• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Шілде, 2021

Әскери ынтымақтастық – әскери әлеует негізі

914 рет
көрсетілді

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Тимур Дәндібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауынгерлік дайындықтың жай-күйі, әскери-техникалық ынтымақтастық, әскери білім мен бітімгершілік қызмет туралы баяндады.

Тимур Дәндібаев Қазақстан Қарулы Күштерінде жауынгерлік дайындыққа ерекше назар аударылатынын, ол – үздіксіз процесс екенін атап өтті. Бұл мамандық бойынша даярлаудан басталып, әскери қызметшілердің өз дағ­ды­ларын тек ел аумағында өтетін ауқым­­ды оқу-жаттығуларда ғана емес, сондай-ақ таяу және алыс шет мем­лекеттер қарулы күш­тері өкіл­дерімен бірлескен іс-ша­раларда да шыңдауымен аяқталады. 

– Екіжақты форматта жақын және алыс шетел қарулы күш­терінің – Ресей, Қырғызстан, Өз­бекстан, Тәжікстан, Қытай, Түр­кия, Италия, Үндістан, Пәкіс­тан және басқа мемлекеттер өкіл­дерімен бірлескен іс-шара­лар өткізіледі. Көпжақты форматта ҰҚШҰ («Жауынгерлік ба­уыр­ластық»), ШЫҰ («Бейбіт миссия»), ТМД («Жауынгерлік дос­тас­тық»), БҰҰ («Дала қыраны») бір­лескен оқу-жаттығулары өткі­зілуде,– деді вице-министр.

Әскери-техникалық ынты­мақтастыққа келер болсақ, Қа­зақстан Қарулы Күштері бұл жұмысты Ұжымдық қауіпсіздік ту­ралы шарт ұйымының шең­берінде жүзеге асырып келеді. Одан бөлек, әлемнің 40-тан ас­там елімен екіжақты келісім іске асырылуда. Шартқа сәйкес, Ресей Федерациясынан Су-30СМ жойғыштары, Ми-171Ш және Ми-35 әскери-көлік және жа­уынгерлік тікұшақтары сатып алынған. Ал С-300 зениттік-зымыран кешендері өтеусіз негізде алынды. Сондай-ақ Испанияда шығарылған С-295  әскери-көлік ұшақтары алынды. Қазақстан-Франция жобасы шеңберінде Қазақстан Қарулы Күштеріне ЕС-145 тікұшақтары жеткізілген. Авиациялық техниканы күрделі жөндеу Беларусьтегі авиациялық жөндеу зауытында жүргізіледі.

Сонымен қатар Қарулы Күш­­тер қызметіндегі маңызды бағыт­тардың бірі –  бітімгершілік.  Тимур Дәндібаев бітімгершілік опе­рацияларға қатысу тәжірибе алмасуға, оны талдауға және дайындық барысында қолданысқа енгізуге, әскери қауіпсіздікке төнетін қатерлердің алдын алуда әскер әлеуетін арттыруға мүм­кіндік беретінін алға тартты.

– Әскери байқаушылар мен штаб офицерлері 2014 жылдан бастап БҰҰ миссиясына қатысып келеді, 2018 жылдан бас­тап қазақстандық бітімгершілік контингент БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына жіберілді. 2020 жылы Ливанның Бейрут портындағы жарылыс кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін әскери-медициналық мамандар тобы жіберілді, – деп атап өтті ол.  Қорғаныс министрінің орынбасары әскери дәрігерлер екіапталық іссапар барысында Бейрут, Сайда, Боуар, Аль-Масгара қалаларында 70-тен астам операция және 1000-ға жуық медициналық манипуляция жасағанын жеткізді. Бітімгерлерді оқыту Бітімгершілік даярлық орталығында, Н.Тілен­диев кентіндегі оқу-жаттығу орталығында, Әскери медицина орталығында және Мина­сыз­дандыру орталығында жүр­гізіледі.

Жоғары білім беру бағдар­ламасы бойынша даяр­лық барлық әскер түрлері мен Қару­лы Күштердің негізгі маман­дық­тарын қамтитын үш әскери институтта жүзеге асырылады. Соңғы жылдары оларға ерекше сұранысқа ие жаңа ма­мандықтар енгізілді. Сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құ-

­­­рамның біліктілігі арттырлып, ғылыми әлеуеті дамытылу үс­тінде. Қорғаныс зерттеулері кеңесі, алдыңғы қатарлы ғылы­ми-эксперименттік базасы бар әскери-ғылыми орталық құ­рылды. Ғылыми зертханаларда отандық әскери робототехниканы, ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасау, әскери-ғарыштық және ақпараттық технологияларды дамыту мәселелері зерттеледі.

– Бүгінгі таңда шетелдік әскери оқу орындарында әскери кадрларды даярлау Қазақстан Қарулы Күштерінің қажеттілігіне сәйкес жүзеге асырылады. Біздің әскери қызметшілер Ресей, Беларусь, Армения, Түркия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Корея, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Франция және ГФР жоғары оқу орындарында білім алуда. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің қарамағында 9 әскери оқу орны бар. Ұлттық қорғаныс университетінде 10 факультет, сондай-ақ 27 оқу кафедрасы жұмыс істейді, онда күндізгі және қашықтықтан оқыту форматында 500-ден астам әскери магистранттар мен докторанттар оқиды. Оның ішінде Қырғызстан, Тәжікстан және Армения сияқты ҰҚШҰ елдерінің 24 әскери қызметшісі бар. Жыл сайын қайта даярлау және біліктілікті арттыру жүйесі арқылы еліміздің Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың 3 500-ден астам әскери қызметшісі дайындықтан өтеді», деді спикер.

Қорғаныс министрлігінің жо­ғары оқу орындарына қа­был­дау би­ыл 27 шілдеден 11 та­мызға дейін жүргізілетінін айта кеткен жөн.

БАҚ өкілдерінің Ауған­стан­дағы жағдайдың қалай өр­битіні туралы сұрағына Тимур Дәндібаев қандай да бір болжам жасау қиын деп жауап берді.

– Бұл – қазіргі өте өзекті мәселе. Ауғанстандағы қазіргі әскери-саяси ахуал аса күрделі екенін атап айтқым келеді. Дәл қазір қандай да бір болжам жасау қиын. Қазақстан Рес­публикасының Қорғаныс министрлігі Ауғанстандағы ахуал жайлы ақпаратты үнемі бақылауда ұстап отыр. Оның ішінде әріптес шет мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарымен және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимылды да пысықтау үстінде. Сондықтан бұл мәселеге қатысты нақты ешнәрсе айта алмаймыз, жағдайды қадағалап, тиісті шаралар қабылдап отырмыз,– деп жауап берді Қорғаныс министрінің орынбасары.