Павлодар өңірінің Баянауыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, былтыр Майкөбе ауылындағы су құбыры құрылысын теміртаулық «Дәнекер» ЖШС жүргізе бастаған. Ал Шөптікөл ауылына құны 1 млрд теңгеге жуықтайтын жоба жасалып, дайындалған. Облыс әкімдігі Майкөбедегі су құбыры жұмысын аяқтауды, ал Шөптікөлдегі қымбат жобаны қайта зерттеуді тапсырды.
Жалпы, Баянауылдың Майкөбе мен Шөптікөл ауылдары жылдар бойы суды тасымалдап жеткізу бойынша пайдаланып келеді. Бұл мәселе жақында облыстық әкімдіктегі жиын барысында да айтылды. Майкөбе ауылындағы су құбыры құрылысын мердігер «Дәнекер» ЖШС кешіктіріп отыр. Ал Шөптікөл ауылында су алатын ұңғыма ауылдан алыс, сондықтан орталық сумен жабдықтау жобасы өте қымбатқа түседі.
– Суды сырттан жеткізу – өткен заманның сарқыншағы, – деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов. – Бұл ауылдардың су мәселесін шұғыл түрде шешуіміз керек.
Қазір Майкөбе мен Шөптікөл аталатын бұл екі ауыл Майқайың кентіне қарайды. Кенттің бұдан басқа Үшқұлын, Сұлужондеген ауылдары да бар. Бұрын халқы көп болғанда әрқайсысы жеке-жеке ауыл болған-ды. Кентте ауылдарымен қосқанда барлығы 9 686 тұрғын тұрады, аула саны – 2 486. Кенттің өзінде 8 971 тұрғын болса, ауылдарда, мысалы, Үшқұлында – 20 аула (324 адам), Сұлужонда – 49 (194 адам), Майкөбеде – 66 аула (186 адам), Шөптікөлде 42 аула (156 адам) бар. Ауылдықтар су қашан келеді, жол қашан жөнделеді деп зарыға күтумен жүргенде жылдар өтті. Жылдар бойы жалғасқан сарқыншақ мәселенің шұғыл түрде шешілуі де мүмкін емес болар. Үміт үзіп, амалсыздан жақсы жер іздеп көшкені көшіп кетті, көшпегендері су да келер, жол да жөнделер деген күтумен ауылда қалды. Халық саны азайды. Баянауылдағы жолсапардан келе жатып Майкөбе мен Шөптікөл ауылдарына да жолай бұрыла кеткен едік. Үйлері әбден тозып кетіпті. Бір қарағанда-ақ ауылға жаның ашиды. Шөптікөлдің қасындағы көмір кеніші жабылған, бірақ кен қазған орындар сол күйі ашық қалып, іші суға толып кеткен секілді. Ауылдар үшін бұл да бір экологиялық мәселе. Өйткені екі ауылдың қасында «Майкөбен-Вест» АҚ көмір мен Керегетас кеніштері орналасқан. Жылдар бойы кеніштен ұшқан күлді жұтып, далаға шыға алмай қиындық көріп келді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген мәселеде су мен жолдың шарапатына да көңіл аударса дейсің.
2012 жылдары облыстық мәслихаттың Экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы болатын-ды. Қазір де депутаттар иесіз қалған Шөптікөл кенішінде пайда болатын эндогендік өрттер жөнінде мәселе қоюы керек. Бұл өрттер аймақ экологиясына, сондай-ақ халық денсаулығына үлкен зиян келтіреді. Жергілікті деңгейде экологиялық апатқа жол бермеу үшін қазір кен қазбайтын Шөптікөл кенішінің бұрынғы иесін табу да аса қажет.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жыл сайын өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінде кәсіпкерлер алып-сатумен емес, кен орындарын дамытумен және қаржыландырумен айналысуы тиістігін айтқанын ұмытпайық.
Сол жылдары кеніштің қарауындағы №14 скважинаны аудандық әкімдік кенішпен бірлесіп, ауылға тартылатын су құбырының жобалау құжаттарын жасауы қажет болған-ды. Бұл мақсат үшін «Майкөбен-Вест» ЖШС №14 скважинаның су қорын зерттеуге 12 млн теңге бөлу, содан басқа жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын қаржыландыруды жоспарлайды деп уәде берген-ді. Ал басқарма басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, Шөптікөл ауылында 42 үйде 150 адам тұрады. Су құбырын тарту жобасының құны 1 млрд теңгеге жуық, шағын ауылға осыншама қаржы бөлу тиімсіз болғандықтан, блок-модуль орнату қажет немесе су көзін жақын жерден іздеу қарастырылуда. Қандай жоба болсын алдымен елеп-екшеуден, зерттеуден, тексеруден, қоғамдық тыңдаудан өткізіп барып жасалатыны белгілі. Біздіңше, Шөптікөл ауылына су құбырын тартудың тиімсіз болатын тағы бір себебі, ауылдағы үйлер әбден тозған, ертең әр үйге су құбырын өткізгенде ескі үйлердің қабырғасы құлап кетуі де мүмкін. Сондықтан мемлекет қаржысын үнемдеу үшін тиімсіз екені онсыз да белгілі жобаны қайта зерттеудің де қажеті жоқ сияқты.
Енді келесі мәселеге келетін болсақ, Майкөбе ауылына су тарту өткен жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ мердігер компания – «Дәнекер» ЖШС аудандағы 4 ауылға су құбыры жобасын бірде жалғастырып, бірде тоқтатып, әлі іске қосқан жоқ. Қазір көпшілік мердігер компаниялар жобалардың конкурсын жеңіп алып, нәтижесінде жоба аяқталмай, дұрыс жүргізілмей қалатыны белгілі. Сол сияқты «Дәнекер» ЖШС-да ауылдарға су жеткізуге «дәнекер» бола алмай отыр. Мердігерлердің соттасуы деген қазір таңсық емес, үйреншікті әдетке айналғандай. Естуімізше, компания портал арқылы еліміз бойынша 70-ке жуық жобаны жеңіп алған екен. Сондықтан қайсы жобаны жүзеге асырарын білмей жүрген сияқты.
Құрылыс басында көргеніміздей, техникалық көліктері, жұмысшылары, экскавторлары жетіспей қалатыны байқалады. Аудан әкімдігі қазір мердігер компанияны сотқа беріп, сот істі қарауда. Басқарманың мәліметінше, 2023 жылға дейін өңірдегі 67 ауылға су құбырларын салу қажет болса, 33 ауылға кешенді блок-модульдер (КБМ) орнату қажет. Қазір ауылдарда 221,8 мың халық тұрады. Әзірге 172 ауылға құбыр арқылы су жетті, 107 ауылда су жергілікті көздерден алынса, тағы 71 ауыл тұрғындары оны КБМ арқылы алуда. Тіпті 13 ауыл су құбырларын орнатудан бас тартып, жергілікті су көздерін қолдануды жөн көрген екен.
Басқарма басшысы Қадылжан Сатиевтің сөзіне сенсек, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 11 млрд теңге тұратын ауылдарды сумен жабдықтау жөніндегі 35 жоба іске асырылмақ. Қазір 33 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілсе, тағы екі жоба бойынша конкурстық шаралар өтуде. Жыл соңына дейін 30 жоба аяқталады.
Егер 30 ауылға су жететін болса, әрине, қуаныштымыз. Сонымен қатар биыл 324 шағын ауылға КБМ орнатуға 314,7 млн теңге бөлініпті. Қыруар қаржы бөлініп орнатылған кешенді блок-модульдерді күтіп-ұстау міндеті жергіліктіәкімдіктерге тапсырылады. Ал кешенді күтіп-ұстау жауапкершілігі ауыл әкімдігімен бірге тұрғындарға да міндетті.Өйткені жергілікті сумен жабдықтау жүйелерінің субсидиялауға арналған тізімін бекіту құзыреті жергілікті атқарушы билікке берілді.
Бұрынғы жылдары Баянауыл әкімдігі шөптікөлдіктерге басқа жерге, не аудан орталығына, не көрші ауылдарға көшіңдер деп бірнеше рет ұсыныс та жасап көрді. Енді, Майқайың кентіне үй салып, тұрғындарды осы жерге көшірсе дейтін де ұсыныс бар. Тиімдісі осы. Өйткені осыдан он жыл бұрын Баянауылдың Жапалақ, Қамбаба, Маяжон, Қарашоқы, Ербай, Бәлтен, Ертісбай, Жуантөбе, Жапа, Қарашат, Қызыләскер, Сарыжал, Жәнібек, Қызылшілік, Сарыөлең, Ақтөбе, Иса, Мерген, Әлке, Амантау, Жарқияқ және басқа да бірнеше ауылы есептік деректерден шығып, болашағы жоқ ауыл аталды. Сол кезде бір күнде ел отырған, ал бүгінде орны ғана қалған бұл ауылдардың күйін басқалары кешпесе екен дедік. Орнында бар оңа лар деп күтті халық. Бірақ жылдар бойы суы жоқ, жолы жоқ ауылда енді әрі қарай өмір сүру де мүмкін емес бо лар.
– Қазір Шөптікөлге жаңадан су таситын машина сатып алу қарастырылуда. Бұған дейін де ауылдықтар 1 аптағажететіндей су жинап алатын, жетпей қалған жағдайда әкеліп береміз, дейді кент әкімі Ербатыр Молдақұлов.