• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Өнер 02 Шілде, 2021

Қасиетіңнен айналайын, домбыра!

365 рет
көрсетілді

Шежірелі шанағыңа талайлы тарихымды сыйғызған сен аман бол – домбыра! Ұлы даланы даңққа бөлеген сенің болмысында қазақтың наркескен намысы бар. Алп-алп басқан атандай буырқанған бабалардың мыңжылдықтан бері сенімі сен едің, серігің мен едім! Сені сол үшін де жаныма медет, рухыма сая тұтамын. Қасиетіңнің салмағын Қаратаумен өлшемесем, маған серт, қадірімді Алатауға теңгермесең, саған серт. Бағзыдан аян, нәсілі асыл елім сен дегенде көңілін көкжиекке сүңгітіп, сазыңнан жанына шипа іздеген. Қос ішегіңнен төгілген толқын сақи дүниенің тілі мен тіні болып мына құс тұмсығындай қысқа жалғанның жан жарасын жазған жоқ па?! Сен сол үшін де қымбатсың маған! Қасиетіңнен айналайын, домбыра!

Мынау ғасыр – нұрлы ғасыр, сен оны мәңгіге әлдиле!

Айналайын, домбыра сенің бар болмысың қа­зақтың саф болмысы емес пе?! Қазақтың аймаң­дай ақыны Қадыр Мырза Әлі: «Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деп се­нің тағдырыңның тіні текті халықпен сабақ­тасқанын жырмен айшықтады. Ал бүгінгілер ше?! Бұл жағына келгенде қарыс маңдайға басылған тағдырға айтам мың тәубе! Өйткені бар ғой, домбыра, ұлттық аспап сен болсаң, ұлттың ұлы мен болсам, сен үшін сонша шаттандым, әлемге қазақпын деп мақтандым!

Мына дәуір – мұңлы дәуір, сен оны мәңгіге тербет!

Антқа байлап, аптығымды басып, өзіңмен ойша сырласып, кешегі күнді қозғасам, көңілім толқиды да тұрады. Ошағы оттан түспеген ұлтымның тағдырына арқау, тектілігіне тіреу болып, бабаларымның кенді кеудесінен күй болып құйылған да сен едің ғой, домбыра! «Қарға да бойлы Қазтуған, Қарғадай бойы болса да, алғыс алған халқынан» демекші, Қазтуғандай жыраулардың да асқақ әнін құдіретің арқылы жүрекке қондырғанбыз. Сенің арқаңда!

Шыны керек, жұртының қамын ойламас, жұртпен бірге тойламас, айылы бүтін аттыдан жаяу да жүріп кек алған Жаяу Мұса бабаның, Сексен көлді тербеген, Оқжетпесті теңселтіп, Көкшенің керім аспанын бұлт астында қалдырмай, серілікпен күн кешкен Ақандайын арданың, иығына ілмей құл шекпен сезімнің қылын мың шерткен, Ләйлім-шырақ деп әндеткен Біржан салдың әндері сен арқылы халқымның қамбасында қалды қазына болып. Мынау құс қанаты талатын сайын дала сөзге бұлақ, ойға сүлей тектілерімнің сазына толды. Сенің арқаңда!

Мынау әлем – жүрексіз әлем, сен оның жанын жібіт!