Солтүстік Қазақстан облысы «жасыл аймақ» пен «сары аймақтың» шекаралық шегінде тұр. Бұл әлі «сары аймаққа» енбегенмен, «жасылдың» шегіне жетті деген сөз.
Осы күнге дейін жаман індет шыққан адамдар саны тәулігіне 10 адамның шегінде болса, соңғы күні 27-ге жетті. Оның 19-да ауру белгілері болып, 8-де белгілері болмаған. Аймақтық коммуникациялар қызметінде болған брифингте бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов мәлім етті.
Індет жұқтырған 27 адамның 11-і Петропавл қаласынан, Қызылжар мен Айыртау аудандарынан 4-тен, қалғандары Тайынша, Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов және Есіл аудандарынан шыққан. Осындай жағдайдан кейін өңірдегі эпидемиялық ахуал тұрақсыз деп бағаланып отыр.
Індет таралымының өсуі республика аумағындағы «Дельта» штамының айналымына, сондай-ақ халықтың карантиндік шараларды сақтау жөніндегі тәртібінің төмендеуіне байланысты болып отыр. КВИ науқастарынан алынған оң зертханалық үлгілердің ПТР скринингінің нәтижелері бойынша 4 үлгідегі «Дельта» штамына тән мутация ықтималдығы анықталды.
Бүгінгі жаман індеттің ерекшеліктері қатарында клиникалық симптоматиканың ерте манифестациясын, инкубациялық кезеңнің 5 күнге дейін қысқартылуын айтуға болады. Сонымен қатар қазір аурудың пневмониядан тыс түрлерінің жиілеуі және кейбір жағдайда ішек симптомдары басым болып келеді. Өкпенің зақымдану аймағының ұлғаюымен аурудың тез дамуы және жас адамдардың үлес салмағының артуы да көзге түседі. Сондай-ақ балалар мен жүкті әйелдердің сырқаттануы, жүрек-қантамыр жүйесінің асқынулары жиі кездеседі.
Қалыптасқан ахуалға орай 5 шілдеден бастап мынадай шектеулер енгізіледі: біріншіден, жабық үй-жайлардағы бильярд, боулинг, балалардың ойын алаңдары мен аттракциондардың, батуттардың, банкет залдарының, компьютерлік клубтардың, аквапарктің қызметі тоқтатыла тұрады; екіншіден, еске алуды өткізуге тыйым салынады; үшіншіден, діни нысандарда, жабық үй-жайларда ұжымдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Мешіттер, православ шіркеулері және басқа діни объектілер аумағында ашық ауада бетперде режімін және бір адамға кемінде 4 метр есебінен әлеуметтік қашықтықты сақтап отыру; төртіншіден, 30 адамнан аспайтын жеке, топтық дайындықтар үшін мәдениет объектілерінің қызметі шектеледі; бесіншіден, мектепке дейінгі балалар ұйымдарында тек кезекші топтардың (25 адамнан аспайтын) жұмысына, балалардың түзету кабинеттерінің, балалардың және ересектердің білім беру орталықтарының жұмысына алдын ала жазылу бойынша топты толтыру кезінде 15 адамнан аспайтын рұқсат етіледі және т.б.
Қазір облыста 129 212 адам вакцинаның бірінші компонентіне егілді, бұл барлық халықты 41,5%-ға қамтиды, ал екінші компонентпен 72 613 адам егілген. Вакцина салдырғандардың арасында медицина қызметкерлері 99,9%, педагогтер 69%, полицейлер 97,3%, мемлекеттік қызметкерлер 70%, өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері, оның ішінде вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер 99,9%, студенттер 73% болып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы