• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 22 Шілде, 2021

Жанашыр басшыны жұрт өзі таңдайды

175 рет
көрсетілді

Ауыл тұрғындары ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлаудан үлкен үміт күтулі. Өздері сайлайтын үміткерлердің ел ішінде көптен қордаланып қалған мәселелерін шешіп, тұрғындардың тілегіне құлақ асатындығына сенімді болып отыр.

Волгодоновка ауылында да ауыл тұрғындары әлденеше рет көтерген, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан өткір мәселелер аз емес. Оның ең бастысы – мал жайылымының тарлығы. Ал ауыл тұрғындары мал сүмесімен күн көріп отыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықты тиімді пайдаланып, «Сыбаға», «Алтын асық» тәрізді бағдарламалар арқылы несие алып, төрт түлікті көбейтуге тұсау болып отырған да осы жайт.

Ауыл әкімін сайлауға байланыс­ты өткізілген жиынға республикалық «Ауыл» партиясы атынан қатысатын үміткер Бегіндік Кабелдинов жергі­лікті жердің мәселесін жақсы біледі. Сон­дықтан өз бағдарламасын халық­тың мұң-мұқтажына орай жасаған сыңайлы.

Ауыл мәселесі егжей-тегжейлі қоз­ғал­ған жиынға «Ауыл» партиясы­ның об­лыстық және аудандық мәс­ли­хаттардағы депутаттары, қоғам бел­сенділері, ауыл тұрғындары қатыс­т­ы. Үміткер Б.Ка­белдиновтің айтуы­на қарағанда, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жайылымдық жер­лерді елді мекен тұрғындарына қай­тарып беру туралы тапсырмасы орындалмаған. Тиімсіз пайдаланып жатқан жер бола тұра, бұл бағытта ұмтылыс жоқ.

Биылғыдай қуаңшылық жылы жайылымдық және шабындық жер аз болуы себепті ел төрт түлік малын азайтып алуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселе таяу арада оңынан ше­шілуге тиісті. Жиынға қатысқан пар­­тия төрағасының орынбасары, С.Сей­­фул­лин атындағы Қазақ агро­тех­ни­ка­лық зерттеу универ­си­тетінің рек­торы Қайрат Айтуғанов малсақ қауым­ның шалғай жерлерді игеруі туралы ұсынысын айтты. Дәл осындай мәселе Ақкөл ауданына қарасты Азат ауылында да туындаған екен. Ол жерде халықтың малын су көздері бар жайлауда бағу үшін тұтынушылар кооперативі ұйымдастырылыпты. Шешен­нің айтуына қарағанда, қиын­дықтан шығар жол­дың бірі осы. Бір айта кетерлігі, аталған жобаға бүгінгі үміткер Б.Ка­бел­­диновтің де тікелей қа­тысы болған екен. Ол – Ақкөл ауданын­дағы 13 ауыл­­д­ың тұрғындарын коопе­ративке бірік­­тіріп,  мал бағу туралы насихат жүргізгендердің бірі.

Жиын барысында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселелері де сөз болды. Бұл да өзекті тақырыптың бірі. Ауыл тұрғындары бал арасын бағу, тауық өсіру тәрізді жұмыстарды атқара алар еді. Зерттеу университетінің білік­ті мамандары бұл бағытта тиімді кеңес беруге дайын.

Ауылдағы өткір мәселенің бірі – жол жайы. Бірнеше жылдан бері биік мінбелерден айтылып келе жатқанымен, шешімін таппаған. Жолдың нашарлығы ауыл тұрғындарының жанына батып отыр. Кейбіреулердің басқа жаққа көшіп кету себебі де осы.

Жиын барысында көпшілікке ортақ тақырып қамтылды. Ол – қайтсек ауылдың ажарын көркейтіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартамыз деген көкейкесті сауал. Айтылған пікір­лерден түйілген ой – ауылға жанашыр басшыны жұрт өзі таңдауға тиісті.

 

Ақмола облысы,

Аршалы ауданы