Қазақстан бойынша 30 жыл бұрынғы ыстықтың рекордын жаңартқан биылғы аптап Солтүстік Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Елімізде жиналатын барлық астықтың төрттен бірін беретін өңір егіншілері 10-15 күн бойы тұрып алған 30-35 градустық ми қайнатар ыстықтан, құрғақшылықтан жарыла бастаған жерлерді көріп қатты сасқан.
Алғашқы ыстық тіпті мамыр айында болып, егіс жүріп жатқандағы топырақ қара боран болып аспанға көтеріліп жатты. Топырақ басқан диқаншылардың көзі шахтерлерден кем болған жоқ. Дән байлана бастаған сүт тәріздес ақ уыз шақтағы ыстық, мамандардың айтуына қарағанда, оның 20-30 пайызын буландырып жіберді. Қазақ ауылдары ғана емес, мұсылман тұрғындары бар барлық елді мекен жаппай тасаттық беріп жатты. Кейбір ауылдарда халықтың тілегі қабыл болып, қара нөсер құйып кеткендері де болды. Бірақ аптап ыстықтың беті ұзақ уақыт қайтпады. Шөп күйіп кетті. Құрағы белуардан келіп, жайқалып тұратын алқаптар жарылып, шөбі сары күйікке айналған.
Бірақ ауырын берген Жаратқан жеңілін де беріп жатыр. Қазір – шілденің ортасы. Дәннің толыға бастаған шағы. 11-нен бастап үзбей жауып тұрған жаңбыр егістің өсуімен қоса дәнінің толығуына да жақсы ықпал етіп тұр. Сондықтан солтүстікқазақстандық диқандар биылғы астықтан да дәмелі. Масақ аз болғанымен дән толық болып, бидайы сапалы болар десіп жүр.
Облыстағы 7 мың гектар алқапқа астық егетін даңғайыр диқандардың бірі Жомарт Омаров күзгі берекесі болса биылғы астық жаман болмайды деп жорамалдайды. Ол шөптің де қайтадан қаулап шығып кетуінен үмітті.
Солтүстік өңір диқандары қазір егіс даласын әртараптандыруға қатты кіріскен. Қазір мұнда бір млн гектар алқапқа дейін майлы дақылдар егілген. Республикадағы барлық майлы дақылдардың үштен бірін осы облыс береді. Соның ішінде күнбағыс, қарақұмық, бұршақ алқаптары жыл сайын артуда. Бұлар дәнді дақылдардан кеш жиналады. Қазіргі жаңбырлар олардың толығуына да игі әсерін тигізуге тиіс.
Былтыр солтүстікқазақстан- дықтар 4,5 млн тонна астық алған. Гектар берекелігі 15 центнерден айналған. Бірақ биыл ол межеден 20 пайыздай төмен болатыны қазірдің өзінде көрініп тұр. Биыл Қазақстан 8 млн тонна астықты экспортқа шығаруды жоспарлаған. Әрине, биылғы аптап бұл меженің орындалуына жібермесі хақ.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының агрономия бөлімінің басшысы Бақтияр Тоқжігітов биылғы қуаңшылық біздің облыс диқандарына бәлендей зиянын тигізбей, астық былтырғы межеден сәл кем болғанымен жалпы жаман болмайтынына сенімді. «Зенченко и К» КС, «Тұқым» ЖШС, «Новомихайловское 2003» ЖШС сияқты тұғыры берік, шаруасы мығым деп есептелетін агроқұрылымдар биыл да биік межеден табылуы тиіс. Олар химиялық тыңайтқыштарды да дәл уақытында сіңіріп, астық алқаптарын мерзімінде күтіп отырғанын айтады ол. Біз де маманның айтқаны орындалуын тілеп отырмыз.
Солтүстік Қазақстан облысы