Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың мәліметінше, өңірде ауыл әкімін сайлау 44 ауылдық округте өткізіледі. Жалпы саны 75 мың тұрғыны бар 130 ауылдық елді мекенде 52 мың сайлаушы бар.
Ауыл әкімі болғысы келетін 168 үміткердің 35-і – Nur Otan партиясынан, 4-уі – «Ауыл» партиясынан, 8-і – «Ақ жол», 3-уі – АDAL партиясынан ұсынылған, ал өзін өзі ұсынғандар саны – 109. Олардың ішінде мұғалімдер, инженерлер, экономистер және ауыл шаруашылығы мамандары бар. Кандидаттардың 118-і – әйелдер, яғни ер-азаматтардан екі еседен аса көп. Гендерлік теңдік қызуа ма, әйтеуір, қыз-келіншектеріміз әкім болуға асығулы.
Гүлнар Аманжолованың айтуынша, өтініш берген 168 үміткердің 142-сі тіркеуден өткен. Ал қалғандары сайлауға жіберілмеген, себебі 18 адам әкім лауазымына кандидатқа қойылатын біліктілік талаптарына сай келмеген болса, 2 үміткердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол бергендігі анықталған, тағы бір үміткер зейнеткер екен.
Мәселен, Аққулы ауданы аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға қатысқысы келген үміткерлердің бірі кіріс бөліміне мерзімі өтіп кеткен құжаттар тапсырған. Сондай-ақ Павлодар облысындағы ауыл әкімі атануға үміткердің бірі – Нұр-Сұлтан қаласының, екіншісі Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары болып шыққан.
«Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Алма Қозбаеваның айтуынша, мониторинг жүргізуге өңірде 400-ден астам байқаушы дайындалған. Олар 126 сайлау учаскесінде тиісті бақылау іс-шараларын жүзеге асырады.
Бұған дейін ауыл тұрғындары: «Біз осы ауыл әкімін неге өзіміз сайламаймыз? Мына әкім не бітіріп жүр, өзі қалада тұрады. Көлікпен келіп-кетіп жұмыс істейтін адам дұрыс әкім бола ала ма?», деген сұрақ қойып жатушы еді. Енді, міне, Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес ауыл тұрғындарының жергілікті әкімдерді өздері сайлап, ауылдық аумақтарды дамытуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысуын кеңейтуге қолайлы мүмкіндік берілді.
Облыстағы ауылдық елді мекен тұрғындарының саны азайып, 223 мыңдай адам қалғанын ескерсек, әсіресе шалғайдағы ауылдарға жанашыр да іскер әкімдер керек. Су мен жол жоқ, мектебі мен үйлері тозған ауылдардың әбден қажыған тұрғындары әділ сайлау өткізіп, өз басшысын өздері сайлауға ықыласты.
Қазір кей аудан әкімдері су құбырларын тарттық, үйлеріне дейін жеткіздік деп есеп беріп жатады. Ал іс жүзінде жағдай басқаша болып шығады. Мысалы, құбыр тартылып, таза ауыз су келді деген Қожамжар ауылында іссапарда болғанымызда келген су ішуге жарамайтын болғандықтан, бөтелкеге құйылған суды сатып әкеп, шай ішкеніміз бар. Мұндай келеңсіз жайлар аз емес.
Ауыл халқы қазір оянған. Жайлы орынтаққа жайғасқан туысынан пайда болмаса, оның еркелігін көтере алмайды. Айталық, Майқайың кентінің тұрғындарымен тіл табыса алмаған әкім жұртшылық талабымен орнын босатқан. Қазір жергілікті тұрғындар өздері қолдаған жас әкім Ербатыр Молдатаевпен бірлесе жұмыс істеуде.
Бұған дейін біздің өңірде кейбір бұрынғы басшылар, аудан әкімдері ауылға жете мән бермей келді. Мысалы, күмбездері жарқыраған кесенелері, қыруар қаржы жұмсап ашылған музейлері бар шалғай ауылдар аз емес. Алайда сол ауылдарда не су жоқ, не жол жоқ. Әлеуметтік жағдайлары төмен. Мектептері әбден тозған. Осындай ауылдардың кейбір әкімдері болып жоғары тұрған әкімдердің туыстары тағайындалып келгендігі жасырын емес. Мысалы, бір ауылдың әкімі болып жоғары жақта отырған «дөкейдің» табын-табын жылқысына бас-көз болатын жақын адамы тағайындалған. Бұл жағдайды бүкіл ауыл біледі. Іссапарға барғанымызда тұрғындар: «Неге бұлай? Әкімді өзіміз сайласақ қалай болады?» деп ішкі реніштерін білдіргені есімізде.
«Серік Үмбетов Жамбыл облысының жаңа әкімі болып келгенде, ең алдымен Қарахан күмбезіне барып, дұға оқытты. Содан кейін Мыңбұлақтағы Бауыржан Момышұлының музейіне барып, тағзым етті.
Ауыл әкімі:
– Мен Бауыржанның туысымын, – деп таныстырды өзін. Сонда:
– Туысы болсаң, мына музейдің төбесінен неге тамшы ағып тұр? Айналасы неге лас? – деді облыс әкімі.
«Бір кем дүние», деп жазған еді марқұм Шерхан ағамыз «Ақымаққа – шапалақ» деген жазбасында. Сол сияқты жаңадан сайланатын әкімдер «Ақымаққа – шапалақ» дегізбей, ауылға жанашыр болса екен дейсің. Ауылдан жұрт кетсе, қазақтың жері мен малына кім ие болмақ?
Ауыл әкімін сайлау ауыл тұрғындарының белсенділігі мен сана-сезімінің артуына ықпал етеді. Әрбір сайлаушы осы саяси науқанға қатысу арқылы өз ауылының болашағына әсерін тигізе алатынын түсінуі керек.
Өңірдегі ауылдарға жиі барып жүргендіктен, көп ауыл әкімін жақсы білеміз. Бірақ сана-сезімі сергек, көкірегі ояу, құлағы түрік, ауыл шаруасын дөңгелетіп жүрген пысық әкімдерді көргеніміз өте сирек.
...Бір ауылға барғанымда ауыл әкімі хатшы қызға:
– Айгүл, «Қазақстан егемені» деген газеттен тілші келді. Ауылдың әлеуметтік төлқұжатын сұрайды, мынау орысша екен, қазақшасын тауып берші бұл кісіге, – дегені бар. Ал енді халық тікелей сайлайтын ауыл әкімдері тым болмаса еліміздің бас басылымының атауын дұрыс айта алатын азаматтар болса екен деген тілегіміз бар.
Павлодар облысы