Биылғы мамыр айында Мамлют ауданы тұрғынының қорада тұрған жылқысы ұрланған. Мал иесі полицияға шағым түсіргенімен, еш нәтиже болмай, мал қолды болып кеткен еді. Алайда күдіктілер көп уақыт өткен соң көршілес Жамбыл ауданының аумағынан ұсталды.
Олар өздерінің бұрын жылқы ұрлағанын мойындаған. Оған қоса, тағы үш қой ұрлаған. Ұрлыққа дәніккендер Қызылжар ауданының 34 жастағы және Петропавл қаласының 43 жастағы тұрғыны болып шықты. Екеуі де бұрын осындай қылмыстар жасап, сотталған.
Соңғы рет қарақшылар Жамбыл ауданында екі қой ұрлаған. Енді екеуі де бірнеше рет жасаған қылмыстары үшін мал иесімен келісімге келсе де мерзімді жазаларын темір тордың ар жағында өтейді. Қазір олардың үстінен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
«Күдіктілердің айтуынша, олар жалға алған көлікпен қозғала отырып, еркін жайылымда жүрген жануарларды немесе бақташының қарауынсыз қалған малдарды аңдыған. Ұрланған малдарды өздерінің біреуінің жер үйінің ауласында мүшелеп сойған. Қазіргі уақытта күдіктілер тергеу оқшаулағышында қамауда отыр», деді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция капитаны Иса Мұстафин.
Жалпы, жыл басынан бері облыста 18 мал ұрлау фактісі тіркеліп, бүгінгі таңда оның 16-сы ашылған. Соның ішінде бір отар қой жоғалып кеткен. Дәл осы Мамлют ауданының бір тұрғыны жуырда өзінің 53 қойы мен 5 ешкісі жоғалғанын айтып полицияға шағымданған. Ол қойларын ауылдан 3 км жерге әдеттегідей жайылымға жіберген. 2-3 сағаттан кейін қарап қоймақ болып келсе, малы ұшты-күйлі жоқ болған. Бұл ауыл Ресей Федерациясымен шектеседі. Малын біреу шекарадан айдап әкетті ме деп жанұшырған мал иесі полицияға жүгінеді. Полиция жедел іс-шара жасап, төрт топпен жан-жақтан жоғалған малды іздеуге кіріседі. 5 қызметкерден тұратын тағы бір топ жақын маңдағы ауылдарға барып, үй-үйді аралаған, жергілікті тұрғындар мен бақташылардан сұрастырған. Учаскелік инспекторлар WhatsApp мессенджері арқылы бағдарларды фермерлік және шаруа қожалықтарының жұмыскерлеріне таратқан.
Келесі күні іздеу жұмысымен 5 топ айналысып, полицейлер бірлескен іздеу жүргізу үшін шекарашыларға да жүгінген. Қатты жауған нөсер техниканың жүруіне кедергі келтіреді. Орман, дала, көл жағаларын резеңке етікпен жаяу аралауға тура келген.
Осындай жіті іздестірудің арқасында 40 қой тек 14 шілде күні қалың орманның ішінен табылады. Кейін батпақ маңынан бөлініп қалған жануарлар да табылды. Малы табылған иесінің қуанышында шек жоқ. Алайда оған малын бақташыға бермей, иесіз қалдырғаны үшін әкімшілік жаза қолданылады.
«Жыл басынан бері ауданда осымен бесінші рет мал жоғалып отыр. Біз мал иелерін жаю ережелерін қатаң сақтауға шақырғанымызбен, оны орындағысы келмейтіндер көп. Еркін жайылым мал ұрыларына және жануарлардың өз бетімен қаңғып кетуіне жағдай жасайды. Қаңғып жүрген мал жол қозғалысы қатысушыларына да қауіп төндіретінін ұмытпаған жөн», деді капитан И.Мұстафин.
«Бақпасаң, мал кетеді» деген осы, иелері малдарын бақташыға тапсырмаса, осындай машақаттың аяқ астынан шыға берері анық.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Мамлют ауданы