• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 16 Шілде, 2021

Икрам АДЫРБЕКОВ: Басты мақсат – Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету

974 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылды­ғына орай жас мемлекетіміз­дің қалып­тасуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бірі – Икрам АДЫРБЕКОВПЕН әңгімелесудің сәті түсті.

– Икрам Адырбекұлы, Тәуелсіздік алған сәт есіңізде ме? Бұл тарихи оқи­ғаны қалай қабылдадыңыз? Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында қандай қиындықтар болды?

– Қазақстан әлемдегі тәуелсіз елдер қатарына қосылып, құқығы бір, азат, дербес мемлекет болғанына жақында отыз жыл толады. Осы бір тарих өлшеміндегі қыс­қа уақытта қазақ ұлты ғаламат жетіс­тік­­ке жетті, тұғыры биік, шекарасы ше­ген­делген егеменді ел атанды, өз тағ­ды­рын өзі айқындайтын дәрежеге ие бол­ды, халықаралық қоғамдастықта абы­рой, беделі артты. Ядролық қарудан бас тартып, Азиядағы ортақ қауіпсіздікті қам­тамасыз ететін ұйым құрып, әлемде, өңір­де бейбітшілік пен өзара сенімнің ор­ныға түсуіне зор үлес қосты. Өткен за­ман­ды еске түсіріп, қазіргі еліңіздің жет­кен дәрежесін ойласаңыз, қуанышқа бөле­несіз, түсіне білген адамға бұл – шындық.

Міне, сол еліміз тәуелсіздігін алған тұста біз орта жасқа келіп қалған болатынбыз. Кеңестік дәуірдің салған жолы­мен, тәртіп-талабымен өстік, білім ал­дық, қыз­мет еттік. Бізге ол қоғам ешқа­шан өз­гер­мейтіндей көрінетін. Бірақ 80-жыл­дар­дың аяғы мен 90-жылдардың басында тек Қазақстанда ғана емес, жалпы Кеңес Одағының кеңістігінде жүйеге қарсы наразылықтар, қозғалыс­тар пайда болып, жаппай жетіспеуші­лік, кедейші­лік орын алды, коммунис­тік идеология­ға негізделген қоғамның болашағы­на көпшілік күмәнмен қарай бастады. Ақыры Кеңес Одағы ыдырап, тарап бітті. Қазақстан орталықпен тығыз қаржы-экономикалық байланысын үзбей, ыдырау процесін соңына дейін сабырлықпен күтті. Асықпаған себебі – бұл процестің қалай да болатыны белгілі еді. Біздің би­лік көпэтносты елдегі тыныштықты, тұ­рақ­тылықты сақтап қалу үшін, асықпай, ақылмен, байыппен әрекет жасады.

Тәуелсіздік алу қай ұлтқа болсын – зор бақыт, басқа қонған бақ. Қазақ халқы үшін бұл – ғасырлар бойы жау­гершілікпен өткен ата-баба­лары­мыздың арманы. Әрине, біз оны терең сезіндік, қуандық, бақытқа бөлен­дік. Оның артында қанша қиын­дық бар екенін де іле аңғара бастадық. Қазақ­станға бұрынғы орталықтан келетін қар­жы мен көмек сап тыйылды. Оның үс­тіне, сол қиын кезеңде елімізде тұрып жат­қан өзге этнос өкілдері өзінің тарихи отанына көше бастады. Олардың көбі еліміздегі ірі кәсіпорындардың жауапты қызметкерлері, жұмысшылары, мамандары болатын. Ал қазақ ұлтының ішінен ауыр өнеркәсіпте бірінші басшы немесе орта деңгейде басшы болып қызмет атқарғандар саны аздау болды. Сондай білікті мамандардың кетіп қалуы көп қиындық туғызды. Әсіресе, Мәскеуден Коммунистік партияның ше­ші­мімен тағайындалған ірі кәсіпорын бас­шылары елдің болашағына күмәнмен қарады, жергілікті билікке аса қолдау білдіре қоймады. Осындай жағдайда ірі кәсіпорындар жұмысшылары Үкіметтен, Мемлекет басшысынан тезірек жағдайды түзеп, жалақы мен зейнетақыны уақты­лы беруді талап етумен болды. Билік тарапынан Тәуелсіздікті сақтау үшін көпэтносты халықтың сеніміне кіріп, шұғыл қимылдар, іс-әрекеттер жасау қажеттігі туындады. Сол тұста үкі­мет жекешелендіру процесін жедел жүр­гізуге мәжбүр болды деп ойлаймын. Қазақ ұлтынан халықаралық қаржы­­лық ұйымдармен жұмыс істейтін, шеттен қа­ражат тарта алатын, нарықтық жүйені жетік білетін азаматтар аз болды. Сол күрделі кезеңді сырттан келген бизнес өкілдері ұтымды пайдаланды. Бір­ша­ма ірі кәсіпорын халықаралық саудада тәжірибесі бар, шетелдік банктерден қар­жы тарта алатын, күрделі мәселелерді шұ­ғыл шеше алатын азаматтардың қолы­­на өтіп кетті. Негізгі мақсат – тәуелсіздікті сақ­­тау болды да, сол асығыс қабылданған шешімдер тәуелсіздікке төлеген құнымыз секілді көрінеді маған бүгінде. Деген­мен қазақ­тың жері бай, асты мен үсті пай­далы қаз­баға әлі де толы. Оны игеру бо­лашақ ұр­пақтың еншісінде деп ойлаймын. Елі­мізде заман талабына сай терең білімді, патриот, ұлтжанды жастар өсіп келе жатыр, сол себепті бұл мәселеге оптимистік тұр­ғы­да қараймын.

– Соңғы 30 жылдағы елдің негізгі жетістіктеріне тоқтала кетсеңіз. Әлі де ақсап тұрған салалар қайсы?

– Қазақстанның сол кездегі Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мойнына өте ауыр жүк түскені баршаға белгілі. Бірінші­ден, жаңадан пайда болған тәуелсіз мем­ле­кетті халықаралық қауымдастыққа таныстыру, мойындату, Біріккен Ұлттар Ұйымына, басқа да беделді халықаралық ұйымдарға мүше болу, ықпалды мемлекеттерде елшіліктер ашу, олармен тығыз қарым-қатынас орнату секілді жаңа аса өзекті мәселелер туындады. Іштегі экономикалық жағдайдың қаншалықты қиын болғанын жоғарыда айтып өттік. Одан бөлек, шекарамыз әлі ресми белгіленбеген еді, кеңес дәуірінде келісілген шекарадан басқа арнайы шешім, құжат болмады. Мем­лекеттің, тәуелсіздіктің тағдырын ай­қын­дайтын ең маңызды мәселе – осы шекара мәселесі. Бұрын кеңес дәуірінде Даманск аралында шекараға байланыс­ты Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы қақтығыста қанша әскердің мерт болғаны белгілі. Жалаңашкөл тұсында да сондай қақтығыс болды. Бұл сол кезге дейін екі ел арасындағы шекара мәселесінің толық шешілмегенін көрсетеді. Бұрын шекара мәселесі бойынша Қытаймен тек Кеңес Одағы келіссөз жүргізетін болса, енді Орталық Азия мемлекеттері жеке-жеке осы күрделі мәселемен айналысуы керек болды. Ресейдің сол кездегі Пре­зи­денті Б.Ельцинмен Н.Назарбаевтың жақ­сы қарым-қатынаста, сыйластықта, дос­тықта болғаны белгілі. Соған байланысты Ресейдің сыртқы істер министрлігі бізге Қытаймен жасалған бұрынғы құжаттар­ды пайдалануға мүмкіндік берді. Соны­мен қатар олар біздің шекараға байланысты ұстанымдарды қолдап отырды. Осылайша, бізде құқықтық негіз болды. Екінші жағынан, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың сол кездегі Төр­ағасы Цзян Цзэминмен тығыз қарым-қаты­нас, сыйластық, түсіністік, сенім орната білді. Соның нәтижесінде шекара мәселесі ұзаққа созылмай оңтайлы шешіле бастады. Бірінші шекараның сызығын анықтау – делимитация процесі жүрді, одан кейін демаркация жасалды. Осыларға жол ашқан соңғы құжатқа 1996 жылы Цзян Цзэминнің Қазақстанға келген мемлекеттік сапарында қол қойылды. Осылайша Қазақстан – Қытай арасындағы шекара мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Жалпы, Қытайдың тарихында бір елмен шекара мәселесін түбегейлі шешіп тастағаны сирек. Жапония, Оңтүстік Корея, Филиппин, Вьетнам, Непал, Үндістан көрші Қытай елімен шекара мәселесін осы күнге дейін толық шеше алмай келеді. Сондықтан Қазақстан – Қытай арасындағы шекараның заңды түрде түпкілікті шешілгенін бағалауымыз керек. Бұл – Тәуелсіздігімізде жеткен негізгі жетістіктеріміздің бірі екені дау­сыз. Сондай-ақ жеті мың шақырымнан астамға созылған Ресеймен шекара мәсе­лесін шешу, келісімге келу, рәсімдеу де аса өзекті, маңызды болды. Тұңғыш Пре­зидентіміз осы бағытта да нәтижелі жұ­мыс атқарды. Одан бөлек, Орта Азия­дағы көршілерімізбен де шекара мәсе­лесінде толықтай келісімге келдік.

Осыған қарап және Тәуелсіздік жылдары жүйелі жүргізілген, аса тиімді бол­­ған елдің сыртқы саясатын саралай келе, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуына Елбасы үлкен дайындықпен келгенін байқайсыз. 1992 жылы қазан айында БҰҰ 47-ші Бас ассамблеясында Нұрсұлтан Әбішұлы тұңғыш рет тәуелсіз мемлекеттің басшысы ретінде сөз сөйледі. Сол мінберде көптеген стратегиялық ма­ңызы бар ұсыныстар жасады. Шын­ды­ғында, кеше ғана пайда болған егемен елдің басшысының биік мінберден жа­һандық, өңірлік, посткеңестік аумақ үшін маңызды мәселелерді көтеруі – үлкен тәуекел. Себебі сондай деңгей­де айтылған ұсыныстар ұмытылмайды, әрі қарай жалғасын тауып, іске асуы керек. Сол сессияда Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) құруды ұсынды. Көріп отырғанымыздай, ол қазір халықаралық беделді ұйымға айналды, бүгінгі күні Азиядағы 28 мемлекет ұйымға мүше. 1992 жылы айтылған ұсыныстың бүгінде осындай дәрежеде іске асуы Елбасының талапшылдығын, табандылығын, өзектілік пен сұранысты болжай білуін көрсетеді. Сонымен қа­тар Тұңғыш Президентіміз Еуразиялық кеңістікте бірегей қауіпсіздік пен ынты­мақ­тастық аймағын құру туралы сөз қозғады. Сол бағыттағы нәтижелі жұ­мыстың арқасында 2010 жылы елордада Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті өтіп, Астана декларациясы қабылданды. Ол аталған беделді ұйымның стратегиялық маңызы бар негізгі құжатына айналды.

БҰҰ сессиясында Елбасы Кеңес Ода­ғынан ыдыраған мемлекеттердің ара­сында кедендік ынтымақтастық құру тура­лы да әңгіме қозғады. Жоғалған эко­но­микалық интеграция мен байланыс­ты қалпына келтіріп, әрбір елдің мүддесіне жұмыс істеу мәселесін көтерді. Ол кезде енді ғана Кеңес Одағынан тараған, тәуел­сіздік алған мемлекеттерде аса қызы­ғу­шылық болмады. Бірақ уақыт барлығын өз орнына қойып берді. Басында Кедендік одақ құрылса, қазір ол Еуразиялық экономикалық одаққа ұласып отыр.

Елбасы сол БҰҰ сессиясында шекара бойында қауіпті, қысымды азайтып, ынтымақтастық орнату мәселелерін де көтерді. Бұл кейін Қытай басшысы Цзян Цзэминнен қолдау тауып, Шан­хай ынтымақтастық ұйымының құры­луына алып келді. Бүгінгі күні бұл – шек­ара­лас елдер арасындағы сенімді, ын­ты­мақтастықты, достықты қамтамасыз етіп отырған беделді халықаралық ұйым.

Жалпы, бір қоғамнан екінші қоғамға өту – өте күрделі процесс екендігі тарихтан белгілі. Барлығын түбегейлі бұзып, қайта құрастыру деген оңай шаруа емес. Сондықтан да Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерімізге қарамастан, проб­лемалар әлі де жеткілікті. Мысалы, тер­ри­ториямыздың үлкендігіне, әлемдік на­рыққа жеткізетін көлік жолдарының қым­баттығына байланысты бізде шы­ғар­ған өнімдердің құны жоғары, әлемдегі бәсекелестікке төтеп беруі қиын. Осыған байланысты қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым заттар экономикасына бетбұрыс жасау үстінде. Сонымен қатар бізде өндірілетін негізгі шикізат – мұнай, газ, металл болсын, те­рең өңдеуді қолға алуды талап етіп отыр. Міне, осы бағытта Үкімет нақты жұ­мыс жүр­гізіп жатқандай көрінеді маған.

– Еліміздегі билік трансфері, Қазақ­станның ішкі және сыртқы сая­сат­тағы сабақтастығы туралы ойыңыз қандай?

– Біздегі билік транзиті тиісті дайын­дықпен, байыппен, байсалды өтті деп айтуға болады. Өйткені, Елбасының таң­дауы елдегі ішкі жағдайды, барлық саланы жақсы білетін, елге еңбегі сіңген, халық сенетін, құрметтейтін азаматқа түсті. Ол – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Ол Премьер-Министр болды, елдегі проблемаларды терең біледі. Бұрынғы БҰҰ-ы Бас хатшысының орынбасары ретінде халықаралық қоғамдастықтың бүгінгі жағдайынан толық хабардар, сол ортада беделді саясаткер. Транзиттік кезеңде осындай тұлғаның елдің басшысы болуы – үлкен жетістік, маңызды тарихи шешім. Қасым-Жомарт Кемелұлының алғашқы қадамдарынан осы мәртебелі қызметіне тиісті дайындықпен келгенін байқайсыз. Менің пайымдауымша, осы екі жылда билік те, халық та өзгерген секілді. Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет деген ұғым, талап пайда болды. Шынында солай. Қазір билік басындағы азаматтар халықпен тығыз байланыста болу үшін ақпараттық технологияны кең пайдалануға көшті, жариялылық күшейді. Арыз-шағымдар аяқсыз қалмайтын болды. Бұл – қоғамдағы жақсы өзгеріс. Білім, медицина саласына ерекше мән берілді. Мұғалімдердің дәрежесі артып, жалақылары екі есеге дейін көбейді. Кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының медицина саласына озық технологияларды енгізу бағытындағы бастамалары, талабы бүгінде жемісін беріп отыр. Оған қоса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру, әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін де жолға қойды. Қазақстанның тұңғыш рет COVID-19 індетіне қарсы вакцина шығаруы – үлкен ғылыми жетістік. Оны халықаралық қо­ғамдастық та жоғары бағалап отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметінде алғашқы күннен басшылыққа алған сабақтастыққа келер болсақ, елі­мізде тұрақтылық, тыныштық, сый­лас­тық, бейбіт өмір сақталып қалды. Мем­лекет басшысы халыққа Жолдауында айтып өткеніндей, біздің барлық сала бо­йынша жетістігіміз бар, жастарымыз білімді, технология мен техника­ны жетік меңгерген, әлемнің озық жо­ғары оқу орындарында білім алып, дүние жүзін аралап көріп жүр. Алайда әлі де болса, ұлттық рухани болмысымыз, ішкі дүниеміз көп өзгере қойған жоқ. Баяғы сол немқұрайдылық, көп нәрсеге шүкіршілік етіп, ізденбеу, алға жылжымау, көзбояушылық та бар, жемқорлық та өршіп тұр. Сол себептен Президент Жол­дауында ұлттың сапасы деген ұғым айтылды. Шынында жер қойнауындағы байлық қанша көп болғанымен, соны дұрыс пайдаланып, игілікке жарату үшін – терең білім мен біліктілік, Отанға деген сүйіспеншілік, дін, тіл, туған жерге деген құрмет керек-ақ. Мысалға, қазір инвестиция тарту туралы көп айтамыз. Негізінде, оның екі жағы бар. Біріншісі, барынша іштегі мүмкіндіктерді пайдалану, ел азаматтарын мемлекеттің, жердің байлығына ие ету, оларды өсіру, қолдау, бәсекелестік қабілетін жоғары деңгейге жет­кізу. Өйткені, өзімізден шыққан ин­вес­торлардың жөні бөлек. Өзінің кін­дігі байланған, тамырын терең жайған жер­дің, елдің дәстүрін, тарихын, тілін, дінін қадірлейтін азамат өз отбасының, ұрпағының болашағын осы елмен байланыстырады. Ол тапқан дүниесін отбасымен қатар, өз елінің игілігіне жаратады. Ал енді сырттан келген инвестордың мақсаты – барынша байлық табу, сол байлықты елден еркін шығарып, қай жерде пайдалы болса, Африка ма, әлде Латын Америкасы ма, сол елге барып салу, одан тағы пайда табу. Былайша айтқанда, ол – ғаламдық сферада жүрген адам. Ал бізге керегі – отандық инвестор. Біздің елде де бай-бақуатты адамдар көп болуы керек. Менің түсінігімше, егер елде ұлттық экономикалық тәуелсіздік болмаса, саяси тәуелсіздік те болмайды. Барлығының негізі экономика, қаржы болғандықтан, байлыққа кім ие болса, сол адам саяси шешімдерге де әсер ете алады. Меніңше, Қасым-Жомарт Кемелұлының осы бағытта көп ойлары бар екендігі анық. Бір сөзінде Президент ірі кәсіп­орын­дардың валюталық қаржылары біз­дің елдің банктерінде емес, шетелде сақ­талатынын айтып өтті. Сенімсіздік бар. Қай секторды алсаңыз да бетондап тас­таған монополия деген пікір айтылды. Соның барлығын реттеу, бір жүйеге кел­тіру үшін Президент арнайы орган құрып, тиісті шешімдер қабылдады. Осы проблемалардың бәрі болашақта Президенттің табандылығымен, талабымен шешілетін болар деген үміттемін.

– Қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – жемқорлық дедіңіз. Оған қарсы күрес туралы не айтар едіңіз?

– Әлемде бұл бағытта жетістікке жеткен мемлекеттер бар. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – өмір бойы мемлекетке қызмет ету, бар саналы ғұмырын соған арнау деген сөз. Олай болса, мемлекет өз қызметкерінің еңбек еткен кезі мен зейнетке шыққандағы өмірі­не жауапты болуы керек. Екіжақты жа­уап­кершілік: сіз мемлекеттің алдын­да жауаптысыз, ал мемлекет сізге тұрмыста мұқтаж болмауыңызға, бала-шағаңыздың жеткілікті жағдайда өмір сүруіне және зейнетке шыққанда қамсыз болуыңыз­ға жауапты. Ал енді бүгінде жас маман келіп қызметке орналасады, жалақы­сы төмен, баспанасы жоқ, отбасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрады. Ол қалай күн көреді? Осы жөнінде озық мемлекеттердің тәжірибесі бар. Мы­салы, жалдаған пәтерінің ақысын төлеу, қызметтік пәтер беру, балаларына қо­сымша қаражат бөлу. Осындай қам­қор­лық барын білген қызметкер мемлекет, халық үшін аянбай, алаңдамай қызмет етуге даяр болатыны сөзсіз. Ал егер оның тапқан айлығы шайлығына жетпей жатса, балалары жетіспеушіліктен көз­дері мөлдіреп қарап отырса, мұндай жағ­дай оны жемқорлыққа итермелейді. Алайда жоғары лауазымдағы қызмет­кер­дің табысы жеткілікті бола тұра, жем­­қорлық қылмысқа баратын болса, оны ақтау мүмкін емес, ол тиісті жаза­сын алуы керек. Дегенмен, әр адам­ның қасына күзетші қоя алмаймыз. Негі­­зінде қоғамның өзі жемқорлыққа төз­беуі керек, жемқорлықпен күрес – тек мем­лекеттік органның міндеті ғана емес, әр азаматтың парызы, жауапкершілігі. Әлем­дік тәжірибеге қарасаңыз, саяси партия­лар дербес, табанды, халыққа жанашыр, ұстанымы берік, олигарх топ­тармен байланысы жоқ болған кезде, бір-бірін аңдып-ақ жемқорлыққа жол бермейді. Олар бір жағдай бола қал­са, дабыл қағып, жемқорды халыққа әш­ке­релеп, оның болашағына балта ша­уып тастайды. Бұл енді қоғамның даму дә­режесіне байланысты. Біз қазір осы бағыттағы жұмыстың басындамыз.

– Қазіргі жаһандану үрдісі барысында ұлттық құндылықтарымызды қалай сақтаймыз?

– Жаһандану үрдісінде үлкен өзгеріс­тер болып жатыр. Әр мемлекет өзінің ұлттық мүддесін қорғауға көшті. Соған сәйкес Дүниежүзілік сауда ұйымының беделі түсіп кетті, ол бұрынғыдай бәрін реттеп отыратын функциясынан айы­рылуға жақын. Бұл – бір жағдай. Екінші жағдай, жалпы халықаралық қатынастар да үлкен өзгерістерге ұшырады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық құқық бұзылды. 1994 жылы желтоқсан айында Будапештте БҰҰ Қауіпсіздік комитетіне кіретін мемлекет­тер ядролық қарудан өз еркімен бас тарт­қан мемлекеттерге территориясының, шекарасының мызғымастығына кепілдік берген болатын. Енді қазір сол декларация сақталмай отыр. Алысқа бармай-ақ оны посткеңестік елдердің бүгінгі жағ­дайынан көруге болады. Ірі, алпауыт мемлекеттер басқа елдердің ішкі ісі­не тікелей араласатын заман туды. Міне, осын­дай жағдайда Қазақстанның тәуелсізді­гін, егемендігін, дербес саясатын сақтап қалу – ел мен ел басшылығы үшін аса зор жауап­­кершілік, ерекше күрделі міндет.

Ұлттық құндылықтарды сақтауға келсек, ұлттық тілде, болмыста, ортада тәрбие алған, тарихына, ата-анасына құрметпен қарап, ұлтқа тән дәстүрлерді сақтап өскен бала Батыстың бүгінгі жағымсыз үрдістеріне төтеп бере алады. Ал ондай тәрбие көрмеген бала еліктеп, солардың ықпалына, қармағына түсіп қалады. Сондықтан рухани жаңғыру, ұлттық сапаны арттыру керек деген ел Президентінің бүгінгі талабы осыдан шығады. Тарихымыз, дәстүріміз, дініміз бен тілімізді терең біліп, құрметтесек қана ұлттық құндылықтарымыз сақталып, дамып, жапондар сияқты сырттан келетін келеңсіз дүниелерге, ағымдарға төтеп бере алатын иммунитеті бар ұлтқа айналамыз.

– Сіз көп жылдар бойы елшілік қызметте болып, еліміздің халық­ара­лық аренадағы имиджін қалып­тастыруға еңбек еттіңіз. Осы жөнінде не айтасыз?

– Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен ке­йін Елбасының сыртқы саясатта да кең ауқымды жұмыс атқаруына тура келді. Әлемдік, өңірлік қауіпсіздікті сақтау, дамыту мақсатында көптеген баста­малар көтеріп, ел астанасында халық­аралық деңгей­дегі форумдар өткізу­ді қолға алды. Со­ның нәтижесінде қысқа уақытта Қазақстан, ел астанасы халықаралық қауымдастықта кеңінен танылды, мәртебесі артты, үлкен сенімге, абыройға ие болды.

Ендігі басты мақсат – тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, еліміздің егемендігі мен қауіпсіздігін нығайту, сыртқы саясатты байсалдықпен, берік ұстаныммен жүргізе отырып, елдегі ішкі тұрақтылықты, бейбіт өмірді сақтау, дамыту, жасампаз еңбекті қамтамасыз ету. Ол – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Осы бағытта баршамыз өз үлесімізді қоса берейік. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»