• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Шілде, 2021

Кездесулер жалғасуда

397 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттарының ел өңірлеріндегі сайлаушылармен кездесулері жалғасуда, деп хабарлады төменгі Палатаның баспасөз қызметі.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева, Мәжіліс депутаттары Ғалым Әміреев, Бақытбек Смағұл, Геннадий Шиповских және «Ақ жол» фракциясының мүшесі Берік Дүйсенбинов Қызылорда облы­сындағы шалғай елді мекендерге барып, қуаңшылық орын алған ауылдарды аралады.

Вице-спикер төтенше жағдай жарияланған Арал ауданында тұр­ғындармен кездесу барысын­да қуаң­шылық, жайылымдық, шабындық жерлерді суландыру, төрт түлік малға қажетті жемшөп, жол мәселелері қиындық тудырып отырғанына назар аударды.

Мәжілісмендер Арал ауданындағы Қамбаш көлі аймағының қазіргі жағдайымен танысып, Қамыстыбас, Бөген, Қаратерең, Жаңақұрылыс елді мекендері тұрғындарымен жүздесіп, жергілікті жердегі түйткілді мәселе­лерді анықтады.

Балаим Кесебаева қуаңшылық мәселесі жүйелі түрде айналысатын ауқымды проблема екенін, бұны аумақаралық деңгейде көтеру қажеттін айтты. Сонымен қатар су мәселесіне өте байыптылықпен қа­рап, экологиямен мұқият айналысу қа­жет­тігін атап өтті. Депутаттар басқа облыстардан тасылып жат­қан жем­шөпті жұртшылыққа жет­кізу, оның бағасы қолжетімді болуы мәселелерін, сондай-ақ сумен қам­ту, бұлақ көздерін ашу секіл­ді түйт­кілдерді шешу жолдарын қарас­тырды.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Қазалы, Сырдария, Шиелі, Жалағаш, Қармақшы аудандарына және шалғай жатқан ауылдық елді мекендерге барып, халықтың тыныс-тіршілігімен танысты.

Мәжілісмендер Дүйсенбай Тұр­ғанов пен Нұрлыбек Ожаев Аты­рау облысының Исатай ауданы­на жұмыс сапарымен барды. Онда 2022 жылдың соңына дейін аяқ­талуы тиіс Атырау-Астрахань күре жолының құрылысымен таныс­ты. Пандемия кезінде жол салу жұ­мыстары тоқтамағанымен, жер­гілікті тұрғындардың айтуынша, құрылыс баяу жүруде. Айта кету керек, қазір 277 шақырым жолдың 53 %-дан ас­там бөлігі аяқталған.

– Қазіргі уақытта ел іші қауіпті індеттен зардап шегіп отырғанда жол салу жұмыстарының тоқтамай жүргізілуі көңілге қуаныш ұялатады. Десе де, бұл мәселенің шешілуін халықтың көп жылдан бері күткені, әбден шымбайынан өткені белгілі. Сондықтан да осы маңызы зор жол құрылысының сапалы жүргізіліп, уақтылы аяқталуы басты назарда болады, – деді Нұрлыбек Ожаев.

Сапар барысында депутаттар Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында тұрғындармен жүздесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Ауылдықтар эколо­гия­лық мәселелерді ортаға салып, ұсы­ныс­тарын да жеткізді. Қазір аудан су тапшылығының салдарынан қиын­дық көріп отыр. Өйткені жа­йы­лым мен шабындыққа су шық­­пай, төрт түліктің жағдайы қиын­даған. Одан бөлек, Каспий теңізі дең­гейі­нің төмендеуіне байланысты қалыптасқан қиындықтар да айтылды. Мәжіліс депутаттары аталған мә­се­лелердің оң шешілуіне күш салатындарын жеткізді.

Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Аманғали Бердалин, Ғалымжан Елеуов және Зүлфия Сүлейменова Ақтөбе об­лысының Алға қаласындағы әлеу­меттік тұрғын үйлердің құрылыс ала­ңында құрылысшылармен проб­лемалық мәселелерді талқылады.

Партияның сайлауалды бағдар­ламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына Алға ауданында 2021-2025 жылдары 3 бес қабатты 60 пәтер­лі жалға берілетін коммуналдық тұрғын үйлер салу енгізілген. Қазір олар­дың екеуінің құрылысы қар­қынды жүргізіліп жатыр. Бірінші үй қыркүйек айында салынып бітуге тиіс. 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланған екінші үйдің іргетасы сәуір айында қаланса да, жұмысты жыл соңына дейін аяқтау ұйғарылып отыр. Бұл белгіленген мерзімнен екі жыл ерте.

– Біз үшін партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілген нысандарды салуға мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыны сапалы игеру маңызды. Мердігерлерде 2018 жылы дайындалған сметалық құжаттама бойынша сұрақтар бар. Биылғы көктемнен бастап құры­лыс материалдарының бағасы айтарлықтай өсті. Мысалы, сырттан әкелінетін арматура шамамен екі есе қымбаттады. Nur Otan партиясының өңірлік даму бойынша кеңесінде біз бұл мәселені көтердік. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері жақын арада бұл жағдайдан шығудың жолы табылатынына сендірді, құрылысшыларға көмек көрсетіледі, – деді Аманғали Бердалин.

Ал Мәжіліс депутаты Зүлфия Сүлейменова жетім балалар мен көп­ба­лалы аналардың мәселелерін шешу үшін әлеуметтік тұрғын үй салудың маңыздылығына назар аударды.

– Қазір Мәжілісте талқыланып жатқан бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасында жетім балалар мен өмірлік жағ­­дайларға байланысты ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған ба­ла­­лардың тұрғын үй құқығын қор­ғауға бағытталған нормалар қарас­тырылады. Көпбалалы аналарды өз шаңырағымен қамтамасыз ету де ба­сымдыққа ие. Сондықтан мұндай құрылыстардың маңызы ерекше, – деді Зүлфия Сүлейменова.

Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Алматы облысында халықты жұмыс­пен қамту мәселелері қалай ше­шіліп жатқанына көңіл бөлді. Да­нияр Әлімбаев, Айгүл Құспан, Әлия Әбсеметова, Мақпал Тәж­ма­ғам­бетова, Жанарбек Әшімжанов және Жанна Телпекбаева Ақсу ауда­нын­да­ғы Aksu Kant қант зауытын жа­ңар­ту жұмыстарымен танысты.

Бүгінгі таңда бұл кәсіпорын – елі­міздегі өзінің шикізат базасы бар және қант қызылшасын, бидай, жо­ңышқа өсіретін жалғыз қант зауыты.

Зауыт директоры Самат Нәдір­баевтың айтуынша, кәсіпорын мемлекет пен инвесторлардың қолдауымен жұмыс істейді. Өткен жылы зауыт жемшөп нарығында мүлдем жаңа өнім – сығымдалып, пакеттелген қант қызылшасы сығындысын шығаруды бастаған.

– Зауыттың өндірістік қуатты­лы­ғына шығу үшін біз қосымша суар­малы жерлерді іске қосу есебінен, оның ішінде тамшылатып суаруды енгізу, зауыттың жер учаскелерін озық шаруа қожалықтарына ұзақ­мер­зімді жалға беру арқылы егіс ал­қаптарын ұлғайтуды жоспарлап отыр­мыз. Сондай-ақ құрғақ шикі­затын сатып алу және қайта өңдеу мәселесі пысықталуда, – деді Самат Нәдірбаев.

Мәжілісмендер жергілікті ха­лықты жұмыспен қамту мүм­кіндік­теріне назар аударды.

– Өндірісте жергілікті жастардың осы істі оқып, қосымша машықтар алуы­­на мүмкіндік бар екендігі қуан­тады, – деп атап өтті Айгүл Құспан.

Аудандағы кездесулер барысында Мәжіліс депутаттары бірқатар проблемалық мәселені, соның ішінде Ақсу, Буйен өзендерінің бо­йында су қоймасының жоқтығын, сондай-ақ ирригациялық желілер­ді жүр­гізу қажеттігін талқылады. Сонымен қатар аудандық аурухана үшін ком­пью­­терлік томограф сатып алу мәсе­ле­сі де көтерілді.

Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Гүлдара Нұрымова мен Мейрамбек Төлепберген Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы «Тимофеев» шаруа қожалығының еңбеккерлерімен кездесті.

Шаруа қожалығының басшысы Андрей Тимофеев бірқатар проблемалық мәселені ортаға салды. Соның бірі – ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу. Бүгінде техниканы 17%-бен лизингке алуға болады, оның 10%-ын мемлекет қайтарады. Бірақ мәселе фермерлерге осы 10%-ды алу қиынға соғып отырғанында. Алдымен фермердің өзі барлық 17%-ды төлейді, содан кейін оның өтініші негізінде 10%-ы қайтарылады. Бұл процесс уақыт алатындықтан, фермерлердің жұмысын, әсіресе егін егу кезінде қиындатады. Осындай жағдай жанармай бойынша да байқалады.

Сонымен қатар биылғы құрғақ­шылықтан пайда болған жемшөп тапшылығы оның құнының артуына және өнімнің қымбаттауына әкелетіні жайында сөз қозғалды. Бұған өңірдегі ет бағасының 300-400 теңгеге өсуі айғақ.

Депутаттар шаруалар қойған сұрақтарға жауап беріп, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіліп жат­қанын және мал азығының тап­шы­лығы мәселесі аграрлық сектор­ды дамыту бойынша аймақтық Қоғам­дық кеңесте қаралатынын айтты.