• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Шілде, 2021

БҰҰ адам саудасына алаңдаушылық білдірді

500 рет
көрсетілді

COVID-19 пандемиясы кезінде адам саудагерлері ауыр жағдайды пайдаланып, қылмыстық әрекеттерін күшейтті. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі және қылмысқа қарсы күрес басқармасының (БҰҰ БЖК) жаңа есебінде айтылған, деп жазады Egemen.kz. 

Есепте дағдарыс кезінде балаларды қанау күшейгені жазылған. Адам саудасы барлық елде кездеседі. Әлемде жүз мыңдаған адам осындай қылмыстың құрбаны болып отыр. Оларды жыныстық немесе еңбек күші ретінде пайдалану, қарулы күштер қатарына қосу, қылмыстық істерге итермелеу, қайыр сұрату немесе тіпті өмірлік маңызды мүшелерін сату мақсатында қолданады.

Пандемия бұл мәселені одан әрі күшейтті.

«Бір жағынан, пандемия адамдардың осалдығын жоғарылатып, сонымен бірге қылмыстың ашылуын қиындататын жағдайға алып келді. Бұл құрбандарға көмек іздеуді және олардың сот төрелігіне қол жетімділігін қиындатты», деді БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Гада Вали.

Оның айтуынша, жаңа зерттеу саясат жасаушылар мен қылмыстық әділет органдарының қызметкерлері үшін маңызды ресурс болып табылады, өйткені дағдарыс кезінде адам саудасы жағдайларын тергеу мен сот ісін жүргізудің табысты стратегияларын талдайды. Сондай-ақ есепте зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша ұсыныстар берілген.

«Адам саудагерлері проблемалардың паразиттері болып табылады және өз құрбандарын жалдау туралы жалған уәделермен жиі азғырады», деді БҰҰ БЖК Адам саудасымен күрес бөлімінің бастығы Илиас Хатзис.

Ол пандемия көптеген салаларда жұмыс орындарының жоғалуына, жабылуына байланысты қылмыстық желілердің мүшелері үмітсіз адамдарды аулай бастағанын да тілге тиек етіп өтіпті. Сарапшы нақтылап өткендей, дағдарыс кезінде балалар өте осал жағдайға тап болды. Қылмыскерлер оларды тарту үшін әлеуметтік желілерді және басқа да онлайн-платформаларды белсенді түрде пайдаланды.

«Біздің зерттеуге қатысқан сарапшылар бала саудасының көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Балалар жыныстық қанау, мәжбүрлі некеге тұру, қайыр сұрау және қылмыстық әрекеттер үшін сатылады», деді Илиас Хатцис.

Қылмыстық топтың қақпанынан құтқарылған адамдардың кейбірі  үйлеріне орала алмай шет елдердегі уақытша бас сауғалайтын орындарда өткізіп, контрабандистердің алдауына түскен. Себебі біраз елде жәбірленушілерді қолдау және қорғау қызметтері жабылды немесе шектеулі жағдайларда жұмыс істеді.

«Құтқарылған құрбандар есін жиған кезде оларға оңалту мен реинтеграция қажет. Әңгіме медициналық және заңгерлік көмек, кеңес беру немесе білім алуға, жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру туралы болып отыр», деді Илиас Хатцис.

Кейбір елде адам саудасына қарсы мамандандырылған бөлімшелердің полиция қызметкерлері COVID-19 таралуын тоқтату үшін ұлттық күштерді біріктіруге мәжбүр болды. Бұл саудагерлерге толық жазасыздық жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

Баяндама авторлары пандемия адам саудасына қарсы іс-қимылдың ұлттық және халықаралық деңгейде, тіпті дағдарыс кезінде де күш-жігерін жалғастыруға мүмкіндік беретін стратегиялардың қажеттілігін көрсетті деп атап өтті.