• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Шілде, 2021

Ендігі үміт – электронды саудада

519 рет
көрсетілді

Қазақстан қыркүйекте ЕАЭО-да сыртқы элек­­­тронды сауданы­ дамытуға арналған «Эле­к­тронды сауда опе­­­ра­­­тор­­лары инс­титуты» жоба­сын қанатқақты ре­­­жім­­­де іске қосуды жоспар­лап отыр.

Бұған дейін Еуразиялық эко­номикалық комиссия одаққа мүше елдердің аумағында бір­ыңғай оператор құруды ұсын­­­ған болатын. Ондағы мақсат – шетелдік интернет-алаң­дардан тапсырыс арқылы жеткізілген жеке тұтынуға ар­налған тауарларды бақылау. Жоба қанатқақты режімде 2021 жылдың 1 шіл­десінде іс­ке қосылуы ке­рек-тін. Алайда бұ­дан әзірше ешқандай хабар жоқ.

Жалпы, Қазақстан транс­шекаралық электронды сауданы екі бағытта дамытуға мүдделі. Біріншісі – ЕАЭО шең­берінде электронды сау­­даны реттеу, екіншісі – отан­дық тауар өндірушілерді ха­лық­аралық электронды сауда алаңдарына шығару. Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасованың айтуынша, одаққа мүше елдердегі сырт­қы е-commerce іс жүзінде реттелмейді. Мұндай жағдай әлемнің көптеген ел­дерінде қалыптасып отыр. Осы­ның салдарынан әр мемлекет қажетті заңды өздері әзірлеуге мәжбүр.

– ЕАЭО шеңберінде сырт­қы электронды сауда саласын­да қанатқақты жоба жүзеге асы­рылмақ. Жоба алдағы қыр­күйекте қанатқақты режімде жұ­­мысын бастайды. Ал 2022 жылдың қаңтарында толықтай іске қосылады. Дайындық жұ­мыстары жүргізілуде. Қазір­дің өзінде ЕАЭО елдері арасында айналымда жүретін барлық трансшекаралық онлайн-тауарлар қанатқақты жо­ба шеңберінде электронды сауданың бірыңғай операторы арқылы өтетіні туралы ал­дын ала уағдаластық бар. Бола­шақта жоба адамдардың ке­дендік алымдарға, баждар­ды төлеуге және басқа да шы­ғын­дарын айтарлықтай азайтуға мүм­кіндік береді, – деді вице-министр Astana Finance Days форумында.

Әсел Жанасованың айтуынша, екінші бағыт бойынша 2020 жылы Alibaba платформасына 100 қазақстандық компания шығарылды. Оның 71-і бүгінде платформада саудамен белсенді түрде айналысуда. Жалпы, компаниялар Alibaba-ға шық­қан сәттен бастап 18,1 млн дол­лар­ға экспорттық келісім­шарт жа­салған.

–  Сондай-ақ Amazon платформасында отандық сату­шы­лардың өз қызметін жүзеге асыруға рұқсат алынды. Ал eBay платформасы бойынша халықаралық сауда орта­лығы (ITC) USAID-пен бірле­сіп Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан және Түр­кіменстан елдеріндегі шағын және орта бизнес үшін Орталық Азия сауда хабын іске қосты, – деп нақтылады Ә.Жанасова.

Вице-министрдің мәлі­метінше, 2021 жылдың бірінші жартысында қазақ­стандық на­рықтағы онлайн-сатып алу­шы­лардың саны 4,6 млн адамды құраған. Қазпоштаның дере­гінше, былтыр олардың саны 3,8 млн адамға тең болды. Сауда және интеграция министрлігінің болжамынша, аталған көрсеткіш 2025 жылға қарай 7,7 млн адам­ға жетуі керек. Ал оған дейін Қазақстанның интернет алаң­дарындағы сатып алу көле­мін 106,2 млн данаға дейін жет­кізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ электронды саудадағы қолма-қол ақшасыз төлем үлесін 90 пайыз­ға дейін арттыру міндеті тұр.

Қазпоштаның дерегінше, былтыр электронды сауданың үлесі 2 есе өсіп, жалпы сауда көлемінің 9,7 пайызын немесе 1,1 трлн теңгені құрады. Көрсеткіш 2019 жылы 3,7 пайыз болған еді. Министрлік жаңа технологиялардың өсу қарқыны мен дамуын ескере отырып, 2025 жылға қарай электронды сауданың үлесін 15 пайызға жеткізуді межелеп отыр.

– Электронды сауда­ эко­жүйесін үш құралдың көмегімен дамыту жоспарланған. Бірін­шісі – электронды сауданы ын­таландыру және шағын және орта бизнесті оқыту. Екін­шісі – жеткізу қызметі мен логис­тикалық сервистерді да­мыту. Үшіншісі – онлайн-транс­ше­каралық сауданы дамыту, – деді Әсел Жанасова.

Mastercard компаниясының Орталық Азиядағы бас директоры Рафал Трэпканың пікірінше, 2021 жылы пандемияға байланысты сатып алушылардың мінез-құлқы өзгерді.

– Сондықтан бизнес клиенттерге қызмет көрсетуде ин­но­вациялар ұсыну үшін цифр­лық және технологиялық сер­вистерді енгізуді жеделдетеді. Кәсіпкерлер кез келген жерде және кез келген уақытта жеке сауданы қамтамасыз ету үшін өзара әрекеттесуді физи­калық және цифрлы форматта қайта құруда. Әлеуметтік хабардарлықты арттыру тұты­ну­шылардың ашықтыққа деген сұранысын да арттырды. Сонымен қатар салалар үстеме шығындарды азайтуға және тиімділікті арттыруға тырысады, – деді Astana Finance Days форумында баяндама жасаған Рафал Трэпка.

Forex Market компания­сы­ның бас директоры Дмитрий Комиссардың айтуынша, бү­гінде жаһандық нарықта екі үл­кен тренд қанат жайып келеді. Біріншісі – маркетплейстердің дамуы. Өйткені электронды саудадағы сатылымдар осы фор­матқа шоғырланып, са­ты­лады. Екіншісі – бөліп тө­леу моделінің дамуы. Қазақ­стан­дағы банктердің көбі бұған ай­рық­ша басымдық беріп отыр.