Қазақстанда коронавируспен күресуге азаматтық ұйымдармен қатар армия да атсалысады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайты хабарлады, деп жазады Egemen.kz
Қазіргі уақытта Қазақстанның Қарулы Күштерінде COVID-19-бен күресу және індеттің жеке құрам арасында таралмауын болдырмау үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Әскери бөлімдер мен мекемелерге қажетті қорғаныс құралдары және медициналық мүліктер беріліп, эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Мамандар жеке құрамның денсаулығына үнемі мониторинг жүргізеді.
Жеке құрамның 99%-ы коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын, 92%-ға жуығы екінші дозасын алды.
Сонымен бірге әскери дәрігерлер азаматтық ұйымдарда қызмет атқаратын әріптестеріне көмекке келуге әзір. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда әскери госпитальдар әзірленді. Елордадағы Бас әскери клиникалық госпиталі шілде айынан бастап коронавируспен сырқаттанғандарды емдеуді бастады.
– Алматы, Талдықорған және Үшаралдағы үш әскери-емдеу мекеме азаматтарды қабылдауға әзір. Жағдайы ауыр науқастар үшін жансақтау бөлімшелері дайын. Олар өкпені жасанды желдету аппараттарымен, пульсоксиметрлермен, оттегі концентраторларымен және басқа да жабдықтармен жабдықталған, – деп хабарлады ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы полковник Әлбек Манабаев.
Санитарлық-эпидемиологиялық орталықтың екі филиалы – «Астана» мен «Батыста» мамандардың саны артып, құрамына эпидемиолог, вирусолог, бактериолог пен зертханашылар енгізілді.
Аягөз, Талдықорған, Сарыөзек және Семейдің әскери госпитальдарында қосымша төрт инфекциялық изолятор жұмыс істейді.
Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі стационарлық ПТР-зертхана, сондай-ақ Ақтау мен Семейде ПТР-тестілеуді өткізу мүмкіндігі бар мобильді зертханалық кешен жұмыс істейді.
Шалғайда орналасқан аудандардың тұрғындарына көмек ретінде дәрігерлік-мейіргерлік бригадалар мен Қарулы Күштердің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары қысқа мерзімде жіберілуі мүмкін.