• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 30 Маусым, 2021

Вакциналар жаңа штаммдардан қаншалықты қорғайды?

627 рет
көрсетілді

Әлі күнге дейін коронавирусқа қарсы вакциналарға күдікпен қарайтындардың қатары аз емес екені рас. Дегенмен кейінгі күндері індеттің қайта күшеюі, жаңа штаммдардың пайда болуы вакцина салдыруға талаптанған азаматтардың артуына ықпал етті. Бұл арада біраз жұрттың көкейінде «Бұл вакциналар қаупі бөтен штаммдардан қаншалықты қорғай алады?» деген күмән туғаны да жасырын емес. Осы тақылеттес сұрақтарға Орталық коммуникациялар қызметі алаңында бір топ сарапшы жауап берді.

Қазіргі кезде халық арасында вак­цина салдыруға деген ұмтылыс артып отыр. Соңғы тәулікте 88 мың­нан аса адам бірінші компонентпен, 46 мыңнан аса адам екінші ком­понентпен вакцина алды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Басқарма төрағасы­ның орынбасары Айнагүл Қуатбаева мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстан бо­йынша жалпы 3 335 172 адам вак­цинаның бірінші дозасын алса, ­ 2 596 000 адам екінші дозасын салдырды. Індет қаупі төніп тұрған шақ­тағы өзекті мәселелердің тағы бірі – стационарларға жатқызылған адамдар саны. Қазіргі кезде 596 нау­қастың жағдайы ауыр, оның ішін­де 103-і өте ауыр жағдайда, 67-і ӨЖЖ-мен қамтамасыз етілді. Со­ны­мен қа­тар статистикалық мә­лі­­мет­терге жүр­гізілген талдауға сәй­­кес, соңғы 7 күнде жұқпалы ауру­лар стационар­ларында жатын орын­­дарды қамтамасыз ету 25%-дан 29%-ға дейін артқан, реанимация­лық төсек-орындар қажеттілігі 20%-дан 24%-ға дейін өсті.

Осыған дейін індетпен бір ауырып жазылған адамға алты айға де­йін вакцина салуға болмайтыны айтылып келді. Енді ахуалдың на­шар­лауына байланысты КВИ жұқ­тырып, сауыққан адамдар үш айдан кейін-ақ вакцина салдыра алады. «Соңғы ғылыми мәліметтерге сүйене оты­рып, сырқаттанып жазылған нау­қастардың үш ай өткенде вирусты қайта жұқтыру қауіптілігі жоғары болуына байланысты Бас мемлекеттік санитар дәрігердің соңғы қаулысы бойынша коронавируспен ауырған науқастарға 3 айдан кейін вакцина алу жұмыстары қолға алынған», деді А.Қуатбаева.

Жақында Гамалеи зерттеу орта­лы­ғы басшысының орынбасары Спут­ник V екпесін алған адамдардың «Үнді» штамына төзімділігінің тө­мен­дегені жайлы мәлімдеген еді. Бұл ретте «Халқының 10%-ы ғана вак­циналанған Қазақстанда қолжетімді вакциналардың «Дельта» штамына қатысты көрсеткіштері қандай болды?» деген сұрақ туады.

– Спутник V вакцинасын өнді­ру­ші тарапынан осылай айтылды. Халық арасында түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізу кезінде біз Қазақ­стан­да қолданылып жатқан төрт вак­цинаның қайсысы болмасын, оның тиімілігінің бір көрсеткіші – ағзаға түскенде пайда бола­тын антиденелердің вирусты бейтарап­тандыруға ықпал ететінін айтамыз. Сондай-ақ бұл індетті жұқ­тыру қабілетін төмендетеді. Осы­ған байланысты Спутник V вак­цинасының вирусты бейтараптан­дыру көрсеткішінің 2,6 есеге тө­мен­деуіне қарамастан, оның тиім­ділігі жоғары болып қалады. Вак­цина­ның тиімділігі 92%-ден 90%-ға дейін ­ғана кеміді. Ал 90% өте жоғары көр­сет­кіштер санатына жатады, – деді А.Қуатбаева.

Спикер Қазақстан аумағында қол­данылып жатқан төрт вакцина да жер шарында циркуляцияда жүрген КВИ нұсқаларына, оның ішінде «Үнді» штамына төтеп бере алатынын атап өтті.

Түрлі вакциналар тауып, індетті әлсіреткенімізбен, бұл вирус та қар­сылық білдіріп, белсенді түрде өзгере бастайды. Сарапшылар­дың пікірінше, коронавирустың «Дель­та» нұсқасы «британдық» және басқа да түрлеріне қарағанда 60% жұқпалы, «Дельта» нұсқасын жұқ­тыру салдарынан ауруханаға жату мен өлім қаупі едәуір артады. Бұл туралы профессор-иммуно­лог, Про­филактикалық медицина ака­демиясының президенті, америкалық Денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман айтып берді.

– Балалар «Үнді» штамын 5 есе жиі жұқтыра бастады, бірақ оның балаларда қаншалықты агрессивті екені белгісіз. Ал әлі вакцина алма­ған ересек адамдар коронавирус­­тың «Дельта» нұсқасына өте сезімтал ке­леді. Вакцина «Дельта» мен коро­навирустың басқа нұсқаларына қар­сы жалғыз әрі тиімді құрал болып қа­ла береді. Вакцинаның бірінші дозасы 17% нашар қорғайды, бірақ екін­ші дозаны алғаннан кейін «Дельтаға» қарсы тиімділігі қалпына келеді. «Дельта» нұсқасынан туындаған ін­­деттің қазіргі толқыны вакцина ал­ған және алмаған адамдар ара­сын­дағы алшақтықты арттыра түсті. Адамдардың бұл санаттары екі түр­лі әлемде өмір сүреді. Вакцина алмағандар пандемия дамуының ең қауіпті кезеңі өтіп жатқанын, инфекция жұқтыру және өлім қаупі жоғары екенін түсінуі керек. Естеріңізде болсын, әзірге біз ӨЖЖ немесе антикоагулянттар мен қабынуға қарсы дәрі-дәрмекпен тек COVID-19 салдарын ғана емдеп жатырмыз, – деді А.Шарман.

Сонымен қатар профессор Осло университетінің зерттеу мәліметтерін келтірді. Әлемде вакцинаның 3 млрд аса дозасы пайдаланылды, яғни 100 адамға – шамамен 39 дозадан. Не­гізінен АҚШ, Еуропа елдерінде, Израильде халықтың көп бөлігі вакцинамен қамтылды, әлемнің басқа да аймақтарында вакциналау қарқыны едәуір артты.

– Халықтың 80%-дан астамы мүл­де вакциналанбаған жағдайды мен айсбергке қарай жүзіп бара жатқан кемемен салыстырамын. Кеме – бұл біздің қалыпты өмірге оралуымыз, айсберг – егілмеген адамдар массасы, ал локдаун, карантин, маска тағу және әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты індетке қарсы шаралар – тежеу механизмдері, кеменің қауіпті айсбергке жақындауын бәсеңдету. Ал вакциналау – айсбергтің еруін тездететін нәрсе. Біз қаншалықты тез вакцина салдырсақ, айсберг со­ғұрлым тез ериді деп үміттенеміз, – деді сарапшы.

Брифингке қатысқан ҚДСЖМ эпидемиология және дәлелді медицина кафедрасының доценті Рафаиль Қыпшақбаев вирустың мутациясы өте жиі болатынын түсіндірді. Оның айтуынша, вирус – ақуыз қа­бығымен жабылған жасушадан тыс тіршілік формасы. Сондықтан тіршілік ету үшін оған бейімделу керек, өкінішке қарай, бұл өте тез болады. Әрбір жаңа мутация – оның күшеюінің белгісі, яғни инфекция тез жұғады, аурудың ағымы да өзгереді. Бұл ретте вакциналанған адамдар артықшылыққа ие.

– Ауырып шыққан адам лоте­рея секілді, ауру жеңіл симптомсыз түр­де болуы ықтимал немесе ӨЖЖ қосы­лу, өлім жағдайларына әкелуі мүм­кін. Вакциналардың жанама әсер­- лері туралы сұрақтарға келсек. Елес­те­тіп көріңізші, адам күн са­йын үйінен шығып, көлігіне отырып, кетеді. Теориялық тұрғыдан ал­ғанда, оның апатқа ұшырап, қай­тыс болу қаупі бар. Дегенмен біз көлік­терден бас тартпаймыз, олар­ға қарсы қозғалыс жоқ. Вакцина­лар­мен де жағдай солай: жағымсыз реакциялардың пайда болу ықти­мал­­дығы бар, вакцинацияға қарсы өте күшті қозғалыс та жоқ емес. Ме­дицинада ең қарапайым дәрінің өзі – биологиялық белсенді қоспа, бәрі де қауіп төндіреді. Ал ауырып жазылғандықтан екпе салдырмаймын дейтіндер вакцина алмаса, вирус тасымалдаушы бола алады, өзіне ғана емес, халықтың әлеуметтік осал топтарына қауіп төндіреді, олардың ішінде ата-аналары да, қарт туыс­тары да бар. Нәти­жесінде бұл стационарлық ден­саулық сақтау жүйелеріне түсетін жүк­темені де арттыражы. Осы жағын ойла­ну керек. Егер бірлесіп әрекет ет­песек, денсаулық сақтау жүйесі па­циенттердің көптігін көтере алмай қалады. Біздің жалғыз амалымыз – вакциналау, – дейді эпидемиолог Р.Қыпшақбаев.