Петропавлдық Алтынгүл Арынғазиева мен Бақыткүл Қасенова – бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын егіз ару. Олардың қос тамшыдай түр-келбеті, күлкісі, жымиысы, жұмысқа деген ерекше ынта-жігері ғана емес, домбыраның қос шегіндей өрілген тағдырлары да өте ұқсас. Ішкі істер органында 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан полиция подполковниктерінің өз өмірлерінен шертер сырлары аз емес.
«Менің Бақыткүлден бес минуттай ғана үлкендігім бар. Әкеміз жүргізуші болып еңбек етті. Шешеміз мектеп директоры болды. Біз – олардың тұңғыш перзентіміз. Қазір екеуі де зейнетте. Қатарымыздан кем қылмай өсіріп, оқытты. Ата-анамызға деген алғысымыз шексіз. Соңымыздан ерген ініміз бар». Бір қарағанда тұйықтау көрінетін, салмақты да сабырлы Алтынгүлдің сөзін мінезі ашық-жарқын Бақыткүл жалғастырып әкетті.
«Жас кезімізде ауылдағылар бізді шатастырып алып жататын, «Алтынгүл-Бақыткүл» деп қатар айтып, шақыратын. Қазір де киген киіміміз бірдей болғандықтан, жұмыста да ажырата алмайтындар бар. Күштік құрылым саласына келуіміз – бөлек әңгіме», деген ол қалай студент атанғандарын күліп еске алды.
Қызмет бабымен әлі күнге дейін жұптары жазылмай келе жатқан қос бойжеткеннің тергеуші болсақ деген арманына нағашылары Аманжол Бейсенов қозғау салыпты. Генерал-майор шеніне дейін көтерілген ел азаматына еліктегендері соншалық, басқа мамандықты таңдау туралы ойланбапты да. Мектеп бітіргеннен кейін Қостанай заң институтына құжат тапсырып, барлық емиханды кілең «беске» тапсырады. Ұстаздарының сенімін ақтап, институтты қызыл дипломмен бітірген жас мамандар жолдаманы Петропавл қалалық ішкі істер бөліміне алады. Екеуі де еңбек жолын анықтаушылықтан бастап, бір кабинетке орналасады. Осы салада 15 жыл тынымсыз қызмет атқарып, түрлі марапаттарға ие болған.
Олар көз майын тауысып, қылмыстық істерді тексерумен айналысқан, күдіктілердің кінәлары дәлелденген том-том іс материалдары архив сөрелерінде қаттаулы тұр. Бес жылдан бері қалалық ювеналдық полицияның жасөспірімдер инспекторы қызметінде. «Дарын» лицейі мен №8 мектепке инспектор ретінде бекітілген Алтынгүл мен Бақыткүлдің әр күні қарбаласқа толы. Аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларды есепке алу, ішкілікке салынып, бала тәрбиесінен қол үзген ата-аналарды, уақытының көп бөлігін көшелерде, ойын-сауық орталықтарында өткізуге әуес «кезбе» оқушыларды жөнге салу, тәртіпке шақыру, түрлі рейдтерге қатысу, түсіндіру іс-шараларын жүргізу, қорғаншылық және қамқоршылық комиссиясының қарауына мәселелер ұсыну секілді қат-қабат жұмыстар жетіп артылады.
Мәселен, жуырда Бақыткүлге шешесі түрмеде жазасын өтеп жатқан 16 жастағы оқушының мектепке бармайтын бей-берекет жүрісі жайлы сынып жетекшісінен шағым түскен. Жағдайға қаныға келе, оның әкесінің ішкілікке салынғаны, қызымен қарым-қатынастың ушыққаны сонша – оған көмек беруден бас тартқаны белгілі болды. Ескерту, айыппұл шараларынан ештеңе өнбегеннен кейін әкелік құқығынан айыруға қатысты материалдар қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберіліп, ұсыныс қолдау тапқан.
Алға қойған мақсаттарына берік, қиындыққа қайысып, еңсесі түспейтін, өзгерістерге ұмтылудан бір тынбайтын егіздер нағашылы-жиен ағайындарға тұрмысқа шығып, шаттыққа толы шаңырақ құрған. Алтынгүл Ерланға тұрмысқа шығып, үйлену тойлары 2001 жылғы 21 қаңтарда өтті. Екі жастың отау құру қуанышына жиені Санат та ортақтасып, сонда Бақыткүлді бір көргеннен ұнатып қалады. Сөйтіп екеуі көп кешікпей, 4 ақпанда отау құрады.
Қос отбасыны полицейлер әулеті деуге болады. Ерлан – облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті Қызылжар аудандық пробация қызметінің бөлім бастығы, полиция подполковнигі. Санат көп жыл учаскелік инспектор болып еңбек етті. Бүгінде зейнеткер. Полиция майоры. Ал егіз полицей арудың інілері Руслан – «Күзет» қызметі Аққайың аудандық бөлімшесінің маманы.
«Ағайынды жігіттерге тұрмысқа шыққанымызға өкінбейміз. Бір-бірімізді түсінісіп, бағалағандықтан, тату-тәтті отбасымыз. Ұл-қыз өсіріп отырмыз», деген аяулы аналар өздеріне сеніп тапсырылған учаскеде мәртебелі қызмет жауапкершілігін ерекше сезініп, білімді де білікті тәртіп сақшылары қатарынан көрініп келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы