Аудан орталығы Шиелі кентінен жап-жақын көрінетін Қаратау жеткізіп болар емес. Жатаған тау біз жақындаған сайын шалқайып, тарам-тарам қойнаулары көзге айқын көріне бастады. Осы жол Түркістан облысы аумағындағы таудың теріскейіне жеткізеді. Жазғы күндері екі облыстың арасын жалғайтын көлік көбейіп кетеді екен.
Ванадий мен вандалдар
«Дарбазаға іліктік, біз діттеген Сауысқандыққа да сәл қалды», деді жолбасшымыз, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет. Үнемі ізденіп жүретін Нұрболаттың өңір тарихы туралы әңгімесін тыңдай отырып, сыртқа көз салдым. Қаратаудың баурайы біртүрлі құлазып тұр, көктемде қылтиып шыққан көк аз күнде қап-қара болып күйіп кетіпті. Биыл тау өзендері де жылдағы арынынан жаңылған. Кейбірі құрғап қалса, кейбір арнадан жылтыраған жылға ғана көрінеді.
Мыңдаған жылдар мызғымай тұрған Қаратаудың қойнауы – қазына, әр тасы тарих. Осыдан 17 жыл бұрын тарих ғылымдарының докторы, белгілі археолог Мадияр Елеуов бастаған археологиялық зерттеулер барысында таудың Шиелі ауданы аумағы тұсындағы Сауысқандық шатқалынан бағзы бабаларымыз тасқа қашап жазған жазбалар табылды. Ғылыми айналымға «Сауысқандық петроглиф» деген атаумен енген аумақ археолог Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен зерттелді. Көне заман көріністерін бүгінгі жеткізген тарихи-мәдени ескерткіштер кешенінің аумағы 500 гектар төңірегінде. Ғалымдар пікірінше, тас және қола дәуірінен, одан кейінгі кезеңдерден де сыр шертетін, 8-10 мың сюжетті құрайтын петроглиф тарихи маңызы жағынан әйгілі Таңбалы тастан бір мысқал да кем түспей- ді.
Сауысқандық жартастарындағы бейнелер арасында байырғы тайпалардың дүниетанымы мен діни сенімдерінің ізі сақталып тұр. Тасқа қашалған дала галереясындағы бейнелер адам мен табиғат арасындағы байланыстың тым ежелгі суреттерін көз алдыңызға әкеледі.
Көп жағдайларда бастарына аң немесе құс іспеттес маска киіп, мал терісін жамылған бейнелер қола дәуіріндегі діни нанымның ерекшеліктерін және оның кейбір ғұрыптық тұстарын көрсетеді. Зейнолла Самашев, Мадияр Елеуов, Сағымбай Мұрғабаев жазған «Сауысқандық петроглифтері» атты монографиялық еңбек Қаратау қойнауындағы қазынаның тарихи маңызын тереңдете аша түседі.
Бізді тарихи орынға бастап келген жергілікті азаматтар қатарындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбуов ғалымдар пайымынша тастағы бейнелердің «жасы» біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтан басталатынын айтады.
Сөз басы ванадий мен вандалдардан басталып еді ғой. Енді соған тоқтала кетейік. Сауысқандықтың дәл іргесінде ванадий өңдейтін зауыт бар. Кеншілер жасаған әр жарылыс қатпарлы тақтатастағы жікті тереңдетіп кететін еді. Осыдан 7 жыл бұрын археолог ғалымдар зауыт басшылығымен кездесіп, жару аймағын алыстау белгілеуді өтініпті. Тастағы бейненің тарих үшін маңызын түсінген кеншілер мамандар өтінішін аяқсыз қалдырмағаны қуантты бізді. Ал тас бетін шимайлап, өзінің есімін шекіп жазған вандалдар туралы әңігіме бөлек. Бұл 2013 жылдан бастап мемлекеттік қорғау тізбесіне алынған аумақтағы басты мәселе болып тұр.
Шатқалға кіре берісте мемлекеттік қорғауға алынғаны жайлы тақта орнатылған. Бірақ оның бақша шетіндегі қарақшыдай да қауқары жоқ.
– Бұл сан мәрте айтылса да, бір шешімі табылмаған мәселе болып тұр, – дейді Бекболат Әбуов. – Мыңдаған жылдан бері бедері кетпей тұрған тас бетін айналасы 10-15 жылдың ішінде ту-талақай қылдық. Ендігі бір амал, аумақтың қорғалуын осы жерден табыс тауып отырған кеншілерге міндеттеу. Қалай болғанда да қадым заманның қолтаңбасын құртып алмауымыз керек. Бұл байлықтан айырылу келешек ұрпақтың алдында кешірілмес қылмыс жасағанмен тең.
Жабайы туризмді жөнге салу керек
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Рақымжанова мемлекет қорғауына алынған Сауысқандықты сақтап қалу қаржыға келіп тірелетінін айтады.
– Шатқалдағы тастарға реставрация жасау үшін ғалымдардың сараптамасы қажет. Шетелде мұндай орындар көздің қарашығындай сақталатынын білесіздер. Біз әлі ондай үрдіске жете қойған жоқпыз, тарихи нысанның маңызын түсінбегендер петроглифтер беттеріне аттарын жазып, бүлдіріп кетіп жатыр. Осындай оқиғаның алдын алу үшін арнайы штат бөлуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, осындай бірнеше тарихи орындарды біріктіріп, қорық музейлер ашсақ, құнды қазынаның талан-таражға түсуі тоқтайтын еді. Біз осыған дейін облыстың батыс аудандарындағы бірнеше ескерткішті осылай сақтап қалу жөнінде салалық министрлікке ұсыныс бергенбіз, – дейді басқарма басшысы.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Археология және этнография» ҒЗИ жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеевпен сөйлесіп отырмыз. Археолог ең алдымен Сауысқандыққа туристер қашан және қайдан келетініне мониторинг жасалуы керектігін айтады. Шатқалға келгендер кідіріп барып өтетін бекет пен ақпараттық тақта орнатқан жөн.
– Соңғы 15 жыл бедерінде ежелгі Жанкентті зерттеп келе жатырмыз. Жақын ауылдағылар бұрын сырттан келген қонақтарды осы ежелгі қала орнында дастарқан жайып күтіп, арақ-шарап ішіп думандатып қайтады екен. Шаһар қоршалып, басына ақпараттық тақта орнатылғаннан кейін кие, аруақты сыйлайтын ағайындар жаңағы ерсі әдеттерін сап тыйды. Сауысқандықтың басына да осындай қамқорлық керек. Сосын бұл жерге туристер негізінен тек жазда ғана келеді. Осы үш айда «Тапқан қаржың өзіңдікі, тек ие болып отыр» деп туристік фирмалардың бірін міндеттеуге болады ғой. Қорық мұражай жайлы да бастама тиімді болар еді. Мына тұрған Түркістан облысында осындай мұражайдың үшеуі бар. Біз әлі біреуіне қол жеткізе алмай келеміз, – дейді ғалым.
Қалай болғанда қорғауды тездетіп қолға алмасақ, мыңдаған жылдық мұрадан айырылып қалғалы тұрмыз. Мамандардың айтуынша петроглифтер бетіне түскен жазуды өшіруге болады. Соған тез кіріспесек, бастауын қола заманынан алатын баға жетпес құндылықты кола ішкен дәуір жастары жермен-жексен ететін түрі бар.
Әзілхан Әуезханұлы вандализмнің алдын алу бағытындағы насихат жұмыстарына имамдарды да жұмылдыру керектігін айтады. Дін өкілдері адам ныспысы тек ол өлгеннен кейін басына қойылатын көктасына қашалып жазылатынын ескерсе, еріккеннен тас егеп, есімін елдің есіне салғысы келіп тұратын есерлер азаяр ма еді?
ҚЫЗЫЛОРДА