Солтүстік Қазақстанның Қарабек көлінде балық қырылып жатыр. Мамандардың есебінше, қазіргі уақытта шамамен 500 келіге жуық мөңке балығының өлексеcі судан шығарылған, деп хабарлайды Egemen.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Адамдар балықтың қырылуына моншаның жұмысы себеп болуы мүмкін деп санайды. Алайда нақты белгісіз. Қазіргі уақытта ветеринарлық қызмет пен экологтар су мен өлген балықтың сынамасын алып, зертханалық сараптамаға жіберген.
«Қазіргі уақытта балықтың не себептен қырылғанын нақты айту қиын. Өлген балықтың нақты санын да айту қиынға соғып отыр. Себебі, бұл өзен емес, бұл көл. Жексенбі күні балықтың қырылып жатқанын білген соң, бірден сол жерге барып, жұмысшылармен өлген балықты жинадық. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда», деді Бескөл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Мәулен Қасымғожин.