Шығарманың тағдырын оқырманның талғамы анықтап береді. Қазіргі заманғы бестселлер кітаптардың қай-қайсысына қарата да осыны айтуға болады. Оқырман дегеніміз орта статистикалық индивид дейтін болсақ, талғам туралы әңгімені де осы орта белден асырмау керек. Яғни танымалдылығы зор, белгілі бір көркем заңдылыққа бағынған шығармалардың көркемдік деңгейі туралы әңгімеден гөрі әсері, ықпалы жайлы үн қосу дұрысырақ.
Мысалы, ТМД кеңістігінде танымал шығармалардың арасында Гузел Яхинаның «Зулейха открывает глаза» романының шоқтығы биік. Былтыр «ЛитРес» компаниясы құрамына кіретін My Book кітап сервисі Ресейде 1992 жылдан бергі уақытта жарық көрген ең танымал көркем туындылардың көшін дәл осы шығарма бастап тұрғанын анықтады. 2015 жылы жарық көрген роман осы кезге дейін әлемнің отыздан аса тіліне аударылды. Оның ішінде қазақ тіліне «Зулейханың оянуы» деген атпен тәржімаланды. (Тәржімашы М.Дүйісмағамбет). Ресейдің өзінде «Үлкен кітап», «Жыл кітабы», «Ясная поляна», «Оқырман жүлдесі» атты беделді сыйлықтарға ие болғаны өз алдына, белгілі режиссер Егор Анашкин бұл туынды бойынша сегіз сериялы сериалды жарыққа шығарды. Басты рөлді Ресей Федерациясының халық әртісі, танымал актриса Чулпан Хаматова сомдады.
Роман Ресейде үлкен резонанс туғызды. Өмірдің барлық ауыртпалығын асқан төзімділікпен көтеріп алып, қыңқ етпеген басты кейіпкердің нәзік жынысты әйел екені, жазушының да жынысының нәзіктігі, оған қоса түп-тамыры мұсылман (татар ұлтының өкілі) бола тұра өз қауымының қабылдауы қиын жағдайларды жазуы бұған белгілі бір дәрежеде әсер еткен болуы мүмкін. Бұл – таза өз пайымым. Бұны психологиялық тұрғыда талдап та беруге болады. Өзегінде әйелдің бостандығы мен теңдігі туралы ойлар өріліп жататын шығармалар ешқашан өзектілігін жоймақ емес. Екіншіден, шығарманың саяси, тарихи маңызы да үлкен рөл атқарды. Жаңа қоғам орнату мақсатымен ең алдымен құдайсыздықты дәріптеген, қарапайым адамдарды дөрекілікпен езіп-жаныштаған, барды жоқ қылған, берекесіздік пен ысырапқа жол берген сталиндік кезеңнің қолшоқпарлары мен қоғамның сол кездегі шынайы келбеті көркем тәсілмен баяндалған. Бұл орайда осы кітап туралы пікірлерді қыстыра кетсек те артық емес. Орыстілді сайттарда оқырмандардың бірқатары жазушыны «шынайы өмірді білмейді, мистикаға жақын, логикасы таяз» деп сынапты. Ал көпшілік оқырманның пікірі «романға қызық оқиға арқау болған» дегенге саяды. Сондай-ақ Кирилл Анкудинов есімді сыншының «Яхинаның суреттеулері шын өмірден өте алыс, тарихи оқиғалары да, қарапайым сценалары да шындықпен қабыспайды» деген мағынадағы пікірін оқыдық. «Ол өзінің білімімен, қабілетімен ғажайып мистикалық детектив жазуына болар еді. Ол сонда көп аудитория жинар еді, бай болар еді. Бірақ танымал емес. Дұрысы, танымал болар еді, бірақ биік әдеби ортада емес» дейді Анкудинов. Әрине, түрлі-түрлі адам болған соң, алуан түрлі пікірлердің болатыны да заңдылық. Бастысы, ең маңыздысы, осы романды сайттан оқыған оқырмандардың көпшілігінің қарап қалмай, «ғажап кітап» не «мазақ кітап» десе де пікір білдіруінде. Бұл романның қалай да өзгешелігін, адамдарға ерекше әсер еткенін байқатады.
Даңқы мен дақпырты зор романды біз де оқып шықтық. Бір деммен оқылатын, сюжеттері шебер қиюластырылған, кейбір кейіпкерлері жуық арада есіңнен шыға қоймайтын романның басты ерекшелігі – ең үлкен құндылықтың өмір екенін көрсетіп беруінде деген байламға келдік. Неге десеңіз, шығарма бастан аяқ қанқұйлы кезеңнің қиындықтарын, адамдардың өлімін, азапты тағдырын сипаттағанымен, өмірден бездіріп не түңілдіретіндей бір сөйлем жоқ. Кейіпкерлердің ешқайсысы өлімге асықпайды, түңіліп, өз-өзін тастап жібермейді. Қай-қайсысы да азапқа, өлімге қасқайып қарсы тұрады. Зулейханы ұнатпайтын енесі, күйеуі Мұртаза, Игнатов, Горелов, Настасья, Илона, Груня, тіпті ақылынан алжасқан профессор Лейбенің өзі өмірсүйгіш, өр мінезді адамдар. Міне, қараңыз, тоқсанға келген адуын ене қалай-қалай құйқылжиды: « – Үндемейсің, ә? – дейді кемпір таза ішкөйлегі мен кең шалбарын кигізіп жатқан бұған кінәлай қарап. – Қашан да осылай тіліңді жұтқандай үндемей қаласың. Меңіреу. Егер маған біреу осылай істесе, өлтіріп-ақ тастар едім. Ал сен олай істей алмайсың. Ұра да, өлтіре де, сүйе де алмайсың. Сен ешқашан нағыз өмірдің дәмін білмей кетесің. Нағыз өмір деп мына менің өмірімді айт. Көзім де көрмей қалды, құлағым да естімей қалды. Бірақ әлі өмір сүріп келем. Өмір сүру маған ұнайды...».
Ал романның басты кейіпкері, аясы үлкен жасыл көзді, аласа бойлы, нәп-нәзік Зулейха ше? Он бес жастан бастап отыз жасқа дейінгі өмірі қаһарлы ене мен қатал күйеудің қабағына қараумен, солардың жағдайын жасаумен өткен ұяң келіншектің ары қарайғы тағдыры, жаңа өмірі неге қалың оқырманның қызығушылығын туғызды. Өйткені Зулейханың тек тағдыры не сыртқы әлеуметтік-саяси жағдайы, мекен жайы ғана өзгерген жоқ. Оның танымы да, мінез-құлқы да өзгерді. Ол түп-тамырынан қопарылып кетті. Өмір жолындағы қиындықтары, азаптары, өліммен бетпе-бет келген сәттері оны мүлде басқа адамға айналдырды. Ол енді барлық дүниеге шектеулі көзқараспен қарап, тек ұяттың төңірегінде ғана баға бермейді. Романда тек Зулейханың ғана емес, басқа да кейіпкерлердің өзгергені, басқа адамға айналғаны байқалады. Мысалы, кеңес үкіметіне қызмет етуге аса ынталы, белсенді Игнатовтың өзі Сібірге айдалған бай-кулактар тиелген вагонда комендант болғаннан соң кей жағдайларда оларға мейіріммен қарай бастайды. Ал дөрекі, бұрынғы қылмыскер, вагондағы тұтқындардың көзінше дәрет сындыруды ар көрмеген Горелов соғысқа қатысып келген соң жергілікті үкіметтің сенімді адамына айналып, билікті қолына алады. Кеңес үкіметі орнаған соңғы он жылда бөлмесінен шықпай, ақылынан алжаса бастаған профессор Лейбе Ангара аймағына ауып келген соң қоғамға ең пайдалы адамдардың қатарына кіреді. Дәрігерлікпен шұғылданып, жүздеген жанның алғысын алады. Қызметі көтеріліп, аудандық аурухананы басқаруға жөнелтіледі.
Өмір деген – қозғалыс, өзгеріс, жаңалық. Қоғамың қатал болса, сен оған бейімдел. Уақыттың ырғағымен өмір сүр. Басыңнан қандай жағдай өтсе де, сынып кетуге хақың жоқ. Жалпы айтқанда, романның идеясы осы сарында. Логикаға сыймайтын дүниелер де жоқ емес. Оқиғалардың ылғи осы шақпен баяндалуы, бас кейіпкердің ауылда ер адамның жұмысын істеп жүруі, уақыттың жылдам өтуі, үстін-үстін баяндалған оқиғалар тым быжырқай картинаны елестететіні сияқты олқылықтар бірден байқалады. Дегенмен «Зулейханың оянуы» – біздіңше автордың толғанысы, өзекжарды ой-пікірлері көрінген, қоғамның келбетін, адамдардың психологиясын, танымын, болмысын ашып көрсеткен, шын мәнінде, үлкен дүние. Ал үлкен дүниенің әділ сыншысы – уақыт.