Парламент Мәжілісінің депутаты Зүлфия Сүлейменова мен Қайыңды ауылдық округі әкіміне үміткер Нұрболат Жалғас Мұғалжар ауданы Қайыңды ауылдық округінің тұрғындарымен, AltynEx Company компаниясының ұжымымен кездесті.
Nur Otan партиясынан ауылдық округ әкіміне кандидаттыққа тіркелген Нұрболат Жалғас 2013 жылдан бері Мұғалжар ауданы Қайыңды ауылдық округінде бас маман болып жұмыс істейді. Жасы 30-да. Университетті туризм мамандығымен бітірген бойы туған жерінде еңбек етіп келеді. Отбасылы, екі баласы бар.
Ол елмен етене араласып жүргендіктен де ауыл тұрғындарының тұрмыстағы қиындықтарын жақсы білетінін, сол үшін сайлауалды бағдарламасына Алтындыдағы амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізіп, мектеп құрылысын аяқтауды, Алтынды мен Қайыңды елді мекендеріндегі электр желілерін алмастырып, «Ембі – Алтынды» автокөлік жолына орташа жөндеу жүргізуді енгізген. Мұғалжар ауданының Қайыңды ауылы облыс орталығынан 270 шақырымда орналасқан. Округке Алтынды және Қайыңды ауылдары кіреді.
Қайыңды ауылының тұрғындары Мәжіліс депутаты Зүлфия Сүлейменоваға ұзындығы 56 шақырым болатын «Алтынды – Ембі» тасжолын жөндеуге ықпал етуін сұрады. Тұрғындардың айтуынша, ауылішілік жолды әбден тоздырған – AltynEx Company ЖШС-нің ауыр жүк көліктері. Жаз бойы жолда көтерілген шаң көлік жүргізушілеріне жолды көруді қиындатып, терең ой-шұқырлары жеңіл көліктің қозғалысына әбден қиындық келтірген.
Зүлфия Сүлейменова Қайыңды ауылы тұрғындарының талабын Алтындыда AltynEx Company ЖШС мекемесі ғимаратында өткен кездесуде компания басшылығына жеткізді. Мәжіліс депутаты ауылішілік қатынас жолын ретке келтіріп, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді компания басшылығына тапсырып, осы мәселені үнемі қадағалап отыратынын жеткізді.
Айта кету керек, 14 шілдеден бастап аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округ әкімдерін сайлаудың үгіт-насихат науқаны басталды. Ақтөбе облысында ауылдық округтер әкімдігіне 107 кандидат тіркелсе, оның 17-сі – әйелдер. 65 кандидат алты саяси партиядан, 42 адам өзін өзі ұсыну жолымен тіркелді. Партиялық тізім бойынша Nur Otan партиясынан – 28, «Ауыл» партиясынан – 16, «Ақ жол» партиясынан – 9, АDAL партиясынан – 5, Қазақстан халық партиясынан – 5, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – 2 кандидат әкім болуға үміткер.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, сайлау алдында бір округке орташа бәсекелестік 3 адамнан келеді. Кандидаттардың ең жасы 27-де, ең үлкені – 62 жаста.
Ақтөбе облысы