздесіп келеміз. Сіздер өңірлерге үлгі болатындай қоғамдық келісім мен бірлікті күшейту мақсатында қызмет етіп келесіздер. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан халқы өңірлік ассамблеялары үшін үлгілік модель ретінде Нұр-Сұлтан қаласының Ассамблеясын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы бекітіліп, іске асырылуда. Бүгінгі басқосу астанамыздағы қызметіміздің бұдан әрі дамуының мейлінше өзекті мәселелеріне арналады, – деді Марат Әзілханов.Сессия жұмысының барысында Нұр-Сұлтан қаласы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері өз қызметтеріне қатысты атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар Қазақстан халқы Нұр-Сұлтан қалалық Ассамблеясы XIX сессиясының Үндеуі жарияланды.